Жаңа жылдан — жаңа жәрдемақы

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап облысымыздағы 8 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алатын болады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының мәлімдеуінше, 4 немесе одан көпбаласы бар 8 258 отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер болады.


Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап, Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да көбеюі мүмкін.
Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу – Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде (бұдан әрі – АӘК) көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі. Таяуда министрлік тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отыр.
Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді.
Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.
Айта кетерлігі, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осы жәрдемақы түрін алатын облысымыздағы көпбалалы аналар саны 11 412 адамды құрайды. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.
«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді» – деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
АӘК – табысы аз отбасыларға, соның ішінде, көпбалалы отбасыларға төленеді. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.
Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

Гүлбағила ШАМҒЫНОВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы.