Жаңа жәдігерлер шақырады
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында қорға биыл алынған жәдігерлер қойылған «Жаңа экспонаттар – 2024» көрмесі ашылды. Жаңа жәдігерлер қатарында қазақ халқының өткен өмірі мен тұрмыс-тіршілігі, тағдыры, болмысы бейнеленген бірегей картиналар бар. Сонымен қатар, қаланың шетінде кездейсоқ табылған белгісіз қарағандылық суретшінің бұрын еш жерде қойылмаған туындылары да тұр.
Биыл мұражай қоры 117 өнер туындысымен толықтырылған. Оның 72-сі – кескіндеме және графикалық кенептер, мүсіндер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары. Қазір олар негізгі қорға кірген. Тағы 45-і – плакат, буклет, газет қиындылары мен фотосуреттер мұражайдың ғылыми-көмекші қорына түсті.
Аталған экспонаттардың барлығы мұражай қорына тегін берілді. Олардың кейбіреулері көрмелер мен түрлі іс-шаралардан кейін сыйға тартылса, келесі бір бөлігін мұражайға қарағандылық суретшілердің туыстары әкелген. Одан бөлек, мұражай қоры шетелдік шеберлердің жұмыстарымен де толықтырылды.
– Мұражайымыздың жанашыр досы Валентин Даниленко бізге пошта арқылы Балтық суретшілерінің графикалық және кескіндемелік суреттерін жіберді. Бізде барлығы 19 автор еді. Енді, 20 автор болды. Валентин мұражайымызға 47 жұмысты өткізді. Бұл суретшілердің бәрі тірі, әртүрлі техникада жұмыс істейді. Атап айтсақ, заманауи техникада. Солардың бірі Виталий Ермолаев – өз техникасының жарық кескіндемесін ойлап тапқан суретші, – деп атап өтті облыстық бейнелеу өнері мұражайының бас сақтаушысы Дәмелі Данкеева.
Сонымен қатар, өнерге жаны құмар қала тұрғындары қарағандылық суретші Владимир Беличенконың жұмыстарымен де таныса алады.
– Өкінішке қарай, Владимир Беличенко – өмірден ерте өткен талант. Ол туралы көп айтылмайды. Қылқалам шебері 1950 жылы туған. Харьков өнер мектебінің түлегі. Бұл деректерді суретшінің туыстарынан сұрап білдік. Оның өмірі туралы басқа мәлімет жоқтың қасы. Шебер суретшінің туындылары Майқұдықтағы қоқыс алаңдардың бірінен табылды. Бағымызға орай, №61 мектептің оқытушысы өтіп бара жатып, картинаны байқап, мектепке алып келген. Аталған мектеп әкімшілігінің рұқсатымен жұмыстар мұражай қорына өткізілді, – дейді Дәмелі Данкеева.
Бұдан бөлек, көрмеге ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Мыңғыш Әбілқасовтың триптихі де қойылды. 1930 жылдардағы аштық тақырыбын бейнелейтін картиналарды туыстары мұражай қорына суретшінің мемориалдық көрмесін өткізгеннен кейін тапсырыпты.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz