Қазақстанда 14 ауруды емдеуге арналған 22 жаңа дәрі қосылды
Қазақстанда амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесі 22 жаңа препаратпен толықты. Олар 14 түрлі ауруды емдеуге арналған. Сонымен қатар дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру және оны медициналық ұйымдар арасында бөлу тәртібі жетілдірілді,деп хабарлайды Ortalyq.kz Kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бастап амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету қажеттілігі әр пациенттің жеке деректері мен дәрігер тағайындаған емге сәйкес есептеледі. Бұл жүйе дәрі-дәрмекке сұранысты нақтылауға мүмкіндік береді.
Жаңадан анықталған науқастарды қажетті препараттармен қамтамасыз ету және емдеу барысындағы үзілістердің алдын алу үшін дәрі-дәрмектің азайтылмайтын қоры да ұлғайтылды. Қазір ол сатып алынатын препараттардың жылдық жалпы көлемінің 35 пайызына дейін жетеді.
Бұдан бөлек, дәрілік препараттарды өңірлер мен медициналық ұйымдар арасында жедел қайта бөлу тетігі қарастырылған.
Жалпы, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету аясында 76 ауру бойынша 2,1 миллион пациентке шамамен 245 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі беріледі.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



