Жаңа нысандар іске қосылды
Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ жұмыс бабындағы сапармен Бұқар жырау ауданында болып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Конституция күні қарсаңында қолданысқа берілген «Қарағанды бекіре» («Караганда осетр») ЖШС балық шаруашылығының ашылу рәсіміне қатысты.
Облыс әкіміне жобаның мақсаттары мен артықшылықтары туралы шаруашылық директоры Дмитрий Абильдин әңгімелеп берді. Бекіре шаруашылығының құрылыс жұмыстары барлық тиісті алғышарттарды сақтай отырып, 2013 жылдың көктемінде басталған. Содан бергі кезеңде болашақтағы бекіре шаруашылығына негізді параметрлерді ескере отырып, жер телімі мұқият таңдалынып алынды. Оның барысында артезиан суының сапалы болуы мен сатып алушыларға ыңғайлы жағдай тудыру үшін қаладан аса алшақ орналаспауы назарға алынды. Құрылыс жұмыстарының шарттылықтарға сәйкес, жоғары сапада салынуына көңіл бөлінді.
Еуропалық компаниялардан сатылып алынған технологиялық желі 100 пайыздық автоматтандырылған компьютерлік басқару тетігімен жабдықталған. Кешенді қондырғы құрамында балық өсіретін бассейндер, тереңнен тазалау және суды ауамен байыту жүйесі, су айдау станциясы топтары, желдеткіш камералары, алынған өнімді ыстау, өңдеу және орау цехтары бар.
Жобаның басты бағыты – балықтың бағалы түрін өсіру, өнім өндіру және тұтынушыға ұсыну, бекіретектес балықтар түрлері өнімінің өнімділігін жылына 45 тоннаға дейін жеткізу. Жоба «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған.
Бұдан тысқары, аймақ басшысы құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүргізіліп, пайдалануға берілген селолық дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысты.
Осы ретте Бұқар жырау ауданында жыл басынан бері аталған бағдарлама бойынша Доскей, Баймырза және Петровка ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар салынып, ел игілігіне берілгенін атап өткен жөн. Алдағы уақытта жаңа амбулаторияның ашылуын Көкпекті ауылының тұрғындары күтіп отыр.
Сапар барысында Нұрмұхамбет Қанапияұлы аудан әкімі Нұркен Қобжановпен бірге Үштөбе ауылындағы жартылай шикізат өндіруге машықтанған «Қарағанды нан компаниясы» ЖШС мен қоңды балапан етін өңдеп, тауық етін өндіретін «Возрождение ХХІ век» ЖШС құс фабрикасының тыныс-тіршілігімен танысты.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.