Таза қалаға жауапкершілік кімде?
Аймақтағы «Таза Қазақстан» акциясы әдепкі сенбіліктермен әсте шектелмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында өркениет жолындағы республиканың саналы өміріндегі әр маңызды сауал қадағалдауда болатынын назардан тыс қалдырмады. «Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды», – деді Президент.

Жолдау жолдарына үңілгенімізде, әдепкі тазалық ұғымы әлдебір мекенді құр «көгалдандыру науқанынан» мемлекеттік міндетке көтерілгенін бірден аңғарамыз.
– Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап, – деп нақтылады Мемлекет басшысы.
Демек, қауіпсіз, жайлы, көрікті қала – «Таза Қазақстанға» сай мемлекеттік міндет. Өңірде серіктес шаһарлар мен ірі өндіріс бір географиялық нүктеде тоғысып тұр. Өз кезегінде облыс орталығы қоғамдық кеңістіктің сапасын сатылап көтереді. Теміртау, Балқаш, Саран өндіріс маңындағы тұрмысты ретке келтіріп келеді. Аталу қағидат мұнда да өмір сүру сапасының шарты деп қабылданады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жолдауды іске асырудың бірыңғай жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жоспарда әр міндеттің мерзімі, нәтижесі және жауапты тұлғасы нақты белгіленді. Басымдықтардың ішінде елдімекендерді абаттандыру мәселесі айқындалды. Таза қала осы тізімнің тысында қалмайды. Мұнтаздай аула, жарық көше, мәдениетті өлшемдегі контейнер алаңы, күтімдегі жасыл желек дерлік бақыланады.
– «Таза Қазақстан» – бір реттік акция емес. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз, айналамыздағы тазалық пен тәртіпке деген жауапкершілігіміз. Әсіресе, аулалардың, жаяу жүргіншілер жолдарының, саябақтар мен гүлзарлардың тазалығы әрдайым маңызға ие. Абат өңір барлығымыз бірігіп тазалық тәртібін сақтаған жағдайда ғана қамтамасыз етіледі, – деп аймақ басшысының үндеу жасағаны бұқара жұртшылықтың есінде.
Заңнамалық негіз де бар. 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы облыста бесжылдық жоспармен іске асады. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың мәлімдеуінше, мұндағы бағыттар нақты сипат алған. Экологиялық тәртіп бұзушылықты тіркейтін камераны көбейту, суару жүйесі мен су үнемдейтін технология, су шығынын есепке алу, велоинфрақұрылым және электромобильге арналған зарядтау стансасы, қоғамдық орындағы экобокс пен фандомат арқылы бөлек жинау мәдениетінің әсте-әсте қалыптанатынын тілге тиек етті спикер.
Облыс орталығының биылғы көгалдандыру жоспары ауқымды. Қалада 25 мыңнан астам ағаш егілген. Акцияға биыл 45 мыңға жуық адам қатысса, соның 5 мыңнан астамы – қарағандылық болғанын ескере кетеміз. Этнобақ аумағына 1,5 мың қарағай, қайың және терек егілді. Әуежайға апаратын жолдың айқындауыш жолағы абаттандырылып, жиектас қойылды. Тұрақ аймақтары кеңейтіліп, көшелердегі жарық жүйесі жаңғыртылды. 1,2 миллионнан астам ағаш пен бұта цифрланған. 328 мектепте «жасыл қор» бар. Жасыл желек ендігіде ұмытыла салмайды. Алқап иесі, күтімі бақыланады.
Теміртауда 11,4 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды, ұзындығы 2,93 шақырым Металлургтер даңғылына күрделі жөндеу жалғасты. «Таза Қазақстан» ақпараттық жүйесіне келіп түскен 101 өтініштің бәрі мерзімінде орындалды. Барлық өңірде тал егілген жерге тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған. Бұл – су үнемдеу талабының корпоративтік нұсқасы. Облыс қалалары мен аудандарында абаттандыру қағидасын бұзуды тіркейтін 520 бейнекамера орнатылды. Полиция мен экология өкілдеріне заңсыз үйіндіні анықтап, жауапкершілікке тартуды күшейту тапсырылды. Күзгі санитарлық айлықта өңірден 20 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында облыста 40 мыңға жуық абаттандыру қағидасын бұзу дерегі анықталған. Талапты елемеген 500-ге жуық тұрғын және 800-ге жуық кәсіпкерлік нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жергілікті атқарушы органмен бірге 200-ден астам заңсыз қоқыс орны жойылып, 120-ға жуық көлік айыппұл тұрағына қойылған. Жиі кездесетін әдет қатарында ескі жиһаз, есік, сантехника мен тұрмыстық техниканы контейнердің қасына тастау да бар.
Қауіпсіз, жайлы, көрікті қала – басымдық және мемлекеттік міндет. Елде 2024 жылы 5 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтың 1,2 миллион тоннасы, яғни 25,8 пайызы сұрыпталып, қайта өңделген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллион тоннаға, 30,6 пайызға жеткен. Үкімет Қарағандыны да қоса алғанда бірқатар қалада қалдықты кәдеге жарату зауытын пысықтап жатыр. Индустриялық өңір үшін бұл – үйіндіні азайтудың келесі технологиялық қадамы.
Әсілі, адам баласы өзі өмір сүретін ортаның келбетінен өз болмысын да көре білері һақ. Кеше егілген көшеттің ертең саялы ортаға айналуы, бүгін тазартылған көшенің келер ұрпаққа көрікті мекен болып қалуы – уақытпен өлшенетін құнтты құбылыс. Табиғатқа да, жамиғатқа да жасалған әрбір жақсылықтың ұшан-теңіз қайтарымы бар. Тек сол бір жұтым жақсылықты бір күндік науқанның еншісінде қалдырмай, күнделікті дағдыға айналдыру парасатты сананың, биік мәдениеттің жұрнағы дейміз бір ауыз сөзбен.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq Qazaqstan



