Бас тақырыпОблыс әкімі

Жұртшылықты жарылқаған жәрмеңке

Сенбі күні қала тұрғындары «Шахтер» стадионына қарай ағылды. «Ауыл Береке – 2019» күзгі ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде қала тұрғындары арзан бағада ұсынылған өнімдерге қарық болды. Жәрмеңке өтетін көшенің өзінде көлік аялдайтын орын жоқ. Қап арқалағандар да, арба сүйреткендер де – мәз-мейрам. Саудагерлерден бөлек, арбакештердің саудасының қызғанын да айта кеткен жөн. Қалай десек те, ел несібесінің еселенгені байқалды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров арнайы қатысып, ұйымдастырушылардың еңбегіне жеміс тіледі.

Жәрмеңкеде облыс аумағындағы 9 аудан, 80 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер кәсіпкері және 50-ге жуық жеке кәсіпкер 144 түрлі тауар ұсынды. Жалпы, түсетін табыс 184 миллион теңгеге жоспарланған. Оның ішінде, 85 тонна ет, 200 тонна картоп, 150 тонна көкөніс, 22 тонна сүт өнімдері мен 8 тонна балық және 500 тоннаға жуық өзге де тауарлар сөреге қойылды.

Бүгінгі жәрмеңкенің саудасын қыздырған – мал еті. Қала тұрғындарының дені соғымға осы уақытта қамданады екен. Нұрадан келген кәсіпкер 2 сағат ішінде 10 жабағысының 7-еуін саудалап үлгерген. Негізгі жылқы етінің бағасы – 1800 теңге. Бағасын келістіріп, келген тұтынушылардың көңілінен шыққан.

– Қала тұрғыны Береке ағамыз да 25 келі сиыр етін алыпты. «Дүкенге барсаң – баға шарықтап тұр. Мен алған сиыр етінің бағасы – 20002200 теңге. Ал, бүгінгі жәрмеңкедегі баға 1400 теңге. Мен етін сатып алған бұқар жыраулық фермер 1300-ден бағалады. Енді салыстыр, өзің. Қанша пайызға тиімді екенін, – дейді қала тұрғыны. Ағамыз туғантуыстарына хабарласып, жәрмеңкеге келулерін айтып жатты.

«Жәрмеңкеге ауданымыздағы шаруа қожалықтарының өнімдерін әкелдік. Төмен бағамен 4 тонна қара мал етін, 2 тонна жылқы етін, 1 тонна қой және 1 тонна шошқа етін ұсынып отырмыз. Көкөністерден жылыжай қызанағы бар. Жәрмеңкеге жиылған жұрттың қарасы қалың» – дейді Нұра аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Марлен Оспанов.

Жәрмеңкеде Шет ауданының да үлесі мол. Жалпы түскен қаражаттың 20 млн. 287 мың теңгесін осы өңірдің өнімі құрайды. Сөреге сиыр, жылқы, қой еттерін және сүт өнімдері, оның ішінде сүзбе, ірімшік, сары май, қаймақ қойылды.

 Балықтарды да жұрт таласа алып жатты.

«Шортан, табан балық, жайын, сазан және тағы басқа балық түрлерін әкелдік. Орташа бағасы 350 теңге мен 800 теңге аралығында. Жаңаарқаға 30 шақырым жердегі Ақтас су қоймасынан 500 келіге жуық балықты саудалап жатырмыз» – дейді жаңаарқалық кәсіпкер Серік Тайтөлеуов.

Жеке кәсіпкердің балық шаруашылығымен айналысқанына біраз жыл. Жаңа ауланған балықты тазалаудан бастап көптеген қызмет түрлерін атқаратын тиісті цехтары да бар екен.

Ал, көкөністерден картопты – 60 теңгеге, сәбізді – 55 теңгеге, қырыққабатты 70 теңгеге алуға болады. Баға – тұрғындар үшін өте тиімді. Алдыңғы ұйымдастырылған жәрмеңкеде 350 тоннаға жуық картоп әкелінген. Осы жолы 200 тоннасын сауда сөресіне қойды. Тіпті, арасында бағаны 50 теңгеге түсіріп, саудалап жатқандарды да кезіктірдік.

 Не десек те, қаладағы жұртшылық үшін бұл да бір мереке іспетті. Осылайша, тұрғындар қысқа тағы бір қамданып алды, ұйымдастырушыларға дән риза болып тарқасып жатты.

Жұртшылықты жарылқайтын келесі жәрмеңке 1 желтоқсанда өтпекші. Толық ақпаратты алдағы уақытта жариялаймыз.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button