Жұмыс сапасы бақылауда болады
Аулалардың абаттандырылу жобасының жай-жапсарымен танысу үшін аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Октябрь ауданында болды. Аудан әкімі Ержан ТЕМІРХАНОВ жүзеге асырылған жобаның барысы туралы әңгімеледі. Балаларға арналған ойын алаңдарының талапқа һәм қауіпсіз болуын міндетке алған жоба аудандағы бірқатар аулаларға көрік бермек.
Металлистер көшесі №28,30,36,38,40 үйлерге қарасты аулаларды абаттандырушы «Жібек жолы LTD» ЖШС көрінеді. Келісім-шарттың жалпы сомасы – 37,2 млн.теңге көлемінде. Мәреге жеткізудің жоспарланған мерзімі – биылғы жылдың қарашасы екен. Бүгінгі таңда аулаларға жарық беру бағаналары орнатылып, асфальтты-бетонды жабындар төселген. Жиектастар мен жаяу жүргіншілер жолы да жөндеу көруде. Сонымен қатар, жобада балалардың бос уақытында ойнайтын баскетбол алаңы да бар. Аулада орындықтар да, қоқысқа арналған жәшіктер де ұмыт қалмайды. Жаттығу құрал-жабдықтары да болады. Жалпы, абаттандырумен бірге, көгалдандыру да қатар жүргізілуде.
Аулаларды аралап көрген билік өкілдері жобаның бақылауда болатынын жеткізді. Сондықтан, мердігерлерге жобаны мерзімінде аяқтау жүктелді. Ал, атқарылған жұмыстың талапқа сай болуы жіті қадағаланбақ.
Өз тілшімізден.