Ұлытау

Жүйелі жоспар – нақты нәтиже

Елбасының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауының өзегінде адам және адамның тұрмыс сапасын арттыру жайы тұр. Біздің көңілімізге жылдың басты құжатында ел тұрғындарының әл-ауқатын одан әрі арттыра түсуге айрықша ден қойылғаны аса қонымды болды. Айтылған сөздің нақты сандармен, дәйекті деректермен қоса-қабат өрілуі, алға қойылған міндеттердің іске асырылу жолдарының тәсілдері мен тетіктерінің атап көрсетілуі – келер күндердің кемел болуының айғағы. Мұның бәрі, түптеп келгенде, қалың бұқараның күнделікті тыныс-тіршілігін барынша жеңілдетуге септігін тигізері сөзсіз.

Жолдауды жариялау сәтінде Президент әр салаға жауапты жоғары лауазымды тұлғалармен арадағы ашық әңгімеге ықыласты болды. Әңгіме желісін барша қазақстандықтар теледидар арқылы тамашалау әрі бағамдау мүмкіндігін иеленді. Оның барысында мемлекет қаржысын тиімді жұмсауға машықтану жайына назар аударылып, істі ілгері бастыру тетіктерінің жайбасар күйге ену себептері екшелді. Дәл сол сәтте Мемлекет басшысының иығындағы жауапкершілік жүгі мен қызметінің шынайы болмыс-бітімі айқын көрініс берді. Бейнелеп айтсақ, атқарылған істі таразыға тарту, артық пен кемнің аражігін ажырату, нақты нәтижелерді талдап, талқылау тәсілі арқылы алдағы бағдарды белгілеу, одан туындайтын міндеттерді жіктеу, жұмысты жедел ұйымдастыру шарттылықтарын нұсқау талаптары орынды көтерілді. Ең бастысы, осының бәрі жадағайлықтан мейлінше ада қалыпта, шынайы тұрғыда өткерілуі. Демек, сөз бен іс жымдаса қабысады, көздеген межеге сөзсіз қол жеткізіледі, алға қойылған биік мақсаттар оңтайлы шешімін табады.

Қарапайым халық елдің өркендеуі жолындағы кедергілердің сенімді түрде еңсеріліп келе жатқанын байқап отыр. Бұл ретте Ұлт көшбасшысының барлық әлеуметтік бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың іркіліссіз ілгері басуына қатысты мызғымас саясаты өте маңызды. Жолдауда білім беру және денсаулық саласын дамытуға бағытталатын қаражаттың нақты көлемі атап көрсетілді. Бұл – аса қомақты қаржы. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, қоғам үшін маңызы зор салаларда жылдар бойы қордаланған өзекті мәселелерге пәрменді қозғау салынып, даму үдерінің оң сипатта өркен жаюына күмән келтіруге болмайды.

Табалдырықтан аттайтын жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы да мерейімізді өсіргенін айта кеткен жөн. Себебі, кез келген елдің ертеңінің кепілі – жас буын өкілдері. Жоғары оқу орындарының жұмыс нәтижесі олардан диплом алған жас мамандардың қызметке орналасу деңгейімен бағалануы қажеттілігі туралы айтқан Елбасы сөзі көңілге қуаныш ұялатты.

Елдегі ең өзекті жайттың бірі – баспана мәселесі. Мемлекет басшысы мұны да назардан тыс қалдырмады. Халықтың, оның ішінде, жас отбасылардың басты қажеттілігі – баспана алу жайы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында түбегейлі шешімін табуы тиіс. Осыны ескерген Елбасының пәтер алу кезіндегі алғашқы салымды қандай да бір жолмен субсидиялау туралы аймақ басшыларына ой салуы дер кезінде қозғалған әлеуметтік мазмұндағы көкейкесті мәселе деп бағамдауға тиістіміз. Солай дей тұра, масылдық көңіл күйдің болмауы, «Алма піс, аузыма түс!» ұстанымынан алшақ болу жайы да тілге тиек етілді. Адамға тиесілі иігіліктің бәрі де талпыныспен, адал еңбекпен келуі – басты шарттылық.

Қорыта келгенде Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы қалың елдің сеніміне серпін бере түсті.

Мақсат – айқын, оған жету жоспары – жүйелі. Ал, жүйелі жоспар – нақты нәтижелердің іргетасы.

Гүлмира РЫСПАЕВА,

Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button