Өзгеше өнер шеберлері
«Қарағанды Жарық» ЖШС «Жаз энергиясы – 2017» граффити байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады. Суретшілер туындыларын «EXPO-2017» Халықаралық көрмесіне, сондай-ақ, кеншілер қаласына арнады.
Биылғы байқауға еліміздің қалалары мен Ресей елінен 50 өтініш келіп түсті. Суретшілер бір ай аралығында қала бойынша 27 трансформаторлы шағын станцияға сурет салды. Гран-при иегері атанған Павлодар қаласынан келген 39 жастағы Владимир Зубко – облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Байқау шеңберінде Владимир «Адамдар нанотехнологиялардың көмегімен күннен қуат алып, оны жерге береді» идеясын өз жұмысының бірінде талқылай білді.
Байқауда Ярослав Александров пен Руслан Қасымов құрамына кіретін «Кряк» командасы І орынды жеңіп алды. Олар өз жұмыстарын қарағандылық кеншілерге арнапты. ІІ жүлделі орынды – Павлодар қаласының тумасы Василий Вдовин, ІІІ орынды – екі қабырғаға кенші мен бала бейнесін салған «33 crew» командасы иеленді. «Қарағанды Жарық» ЖШС Бас директоры Н.Имановтың арнайы жүлдесіне «MyStyle» командасы мен Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласынан келген Рустам Валишин ие болды.
Жалпы, граффитистер өздерінің жұмыстары арқылы граффити тілі көптеген адамдар үшін түсінікті өнер туындысы болғанын байқатты. Барлық қатысушылар Қарағанды қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар мен граффити салуға арналған бояулар табысталды.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.