Қарағандыда 13 жастағы оқушы суға батып бара жатқан баланы құтқарды
Қарағанды облысында 13 жастағы Нұралы Әлхан суға батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалды. Оқиға Семізбұға көлінде болған.

Тамыз айында көлде қатты жел соғып, су бетінде жүзіп жүрген үрлемелі матрас аударылған. Оның үстіндегі төрт жасар бала суға құлап кеткен. Жағалауда жүрген Нұралы жағдайды көріп, бірден балаға қарай жүзіп барып, оны судан алып шыққан.
Жасөспірімнің батылдығын алдымен полиция қызметкерлері атап өтіп, оған Ішкі істер министрлігінің символикасы бейнеленген қолсағат табыстады. Ал Нұралының анасына Алғыс хат берілді.

Кейін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті де жасөспірімді марапаттады. Нұралыға «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі мен естелік сыйлық табысталды.
Марапаттау рәсімінде облыстық ТЖД бастығы, генерал-майор Марғұлан Аманбаев оқушыға алғыс білдіріп, оның әрекетін азаматтық ерліктің үлгісі деп бағалады.
– Сенің бұл әрекетің – шынайы ерліктің үлгісі. Мұндай батылдық пен жанашырлық қатарластарыңа өнеге болуы тиіс, – деді Марғұлан Аманбаев.
Нұралы – көпбалалы отбасындағы алты баланың үлкені. Оның айтуынша, оқиға кезінде өз қауіпсіздігі туралы ойламаған. Ең бастысы, суға батып бара жатқан баланы құтқару болған.

– Шынымды айтсам, қорыққан жоқпын. Сол сәтте тек баланың өмірін ойладым. Менің де інілерім бар. Оны інілерімнің бірінің орнында елестеттім. Сондықтан оған қарай жүзіп барып, құтқаруды шештім, – деді Нұралы Әлхан.
Жасөспірімнің ерлігі әлеуметтік желілерде де кеңінен тарап, көпшіліктің қолдауына ие болды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



