Ботақарада сырлы ән мен сазды кеш өтті
Сүмбіле туып, күздің алғашқы лебі сезіле бастаған тамыз – көңілді әлдебір сырлы сезімге бөлейтін ай. Салқын кеште жанға жылу сыйлаған әсем ән де адам жадында ұзақ сақталады. Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде өткен Әділхан Төлегеновтің акустикалық кеші көпшілікке осындай әсер сыйлады.

Сазды бағдарлама саябақ сахнасының жанындағы Жастар алаңында ұйымдастырылды. Көрермен қарасы тым қалың болмағанымен, әнге елітіп, кеш иесіне ықылас білдірген жастар аз емес. Ән қоржыны лирикалық туындыларға бай Әділхан алты ішекті гитарасын қолға алып, жиырмадан астам ән шырқады.
– Ән – көңілдің емі. Мен де жастайымнан әнге құмартып өстім. Домбыра мен гитарада ән айтумен қатар, ұлттық спортымыздың дамуына да шама-шарқымша үлес қосқым келеді. Тоғызқұмалақтан мектеп оқушыларына сабақ беріп, олардың есеп-қисапқа жүйріктігін, ойлау қабілеті мен алғырлығын шыңдауға атсалысып жүрмін. Ал, бүгінгі сырлы кешті өткізуге қолдау білдірген дос-жарандарыма риясыз алғысымды айтамын, – деді Әділхан Төлегенов.
Жастар алаңында тыңдарман талғамына сай түрлі ән әуеледі. Кеш барысында көрермендер де өздері сүйіп тыңдайтын шығармаларды орындауға қолқа салып, әнші олардың өтінішін жерде қалдырмады.
Әділханның өнердегі досы, жас әнші Ақжан Шыныбек те бірнеше ән орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әділханның айтуынша, бұл бір кешпен шектелетін бастама емес. Алдағы уақытта осындай акустикалық бағдарламаны өзге аудандарда ұйымдастырып, мүмкіндік туып жатса, Қарағанды қаласының саябақтарында да өткізу ойда бар.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



