Балқаш қаласында білім саласының үздіктері марапатталды
Жаңа оқу жылының қарсаңында ұстаздар қауымын бір арнаға тоғыстыратын дәстүрлі тамыз кеңесі Балқаш қаласында жоғары деңгейде өтті. Білім беру саласының ардагерлері, ардақты ұстаздар, жас мамандар мен салаға жауапты азаматтар бас қосқан кәсіби жиында өткен оқу жылының нәтижелері сараланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері мен басым бағыттары айқындалды. Биылғы тамыз кеңесі «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды.

Кеңес Әнұранның орындалуымен ашылды. Дәстүрлі шарада сөз алғандар білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен педагог мәртебесін арттыру, адами капиталды дамыту, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселелеріне тоқталды. Алқалы жиында Балқаш қаласының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шынаргүл Алишева баяндама жасап, қалалық білім беру жүйесінің қазіргі ахуалына, қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.
– Балқаш қаласында 2026–2027 оқу жылына арналған тамыз кеңесінде білім беру саласының негізгі міндеттері мен алдағы оқу жылындағы басым бағыттар айқындалды. Жаңа оқу жылында оқу бағдарламалары жаңартылып, жасанды интеллект, цифрлық сауаттылық, құқықтық сауаттылық, Конституция негіздері, жеке қауіпсіздік және «Заң және тәртіп» бағыттары бойынша жаңа курстар енгізіледі. Қаладағы 16 мектепте 11 795 оқушы білім алып, білім сапасы соңғы үш жылда тұрақты өсіп, 2025–2026 оқу жылында 53,08 пайызды құрады. Оқушылардың ҰБТ нәтижесі жақсарып, балқаштық түлектер 152 білім грантын иеленсе, дарынды оқушылар халықаралық және республикалық байқауларда 113 медальға қол жеткізді. Алдағы кезеңде мектепке дейінгі және орта білім сапасын арттыру, педагог тапшылығын азайту, инклюзивті ортаны дамыту, қауіпсіздікті күшейту, кітап оқу мәдениеті мен STEM бағыттарын ілгерілету басты назарда болады. Жаңа оқу жылының негізгі мақсаты – қол жеткізілген нәтижелерді сапаны басқарудың біртұтас жүйесіне біріктіріп, әр оқушыға сапалы білім мен қолайлы орта қалыптастыру, – деді Шынаргүл Алишева.
Баяндамадан кейін білім саласына енді ғана қадам басқан жас мамандардың таныстырылымы өтіп, олардың жаңа оқу жылына деген жігері мен кәсіби ұстанымы көпшілікке ұсынылды.

Жиын барысында Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлының құттықтау сөзі тыңдалып, білім саласының үздік өкілдеріне марапаттар табысталды.
– Бүгінгі басқосуымыздың өзегі – білім сапасы, жас ұрпақтың тәрбиесі және адами капиталды дамыту. Бұл – ел болашағын айқындайтын аса маңызды бағыттар. Мемлекетіміздің басты байлығы – адам. Ал, білімді, бәсекеге қабілетті, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – ең алдымен, ұстазға жүктелген зор жауапкершілік. Сондықтан, педагог еңбегін қолдау, оның кәсіби дамуына жағдай жасау – қала үшін маңызды міндеттердің бірі. Жаңа оқу жылында білім беру жүйесіне жаңа серпін, тың идеялар мен заманауи тәсілдер қажет. Бұл ретте тәжірибелі ұстаздардың өнегесі мен жас мамандардың жаңашылдығы өзара үйлесім табуы тиіс. Жас педагогтерге қолдау көрсету, олардың кәсіби қалыптасуына мүмкіндік жасау – біздің ортақ міндетіміз. Жаңа оқу жылы құтты болсын! Еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз білімді де білікті болсын!, – деді шаһар басшысы Саян Мұратұлы.
Сонымен қатар, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіне үлес қосқан педагогтер Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Бақытгүл Иманбекова мен №4 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ирина Ахметова бар.

Сондай-ақ, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және мінсіз еңбегімен танылған бірқатар азаматқа Балқаш қаласы әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Атап айтқанда, Саягүл Мусина, Татьяна Акопова, Гулнат Абсейтовалар марапатқа ие болды. Ал, білім беру ісіндегі табанды еңбегі мен қоғамдық белсенділігі үшін Татьяна Гаммова, Асия Батталова, Айгүл Арапова Балқаш қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиынның мәртебесін арттыра түскен тағы бір маңызды сәт – Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директордың мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту жөніндегі орынбасары Ерқанат Ермектің құттықтауы болды.
Сала мамандарының еңбегі мұнымен де шектелмей, облыстық деңгейдегі марапаттармен жалғасты. Білім беру саласын дамытуға қосқан мол үлесі, педагогикалық қызметтегі шығармашылық жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін Гульдаш Төлеуханқызы, Толқын Сағадатова, Анар Аринова Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Алғ жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ерен еңбегі және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Мадина Мейрханова, Данагүл Карсембаева, Анар Абдрахманова, Айгүл Жарова облыстық білім басқармасының Алғыс хатына ие болды.
Тамыз кеңесінің тағы бір тағылымды бөлігі – білім беру ұйымдарының жетістіктерін бағалау рәсімі болды. Бұл марапаттар бір жылдық еңбектің, ұжымдық ізденістің және ұстаздардың кәсіби табандылығының нәтижесін көрсетті. Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектеп түлектерінің ҰБТ нәтижесіндегі жоғары көрсеткіштері мен жоғары оқу орындарына сапалы түсуіне дайындығы үшін «Түлектердің үздік нәтижелері» номинациясын иеленді. Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясы оқу үдерісіне Ж.Қараевтың оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі технологиясын тиімді енгізіп, озық тәжірибені таратудағы еңбегі үшін «Үш өлшемді жүйе – сапалы білім негізі» номинациясымен марапатталды. Абай атындағы №2 мектеп-лицейі – «Олимпиада қозғалысының көшбасшы мектебі», ал Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі – «Интеллектуалды жетістіктер мектебі» атанды. Оқушылардың әскери-патриоттық тәрбиесіне, спорттық және қоғамдық белсенділігіне ерекше мән беріп келе жатқан Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп «Әскери-патриоттық тәрбие көшбасшысы» номинациясына лайық деп танылды.

Ал, білім, ғылым, өнер, спорт және шығармашылық бағыттарында жоғары нәтижелер көрсеткен Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейі «Білімді ұрпақ жетістігі» номинациясын иеленді. Жаңа мүмкіндіктер мен инновацияны ұштастыра отырып, сапалы білім беруге бағыт алған №12 жалпы орта білім беретін мектеп «Болашаққа қадам» номинациясымен марапатталды. Өнерге бейім, шығармашылыққа құштар жас ұрпақтың талантын шыңдап жүрген Балалар өнер мектебі «Шығармашыл таланттар» номинациясына ие болды. Ал, қоғамдық белсенділік, қайырымдылық пен ізгілік құндылықтарын дәріптеп, әлеуметтік бастамаларды жүйелі жүзеге асырып келе жатқан Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайы «Балалар шығармашылығының көшбасшысы» номинациясымен марапатталды. Әр балаға тең мүмкіндік беріп, қолжетімді әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастырудағы еңбегі үшін №1 жалпы білім беретін мектеп «Баршаға мүмкіндік мектебі» номинациясына ие болды.

Жиын соңында ұстаздарға ерекше құрмет көрсетіліп, қала әкімінің атынан халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Фархат Мираш ән-шашуын тарту етті. Әншінің орындауындағы «Самға, қазақ!», «Ұстазым», «Атамекен» әндері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



