Ерғанат Молдағұлов – әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Қазақ күресінен ел намысын әлемдік аренада қорғаған қарағандылық балуан Ерқанат Молдағұлов жүлделі орыннан көрінді. Ол Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан ересектер арасындағы XII әлем чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды.

22-23 тамыз күндері Baku Sports Palace спорт кешенінде өткен дүбірлі додаға әлемнің 30-ға жуық елінен 300-ден астам спортшы қатысты. Белдесудің сан қырын меңгерген тәжірибелі балуандар бас қосқан байрақты бәсекеде ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпиондары анықталды.
Қазақстан құрамасы жарысқа барлық салмақ дәрежесі бойынша толық құраммен қатысып, ел қоржынына алғашқы күннен-ақ қомақты жүлде түсірді. Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі. Әсіресе, ерлер құрамасының өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Төрт салмақтың үшеуінде қазақстандық балуандар топ жарып, чемпион атанды.
Ал, қарағандылық Ерқанат Молдағұлов 100 келіге дейінгі салмақта қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, финалға дейін сүрінбей жетті. Шешуші белдесуде жеңіске бір қадам жетпей, әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанағат тұтты. Дегенмен, бұл нәтиже – спортшының шеберлігі мен табандылығының, сондай-ақ, Қарағанды балуандары мектебінің әлеуетін көрсететін айтулы жетістік.
Байрақты бәсеке United World Wrestling халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Әзірбайжан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірлесуімен ұйымдастырылды.
Бакудегі додаға Қазақстанның ел чемпионаттарында, республикалық және халықаралық жарыстарда шыңдалған үздік балуандары аттанды. Ұлттық құрама спортшылары үшін бұл – ел намысын қорғап, қазақ күресін әлемге танытуға үлкен мүмкіндік.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



