Жолдамаға бір табан жақындады
Футболдан Қазақстан бірінші лига ойындарының 19-туры мәреге жетті. Қарағандылық «Шахтер» өз алаңында елордалық «Астана» жастарын қабылдап, кездесу жерлестеріміздің жеңісімен (4:0) аяқталды. Осылайша, жерлестер маңызды ойында ұпай жоғалтпай, Премьер-лига жолдамасына жақындай түсті.

Бірінші лига ойындарының аяқталуына небәрі жеті тур ғана қалды. Ал, қарағандылықтар осымен 12 ойын қатарынан жеңілмей келеді. Негізі, жерлестер бірінші айналымда елордалықтардан 3:4 есебімен жеңіліп еді. Бұл жолы өз алаңында қарымта қайтарды.
Алаң иелері ойынның небәрі 15- ші минутында есеп ашты. Оң қапталдан ортаға ойысқан шабуылшы Артем Литош қарсылас қақпасына жақындай келіп, әріптесі Диас Қалыбаевқа пас асырған. Ал, ол болса өзіне келген мүмкіндікті мүлт жібермей, допты қақпаға дәл бағыттап үлгерді. Ойынның 40-шы минутында Артем қайтадан көзге түсті. Бұл жолы шабуыл сол қапталдан ұйымдастырылған. Александр Мигунов қарсылас қақпасының тұсына келгенде ортада жүрген әріптесі Артемға пас асырады. Ал, Артем мүлт кетпеді. Осылайша, кездесудің алғашқы бөлігі 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. 51-ші минутта Диас Қалыбаев, 75- ші минутта Андрей Ульшин көзге түсіп, таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізді. Сөйтіп, «Шахтер» маңызды ойында жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі орнын нығайта түсті.
– Жаттығуда не жасадық, не көргім келді, соның бәрін жігіттер бүгінгі ойында көрсетті. Жасыл алаңда барын салды. Қарсыластар допқа иелік етіп, прессинг жасайды. Біз осы тактикасына қарсы ойнап, жігіттердің әрқайсысына жеке тапсырма бердім. Алаңға шыққанда біз олардың барлығына тыңғылықты дайын болдық. Нәтижесінде, қарсылас қақпасына керемет төрт гол салды, – деді бас бапкер Андрей Финонченко.
Жалпы, бұл лигадан Премьер-лига ойындарына тек екі үздік командаға ғана жолдама беріледі. Қазіргі уақытта жерлестер турнир кестесінде 52 ұпаймен көш бастап тұр. Алматылық «Қайрат» жастары 46 ұпаймен – ІІ орында, түркістандық «Тұран» 38 ұпаймен ІІІ орында келеді. Алда әлі жеті тур бар. Егер, жерлестер екі немесе үш ойыннан жеңіліп, ұпай жоғалтса, турнир кестесінде ІІ сатыға түседі. Ондай жағдайдың өзінде де олар ІІ орынмен Премьер-лига сапына қосылады. Алайда, жерлестер алдағы ойындарда оңайлықпен ұпай жоғалта қоймайды. Олай дейтініміз, бұл қарсыластарды бірінші айналымда жеңген. Соңғы ойын – «Алматы» жастарымен өтеді. Өткен жолы қос қарсылас тең тарқасқан болатын.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



