Құндылық құрметпен қалыптасады
Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп, отбасының берекесін ұрпақ тәрбиесімен байланыстырған. Қазақ ұғымында шаңырақ – мейірім мен жауапкершіліктің, сыйластық пен сабырдың мекені.

Бірақ, бүгінгі кей шаңырақтың есігі сырт көзге бүтін көрінгенімен, ар жағында үнсіз үрей, қорқыныш пен қысым жатуы бек мүмкін. Бір сәттік ашу. Бір ауыз ауыр сөз. Болмашыдан басталған жанжал. Кейде осындай сәттің соңы адам тағдырын ойрандап, орны толмас қасіретке ұласады. Ең ауыры – оның әйел мен баланың жан дүниесіне өшпес таңба болып түсуі.
Жуырда «барниге» бола басталған тұрмыстық жанжалдан жас ананың қаза табуы қоғамды тағы дүр сілкіндірді. Заң күшейді, жауапкершілік артты, полицияның заңбұзушылықтың алдын алу тетіктері кеңейді. Сонда да неге бір үйдің ішіндегі ұрыс-керіс кейде адам өліміне дейін барады? Қауіпті қай тұстан ертерек тоқтатуға болады? Мәселенің мәнісі де – осында.
Заң «Отбасының ішкі мәселесі» деген түсінікті өзгертті
Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға кейінгі жылдары айрықша мән беріліп келеді. 2024 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңға қол қойды. Құжат сол жылдың 16 маусымынан бастап күшіне енді.
Өзгерістің ең елеулісі – бұрын әкімшілік жауапкершілік шеңберінде қаралып келген кейбір әрекеттің қылмыстық санатқа ауысуы. Қылмыстық кодекске ұрып-соғуға қатысты 109-1-бап, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге қатысты 108-1-бап енгізілді. Яғни, мемлекет отбасындағы күш көрсетуді «үй ішінің әңгімесі» деп жылы жауып қоюға болмайтынын айқын көрсетті.
Бұл – маңызды құқықтық бетбұрыс. Алайда, заңның қатаюы қасіреттің тамырын бір күнде қырқып тастамайды. Тұрмыстық зорлықтың астарында көбіне қордаланған реніш, әлеуметтік қысым, тәуелділік, қорқыныш, жұмыссыздық, қарыз бен тұрмыстық күйзеліс тәрізді бір-біріне шырмалған түйткіл жатады. Бұлардың ешқайсысы зорлықты ақтамайды. Бірақ, алдын алу жұмысы сол себептерді де айналып өтпеуі тиіс.
Әлеуметтік қиындық ақтау емес
Отбасындағы тыныштықты қаржымен өлшеуге болмайды. Дегенмен, табыс азайып, жұмыссыздық қысып, қарыз көбейген сайын шаңырақ ішіндегі психологиялық салмақтың ауырлайтыны бар. Сондықтан, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту да отбасы әл-ауқатын нығайтудың бір тетігі саналады.
Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында 18 303 көпбалалы отбасы тіркелген. Бір жыл бұрын олардың саны 16 612 болыпты.
Ал, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, керісінше, азайған. 2023 жылы АӘК-ті 2 086 отбасы, 9 636 адам алса, 2024 жылы – 1 422 отбасы, 6 648 адам, 2025 жылы – 993 отбасы, 4 638 адам алған. 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 572 отбасыға, яғни, 2 638 адамға дейін төмендеген. Осы отбасыларға 127 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
– Біздің мақсатымыз – мұқтаж отбасыға жәрдемақы бере отырып, оны қиын жағдайдан шығуға мүмкіндік жасау. Сондықтан, АӘК жүйесінде еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға, отбасының табысын арттыруға басымдық беріледі, – дейді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Асем Жүніспекова.
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір өзегі – бала. Биылғы алғашқы жартыжылдықта АӘК алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 820 балаға қосымша төлем тағайындалып, 14,6 млн теңге бөлінген.
Әрине, жәрдемақы жанға медеу болғанымен, отбасындағы сыйластықты сатып ала алмайды. Материалдық қолдау тұрмыстың жүгін жеңілдетеді, ал, шаңырақтың шырайын кіргізетін – жауапкершілік, түсіністік пен өзара құрмет. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегеннің салмағы дәл осындайда сезіледі.
Әр деректе – бір тағдыр
Облыстың полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жеті айында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30,7 пайызға азайған. Былтыр 78 қылмыс тіркелсе, биыл 54 жағдай есепке алынған.
– Бұл – алдын алу жұмыстарының нәтижесін көрсетеді. Дегенмен, бір қылмыстың өзі – бір отбасының, бірнеше адамның тағдыры. Сондықтан, біз үшін әрбір жағдайдың алдын алу маңызды, – дейді облыстық полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Гүлбану Сатпаева-Алпысбаева.
Статистиканың ар жағында күнделікті атқарылып жатқан ауқымды жұмыс тұр. Биыл тұрмыстық салада құқық бұзған 5 155 адамға әкімшілік шара қолданылған. 4 959 қорғау нұсқамасы шығарылып, 1 188 адамға ерекше талап белгіленген. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 745 адам, ерекше талаптарды орындамағаны үшін 1 279 адам жауапқа тартылған.
Бұл сандардың әрқайсысы – бір шаңырақтағы қауіптің ресми тіркелген белгісі. Демек, жанжал қылмысқа ұласпай тұрғанда араласу, қауіпті әрекетті шектеу және жәбірленушіні қорғау – ең маңызды міндет.
Баспана ғана емес, қайта аяққа тұруға мүмкіндік
Қазір облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған төрт дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың сенім телефондарына 431-ден астам адам хабарласқан. 25 адам, оның ішінде, 15 әйел мен 10 бала, уақытша баспанаға орналастырылды.
Ал, Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығының мамандары жыл басынан бері шамамен 1 425 адамды қабылдаған. Соның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 73 өтініш тіркелген. 95 адам психологқа, 98 адам заңгерге жүгінген. 45 адам медиатор көмегін пайдаланса, 25 адам жұмысқа орналасқан.
Әйелді зорлық жасаушыдан уақытша ғана алыстату жеткіліксіз. Барар жері, өз табысы, құқықтық әрі психологиялық тірегі болмаса, адамның қайтадан бұрынғы ортасына оралу қаупі бар. Сондықтан, дағдарыс орталығының міндеті – паналата отырып, қауіпсіз әрі дербес өмірге қайта қадам басуына мүмкіндік беру.
«Неге кетіп қалмады?» деу оңай…
Сырт көзге бәрі оңай көрінуі мүмкін. Қол көтерсе – кету керек, қорқытса – полицияға бару керек. Бірақ, зорлықтың психологиясы күрделі.
Әйелдің арыз бермеуіне немесе берген арызын кейін қайтарып алуына қорқыныш, ортақ бала, баспананың болмауы, материалдық тәуелділік, туыстарының қысымы, «отбасым бұзылмаса екен» деген үміт себеп болуы ықтимал.
Облыстың полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Айзада Досмағанбетованың айтуынша, тәжірибеде шамамен әрбір үшінші-төртінші әйел кейін арызынан бас тартуға немесе татуласуға әрекет жасауы мүмкін.
– Оның себептері – әртүрлі. Материалдық тәуелділік, ортақ балалар, баспананың болмауы, қорқыныш, туыстарының қысымы және «отбасы сақталса екен» деген ой. Сондықтан, біздің міндетіміз – әйелді кінәлау емес, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өз бетінше шешім қабылдауына жағдай жасау, – дейді ол.
Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығының психологы Гүлзина Беркінбаева ұзақ уақыт зорлық көрген адамның өзіне деген сенімін жоғалтып, қорқыныш, күйзеліс, өзін кінәлау мен дәрменсіздік сезіміне бой алдыруы мүмкін екенін айтады.
– Сондықтан, «Неге кетіп қалмады?» деп әйелді кінәлауға болмайды. Оған ең алдымен қауіпсіз орта мен психологиялық қолдау қажет, – дейді психолог.
Орталықта алдымен, адамның қауіпсіздігі мен эмоционалдық жағдайына мән беріледі. Психолог қорқыныш пен кінә сезімін жеңуге, өзіне деген сенімді қайта қалыптастыруға көмектеседі. Қажет жағдайда заңгер мен әлеуметтік қызметкер де тартылады.
Орталық заңгері Әсет Карбузов әйелдердің ең алдымен, өз құқығын білгені дұрыс екенін айтады. Олар полиция шақыруға, сот-медициналық сараптамадан өтуге және өзіне келтірілген зиянды тіркетуге құқылы. Қауіп деңгейіне қарай зорлық жасаушыға қорғау нұсқамасы шығарылуы мүмкін.
Ал, полиция инспекторының мәліметінше, профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың шамамен 10-20 пайызы қайта құқық бұзушылық жасау қаупі жоғары санатқа жатады. Олар бақылауда болады, қорғау нұсқамалары шығарылады, профилактикалық әңгімелер жүргізіледі, қажет жағдайда сот арқылы ерекше талаптар белгіленеді.
«Балаларымның амандығын ойладым…»
Статистика кейде салқын көрінеді. Ал, оның ар жағында тірі тағдыр, жан жарасы, баланың көз жасы бар.
Раушан Тоғызжігітова – бес баланың анасы. Жолдасымен 24 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен. Өзінің айтуынша, кезінде отбасында махаббат та, сыйластық та, береке де болған. Тіпті, шаңырақ көтергендеріне 25 жыл толғанда теңізге барып демалуды жоспарлап, қаражат жинаған.
Алайда, уақыт өте жағдай өзгеріп, жанжал күш көрсетуге ұласқан. Раушан бірнеше рет жарақат алғанын, соның ішінде басынан зақымданғанын айтады. Ең ауыры – үйдегі ұрыс-керістің балалардың психикасына әсер етіп жатқанын аңғаруы. Сөйтіп, былтыр ажырасуға түпкілікті шешім қабылдайды.
– Балаларымның жағдайын ойладым. Үйдегі ұрыс-керіс пен қысым олардың психикасына әсер ететінін түсіндім. Сыйластық пен мейірім қалмаған жерде бірге тұрудың мәні жоқ деп шештім, – дейді көпбалалы ана.
Ажырасу барысында балалардың қамқорлығы, алимент пен ортақ мүлік мәселелері де көтерілген. Раушан бірінші кезекке перзенттерінің мүддесін қойған.
Алайда, отбасының басына түскен ауыртпалық мұнымен аяқталмаған. Оның айтуынша, ажырасудан кейін бұрынғы күйеуі өзіне қол жұмсап, қайтыс болыпты. Осылай бес бала әкесінен айырылды. Раушан да кезінде бірге шаңырақ көтерген жары мен балаларының әкесінен көз жазып қалды. Бүгінде перзенттерін өзі тәрбиелеп отыр.
Басынан өткен жағдай оның жастардың отбасы құруына көзқарасына да әсер еткен. Қызы ерте тұрмысқа шыққысы келгенде, алдымен білім алып, мамандық игеріп, еңбек етуге кеңес берген. Қызы анасының ақылын тыңдап, бүгінде өз шаңырағын көтеріп, анасына жиен немере сүйгізіп отыр.
– Отбасы құру – үлкен жауапкершілік. Алдымен білім алып, мамандық игеріп, еңбек етуге, отбасыны асырауға дайын болған жөн. Жастықпен қабылданған шешімнің салмағы кейін сезілуі мүмкін, – дейді ол.
Раушан өмірдің талай белесін қара еңбегімен еңсерген. Жолдасымен ауылдан қалаға көшіп келіп, жоқтан бар жасаған. Құрылыс саласында жұмыс істеген, кейін бухгалтер мамандығы бойынша еңбек еткен. Одан соң кран жүргізуді үйреніп, Астанада мұнаралы кран жүргізушісі болған.
– Бәрін нөлден бастадық. Үй салдық, балаларды өсірдік, еңбек еттік. Мен отбасыма да, үйіме де қолымнан келгенше үлес қостым.
Раушан бүгінгі қоғамда қазақы тәрбие мен дәстүрдің әлсіреп бара жатқанына да алаңдайды.
– Қазақтың бұрыннан келе жатқан тәрбиесі мен даналығын жоғалтып алмауымыз керек. Әйел ерін сыйлап, қас-қабағына қарап, тапқанын ұқсатып, әр сөзге ермей, алға ұмтылса, ерлі-зайыптылар бір-бірін тыңдап, қиындықты бірге еңсеруге тырысса, көптеген жанжалдың алдын алуға болады, – дейді көпбалалы ана.
Әрине, бұл сөздің мәнін әйел зорлыққа шыдауы керек деп түсінуге болмайды. Қазақы тәрбиенің түпкі өзегі де – бір тараптың үнсіз көне беруі емес. «Ырыс алды – ынтымақ» дегенде халқымыз екі адамның бірін-бірі аяқасты етуін емес, ардақтауын айтқан. Отбасы сыйластық бар жерде ғана берік. Ал, адамның ар-намысына, денсаулығы мен өміріне қауіп төнген тұста үнсіздік ізгілікке жатпайды.
Үнсіздік – қауіптің серігі
Тұрмыстық зорлық бір күнде пайда болмайды. Оның алдында көбіне қорқыныш, қысым, үнсіздік, тәуелділік, қордаланған реніш пен дер кезінде көрсетілмеген көмек тұрады. Қауіптісі – осы жағдайлардың уақыт өте қалыпты құбылыс секілді қабылдануы.
Сондықтан, бүгінгі әңгімені тек «Зорлық жасаған адам қалай жазаланады?» деген сауалмен шектеу жеткіліксіз. «Осы қасіретке жетпей тұрып, біз не істей алдық?» деген сұрақ та әрқайсымыздың алдымызда тұруы тиіс.
Қазақ «ағайынның азары болса да, безері болмайды» деген. Бүгін сол жанашырлықтың түрі өзгергенімен, мәні өзгермеуге тиіс.
Көршінің үйінен жанжалдың даусы естілгенде «өздерінің мәселесі» деп теріс айналмау, жақыныңның жанарынан қорқыныш байқасаң халін сұрау, көмекке мұқтаж адамды тиісті орталыққа бағыттау – біреудің жеке өміріне жөнсіз араласу емес. Кейде бұл бір адамның, бір баланың өмірін сақтап қалатын қадам болуы мүмкін.
Заң бар. Полицияның қорғау тетігі мол. Қорғау нұсқамасы жеткілікті. Дағдарыс орталығы, психолог, заңгер мен әлеуметтік қызметкер бар. Бірақ, осы мүмкіндіктің бәрі қауіптің алғашқы белгісінде көмекке жүгінгенде ғана толық нәтижесін береді.
Ал, көмек сұрау дәрменсіздік емес. Бұл – өз өмірің мен балаңның ертеңін қорғауға жасалған қадам.
«Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» десек, сол сөздің бүгінгі өлшемі де осы болуға тиіс. Ешбір әйел қорқынышпен өмір сүрмеуі, ешбір бала айқай мен жұдырықты отбасының қалыпты көрінісі деп қабылдамауы керек. Шаңырақтың беріктігі үнсіз төзумен емес, өзара құрметпен өлшенеді.
Өйткені, бір отбасының қасіреті сол үйдің ғана қайғысы емес. Ол – қоғамның адам тағдырына қаншалықты дер кезінде араша түсе алғанының өлшемі.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



