Қазақстандық теннисші WTA рейтингінде 70 сатыға көтерілді
Қазақстанның үшінші ракеткасы Соня Жиенбаева WTA рейтингінде кезекті рет жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жаңартылған әлемдік рейтингте қазақстандық спортшы бірден 70 позицияға көтеріліп, 384-орынға жайғасты, деп хабарлайды теннис федерациясы.

Бұл – Жиенбаеваның соңғы апталардағы рейтингтегі екінші ірі серпілісі. Бұған дейін ол бірден 284 сатыға жоғарылап, 738-орыннан 454-орынға көтерілген еді. Мұндай нәтижеге қазақстандық теннисшінің қатарынан екі турнирде жеңіске жетуі себеп болды. Ол Испанияның Оренсе қаласында өткен W75 жарысында, кейін Виго қаласындағы W35 турнирінде чемпион атанды.
Осылайша, 20 жастағы Жиенбаева қысқа уақыт ішінде әлемдік рейтингтегі позициясын айтарлықтай жақсартып, Қазақстанның үздік үш теннисшісінің қатарына енді. Оның қазіргі нәтижесі спортшының кәсіби мансабындағы тұрақты өсімнің көрсеткіші болып отыр.
Қазақстанның тағы бір өкілі Жібек Құламбаева бұл жолы сегіз саты төмендеп, 472-орынға жайғасты. Ал Аружан Сағандықова 27 позицияға түсіп, 652-орынға орналасты.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингте екінші орнын сақтап қалды. WTA тізімінде беларусьтік Арина Соболенко көш бастап тұр. Рыбакина Цинциннати турниріндегі жарақатына байланысты жарысты мерзімінен бұрын аяқтағанымен, рейтингтегі позициясын сақтап қалды.
Соня Жиенбаеваның соңғы нәтижелері қазақстандық әйелдер теннисінің жаңа есімдері халықаралық аренада біртіндеп алға шығып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы турнирлерде жас спортшының рейтингтегі көрсеткішін одан әрі жақсартуға мүмкіндігі бар.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



