Өзгеге телміртпес өз өніміміз бар

Қарағанды сайын далада саяқ тұрған жоқ. Мұңы көп, бірақ мұраты түзу моноқалалары бар. Қадірінше қолдап, тынысына дем, тұрмысына рең берген. Саран – дәл осындай момын тірлік кешкен моноқала. Осынау шағын шаһардың Saran индустриалды аймағындағы инфрақұрылым жүйесі 2023 жылы толық жүзеге асуы тиіс. Бұл – Қарағанды жұртшылығымен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен жергілікті билікке берген нұсқауы. Осылайша, Саранның инвестициялар пулын жасақтауға ықпал ететін инвесторларды иіріп әкелу – міндет. Ертеректе РТИ аталған қаланың бұл бөлігінде жақын күнге дейін елі көшіп кеткен ескі жұрт жататын. Saran индустриалды аймағы ашылғаннан бері онда қаңбақ қаңғымайды. Араға жиырма жыл салып, жүдеген жұртқа енді құт қонады деген үміт оты жылтырай бастады. Бұл арада осы күні бірнеше зауыт жұмыс істеп тұр. Оның бірі – KamaTyresKZ шина зауыты.

Аталған зауыт өнеркәсіп өркендеуі үшін қандай маңызды болса, моноқалаларды дамытуда да сондай мәнге ие. Өйткені, өндірістің толық желісі іске қосылғанда Саран қаласының мыңнан астам адамы жұмыспен қамтылады. Зауытқа 171 млрд. теңге инвестиция құйылған.

Зауыт бұған дейін мәлімделгендей, жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған дөңгелек шығарады. Жобалық қуаты жылына 3,5 млн. дана. Бұл арада бюджетке түсер кіріс те көлемді екенін айту абзал. Ол – 43 млрд.теңге жылына.

Зауыт жұмысын үш кезеңде жүргізбекші. Бірінші кезеңде – жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне дөңгелек. Екінші кезеңде – транспортер, конвейер лентасы сияқты резина-техникалық бұйымдар. Үшінші кезеңде – ауыл шаруашылығы техникасының дөңгелектері. «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Магановтың айтуынша, әдетте мұндай зауыттар 50-60 ай салынса, Қарағанды зауыты 16 айда тұрғызылды. Инвестор өнімнің әлемдік брендтермен терезесі тең түсіп, сапа жағынан сүрінбейтініне кепілдік береді.

KamaTyresKZ директоры Александр Смышляевтің мәлімдеуінше, өнімге сұраныс бар.

– Сериялы өнім алуға барлық үрдіс іске қосылғанда қол жеткізуге болады. Ал, бұл 2023 жылдың үшінші тоқсаны. Сол кезеңде зауыт 3500 млн. шина шығарады, – дейді директор. Зауыт басшысының айтуынша, әр дөңгелек үш кезеңді тексерістен өтеді. Бірде-бір дөңгелек сапа инспекциясынан өтпейінше тұтынушыға жіберілмейді.

– Бүгінгі таңда келісімшарттар жасалған. Өнімнің қаншасы ішкі нарыққа, қай бөлігі экспортқа шығатыны да есептеулі. Зауытқа Еуропа, Азия елдерінің озық құрал-жабдықтары жеткізілген. Тоғыз шетелдік жеткізуші бар Құрылғыларды орнату кезең-кезеңмен жүзеге асып отыр, – дейді зауыт басшысы.

Қысқа мерзімде бой көтерген зауыт мамандарын Нижнекамск қаласындағы кәсіпорындарда арнайы оқытып алды. Алдағы уақытта әлі де білікті мамандар қатары толыға түспекші.

Зауыт есебінен біліктілігін көтерген мамандар KamaTyresKZ кәсіпорнында әуелі теорияны меңгеріп, содан соң зауытта тәжірибе жинақтады. Осылайша, шина шығарудың қыр-сырын көзбен көріп, қолмен ұстады. Ал, жоба жетекшілері 500 маманды оқытып алуды жоспарлағанын бұған дейін мәлімдеген еді. Яғни, әлі де білгір мамандар легі толастамайды. Тағы бір баса айтарлығы – ол мамандардың барлығы дерлік Саран қаласының тұрғындары. Жасыратыны жоқ, зауыт ынта білдіргенге ықылас танытып-ақ отыр. Тек жаңа мамандықты меңгеретін ниет қажет.

Бұдан бөлек, Саран гуманитарлық-техникалық колледжі де зауытқа маман даярлауға әзір. Мәселен, «Резина-техникалық бұйымдар» және «Шина өндірісі» мамандығын біраз адамның меңгеруі де зауыт сұранысына жауап берері хақ.

Құрылғанына 68 жыл толған Саран қаласының бүгінде 56 мың халқы бар. Бір кездері осынау РТИ, яғни резеңке-техника бұйымдары зауыты атауы бар шағын кентті 25 мың тұрғын мекен еткен екен. Онда бақандай үш ықшам ауданы бар-тын. 1974 жылы кент пайдалануға беріліп, 20 жыл зауыт үздіксіз жұмыс істеді. Зауыт өнімдері Венгрия, Гвинея, Лаос, Никарагуа, Эфиопия, Куба секілді елдерге экспортталғанын айтады деректер. Сол күндер оралатын кез келетін секілді. Ал, жаңа ашылған шина зауыты да өзге өндірістермен бірлесе, Саранның сол дәуірде пыр-пырлап ұшқан бақ құсын қайта айналдырып қондырады деген үміт зор…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz