Медицина

Зейнеткер әйелдер «жасарады»

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтқан өзгерістерінің бірқатары 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады. Мәселен, биылдан бастап әйелдер зейнетке 61 жастан шығады. Айта кетерлігі, бұл меже 2028 жылға дейін өзгермейді. Оған дейін мемлекет денсаулық жүйесін жақсартып, сол арқылы адамдардың өмір сүру жасын ұлғайтуға ден қоймақ.

Әйел адамдардың зейнетке шығу жасын төмендету қоғамда кең талқыланған мәселе екені жасырын емес. Көпшілігі бұрынғы 58-ді сұраған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпке дейін зейнетке шығу жасы төмендемейтінін айтып келсе де, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ол 61 жас болып бекітілді. Жыл соңында Парламент заң жобасын мақұлдады. Сол заңмен бірге, ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70%-ға дейін, ал ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120%-ға дейін жеткізу, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту да қабылданды.

– Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын көтеру мәселесі заңнаманы талқылау кезінде-ақ қоғамдық резонанс туғызды. Бұл түсінікті де, – дейді облыстық мәслихат депутаты, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшесі Юлия Бадина. – Меніңше, бұл мәселенің екі жағы бар. Бір жағынан қазіргі уақыт біздің әйелдерді өзгертті. Олар өздерінің анасы мен әжесіне қарағанда ұзақ уақыт бойы әлеуметтік белсенді болып, жас қалпын сақтағысы келеді. Осыған байланысты «жастық» және «толысудың» жас шегі өзгерді. Екінші жағынан, әйелдер істейтін ауыр да қиын мамандықтар жетіп артылады. Кеңседегі қызметкерге қарағанда кран жүргізетін немесе теміржолда істейтін әйелдерге өз денсаулығын күту әлдеқайда қиын. Олардың зейнетке ерте шығуы керек-ақ. Сондықтан, зейнетке шығу жасын көтеруге жарияланған мораторий бұл реформаның барлық тұсын егжей-тегжейлі қарауға мүмкіндік береді.

Мамандардың сөзіне сенсек, мораторий зейнет жасын арттыруды тоқтатпайды, тек уақытша, пандемиядан кейінгі халықтың денсаулығын жақсартуды көздейді. Бұл шара коронавирустың азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына кері әсерін ескере отырып қабылданғанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде де айтты. Ресми хабарламада алдағы бес жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шараларды қабылдау көзделеді. Бұл ретте ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға және кеңейтуге ерекше назар аударылмақ.

Әлеуметтік кодексті талқылау жұмыстарына қатысқан Ләззат Қожахметова «бұл есептеулер жасалған кездегі индексация қазір кеміген» деген пікірде.

– Пандемия адамдардың орташа өмір сүру жасын кемітті. Ел медицинасы әлсіз болып шықты. Сондықтан, әуелі медицинаны, сосын экономиканы көтеру үшін реформа бес жылға тоқтатылды. Жалпы, зейнет жасын төмендетуге қатысты көптеген әйелдер келеді. Қара жұмыстағы әйелдер үшін 61 жас деген тым көп. Кабинетте отырып, айына 200-300 мың алса, бір жөн. 60 мың үшін 61 жасқа дейін жүру, масқара. Ауылдағы әйелдердің жағдайы, тіпті, қиын. Сол әйелдердің орнына жұмыссыз жүрген ер адамдарды орналастырса болады. Мәселен, шетелде мемлекет зейнетақы жарналарын аудармайды. Бізде де сөйтеміз деді. Бірақ, халықтың зейнетақы тұрмақ ипотекаға ақша жинауға мүмкіндігі жоқ, – дейді ол.

Билік әйелдердің зейнет жасын 2018 жылдан бері жыл сайын алты айға өсіріп келеді. 2022 жылдан бастап әйелдер зейнетке 60,5 жаста шығатын болған. Бастапқы жоспар бойынша, 2027 жылға дейін бұл меже 63-ке келіп тоқтауы керек еді. Мораторийден кейін бұл қайта жалғасады.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button