Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің «мұртын балта шаппайтынын» білеміз. Шүкір дейік, бір байқағанымыз аудан орталығында бәсекеге қабілетті кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Біз бірнеше кәсіпкерлік нысандарды аралап, олардың жұмысымен таныстық.
Әуелі жеке кәсіпкер Айзада Сансызбайқызының «Айзере» тігін ательесіне бас сұқтық. Айзада былтыр аудан әкімінің қайтарымсыз 500 000 теңге грантына ие болыпты. Бөлінген қаражатқа тігін машинкасын, түрлі жіптер мен маталар сатып алыпты. Қазіргі уақытта жалға алынған цехының ай сайынғы төлемін жасап, кәсібін дөңгелетуде. Айдана Сансызбайқызы балаларға арналған сапалы киім тігумен қатар, күнделікті тұрмыста аса қажетті дүниелерді тігумен де шұғылданады. Олардың қатарында перде, дастархан, орындық қаптамалары, бесік жасауы, құрақ көрпе секілді бұйымдар бар. Бағасы да – қолжетімді. Мәселен, бесік жасауының бағасы – 30-35 000 теңгені құрайды. Тапсырыстар Ұлытаудан бөлек, Жезқазған, Қарағанды қалаларынан түседі. Жарнамасы – «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы. Сондай-ақ, аудан тұрғындары киім қысқартуға көптеп келеді. Бір тігіншіні жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта тігін цехының аумағын ұлғайтып, тапсырыстарды көптеп алуды жоспарлауда. Тігіншінің айтуынша, қазақы нақыштағы киімдерді де тігуді қолға алмақшы. Жазда дизайнер Айнұр Сандыбаеваның курсынан өтуді де ойға алыпты.
***
Аудан тұрғындарының қажетін өтеп отырған тағы бір кәсіпкер Рысбек Түлкібаев есімді азамат. Осыдан үш жыл бұрын «Еңбек» ыбағдарламасы арқылы 9 миллион теңге несие алып, «Керемет» моншасын іске қосқан екен. Биыл тағы Ұлытау ауданы әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 750 мың теңге сомасындағы қайтарымсыз грантын ұтып алып, моншасының ішінен шаштараз ашыпты. Шаштараздың құрал-жабдығы жеткілікті. Бір мезетте екі-үш адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар.
Жұмыс кестесі моншаның тұрғындарды қабылдау күндеріне сәйкестендірілген, яғни, әр аптаның сенбі және жексенбі күндері қызмет етеді. «Монша қызметін тұтынушылар қатары уақыт санап артып келеді. Шаштараз ашуым – уақыт талабы. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы, себебі, моншаға келгендер тек жуынып ғана қоймай, шаштарын да қидыра алады. Кәсібімді кеңейтуге қолдау көрсеткен аудан басшыларына айтар алғысым шексіз. Әзірге бір адамды жұмыспен қамтып отырмын, тағы бір жұмыскер тарту ойда бар», – дейді Рысбек Нұрғалиұлы.
***
Ерболат Смағұлов – аудандағы әлеуеті зор кәсіпкерлердің бірі. Кәсіпкерлікке бет бұрмас бұрын 10 жыл дзюдодан жаттықтырушы болыпты. Кейін жеке кәсіпке білек сыбана кірісіп, қазір белді табыскердің біріне айналып отыр. Алғашқыда мектеп оқу-құралдарын саудалапты. Уақыт өте келе кеңсе тауарларын сататын дүкен ашып, бүгінгі таңда өрісі кеңеюде. Аудан орталығынан екіқабатты сауда орталығын салыпты. Әзірге тек 1 қабаты қолданыста. Бір бөлмесінде өзінің дүкені болса, қалған бөліктерін басқа кәсіпкерлерге жалға берген.
Жоғарыдағы айтқан «Айзере» тігін цехы да осы жерде. Одан бөлек, ата кәсіпті де қолға алыпты. Мемлекеттен мал шаруашылығын дамыту үшін 8 миллион теңге несие алып, сиыр өсіруді мақсат тұтқан. Айтпақшы, кәсіпкер көпбалалы отбасының тірегі. Жолдасы – алтын алқа иегері. Ырыс-берекетінің еселене түсуі де – балапандарының несібесі шығар. Ағамыздың шаттығы шалқи түссін деген игі тілекпен қош айтыстық.
P.S: Ұлытаудағы біз таныған үздік үш кәсіпкер – осылар. Айналып келгенде, аудан орталығынан бөлек, ауылдағы ағайынның да сұранысын өтеп отыр. Аудан экономикасының бір-бір күретамыры…
Қасымхан ҒАЛЫМ.