Еңбек

«Тәуекел түбі – жел қайық…» оған грантпен кәсіп бастағандар куә

Ел арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ел Үкіметі соңғы 4-5 жылда бірнеше бағдарлама қабылдады. Оның әрқайсысында түрлі бағыт бар. Кәсіпкерлік негізіне оқытудан бастап, бизнес-идеяны іске асыруға дейінгі барлық үрдіс қамтылған. Кейінгі жылдары еңбектенгісі келгенге танымал бағдарлама – «Еңбек». Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы там-тұмдап нәтижжесін бере бастады. Бұл бағдарлама бағыттарының жаманы жоқ. Дегенмен, бүгін екінші бағыты – грант беруге тоқталғымыз келеді. Аталған бағыт өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа бизнес ойларын іске асыруға мемлекеттік грант беруді көздейді. Биылға дейін бұл грант көлемі 583 мың 400 теңге еді. Енді оның мөлшері өсті. Осы жылы бизнес ашқысы келген белгілі санаттағы топқа 1 млн.200 мың теңге грант берілмек. Қарағанды қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, былтыр бағдарлама арқылы кәсібін бастауға 119 грант бөлінген.

Қарағанды қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі кәсіптік оқыту, кәсіптік бағдар беру және гранттар бөлімінің басшысы Азамат Төрехан биыл да грант тапсыру межесі төмендемейтінін атап отыр.

– Биыл грант көлемі артты. Былтырға дейін грант 200 айлық есептік көрсеткіш шамасында, яғни, 583 мың 400 теңге болса, биыл ол 400 айлық есептік көрсеткішке өсті. Ол – 1 млн 225 мың 200 теңгеге тең. Бірақ, оны белгілі бір санаттардағы азаматтар алады, – дейді Азамат Төрехан. Ол санатта көп балалы, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, мүгедек бала асыраушылар және 29 жасқа дейінгі жастар бар.

Өткен жылы грант иегерлері қызмет көрсетудің түрлі саласында кәсіп ашуға жоба ұсыныпты. Олардың қатарында, фотосалонға құрал-жабдық алу, кондитерлік цехты іске қосу, шеберхана ашу секілді жобалар бар.

Қарағанды қаласының тұрғыны Жанерке Ахметжанова да грант иегері. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқығаннан соң мемлекеттік грантты ұтып алуда бағын сынапты. Гранттың көлемі 200 айлық есептік көрсеткіш – 583 мың теңге. Комиссия Жанерке Темірқызының бизнес идеясына қолдау білдірді. Жоба – киім-кешек тігетін ателье ашу. Қазір Жанерке жеңіп алған грантқа қажетті құрал-жабдықтар алған. Кәсібін бастап та кетті.

– Тамыз айында грант ұтып, тігін ательесін аштым. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп, анама да өз анасынан дарыған қолөнерді іс қылды. Анам іс тігетін. Құрақ көрпеден, қыз жасауына дейін дайындайтын. Содан менің бала кезден көргенім – ою, оюлы құрақ көрпе, қыз жасауы. Өзіміз үйде бес қызбыз. Бәрімізге ананың сүтімен осы қолөнер дарыған. Анам өз қолымен бізге жасауымызды дайындады.

Анама тапсырыстар көп түсетін. Көрпе, перде тігуге, тағысын-тағылар. Тіпті, үйге келген адамдар қызығып, аттай қалап, ілулі тұрған пердеге дейін сатып алып кететін. Содан бала кезден көргенім бар. Мектепте түйгенім және бар. Кейіннен ісмерлікті дөңгелетіп алып кету арманыма айналды. Грант туралы еститін едім. Мүмкіндік екенін ескеріп, тәуекелге бел будым,– дейді Жанерке. «Тәуекел түбі – жел қайық. Мінесің де өтесің». Жанерке тәуекелмен тас жұтып, грантты иеленген екен.

Грант ұтқанда өзінің қалауындағы кәсіпті жүзеге асыра алатындығына бек қуаныпты. Әзірге тапсырыстарды өзі ғана қабылдайды. Бір өзі жұмыс істеп отыр. Алдағы уақытта ісін кеңейту, көмекші алу жоспарда. Бұған дейін де қыз жасауын, ою, құрақ көрпе, сәукеле, өзге де қысқарту-ұзарту, жөндеу секілді киім-кешекке қатысты жұмыстарды шыр айналдырған жас кәсіпкер ісінің ілгері басарына сенімді. Не деу керек мұндайда?! Іске сәт!

Қызғалдақ АЙТЖАН. 

Басқа материалдар

Back to top button