Жаңалықтар

Өз статусыңды біл!

Мамырдың үшінші жексенбісі – ЖИТС құрбандарын еске алудың халықаралық күні. Осыған байланысты облыстық ЖИТС орталығы баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

  • Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы ахуал қалыпты, – деді ЖИТС орталықтың директоры Бейбіт Сағымбаев. – Десе де біздің облыс Павлодар, Алматы облыстарынан кейін республика бойынша үшінші орында. Жыл басынан бері 150 адам тіркеуге алдынды. Бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырсақ, төмен. Жалпы, АИТВ-ға шалдыққандардың 70%-ы Теміртау қаласының тұрғындары.

Мамандар берген мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша барлығы 2800 адам осы дертке шалдыққан. Оның 75%-ы антиретровирустық ем қабылдайды. Емді тұрақты қабылдағандар сау адамдармен қатар, қалыпты өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. АИТВ жұқтырған 50-60 әйел жыл сайын өмірге сау бала әкеледі екен

  • Мұның барлығы берілген емді дұрыс, жүйелі қабылдаудың нәтижесінде мүмкін болмақ. Алайда, емнен бас тартатындар да бар. Біз оларға ешқандай шара қолдана алмаймыз. Емдеу тек ерікті түрде жүзеге асады. Кездесу, насихат жұмыстары үшін осы дертке шалдыққан адамдарды аутрич жұмыскер ретінде аламыз. Ал, қасақана жұқтыру жағдайларында әрине, тиісті шаралар қолданылады, – деді Бейбіт Жамантайұлы.

Кез келген адам әуелі өзінің статусын білуі қажет. Ол үшін осы ЖИТС орталығына немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда қан тапсыру керек. Сараптама нәтижелері құпия саналады.

Алдағы уақытта облыстық ЖИТС орталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған межеге жетуді көздеп отыр. Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың 90%-ы өз мәртебелерін білуі керек, дерті анықталғандардың 90%-ы ем алуы керек және олардағы вирус 90%-ға төмендеуі тиіс. Яғни, белгілі ұйым белгілеген 90/90/90 межесіне облыстық орталық келесі жылы жетуді көздеп отыр.

Әлима СЕРІКПАЙ,

ҚарМУ-дың ІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button