Қыран

«Қыранның соры – жердегі жемі» деген сөз бар қазақта. Ұясын қия шыңға салатын, көбіне зеңгір көкте қалықтайтын қыранның жерге қонатын сәтін қарғалар аңдиды екен. Белгілі жағдай – боқтықта барқылдап жүретін қарға (Абай. Жетінші қара сөзі) құс төресінің жеміне жабыла кететін көрінеді. Тіпті, бүркітті шоқитын көрінеді. Керегедей қанатын қағып жіберіп, қыран көзге әзер шалынатын көкке, шырқау биікке көтеріліп кеткенде далбақтап қалмайтын қарғалар ауа жетпей, жерге құлап түседі дейді. Бәлкім – аңыз, бәлкім – шындық. Әйтпесе, қаймықпай қасқырға түсетін қыран қарғаға қалай шоқытады?

Ықылымнан текті болып жаратылған қазақтың баққан малы да, қолға үйреткен хайуаны да, сыйынған пірі де – текті. Айталық, мал төресі – жылқы, құс төресі – қыран, әрине, тәу етері – Тәңірісі бар көкбөрі («Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар»).

Биыл қысқа ғұмыр кешкен қазақтың қос қыраны – Сәкен Сейфуллин мен Нұркен Әбдіровтың мерейтойлары. Сәкен ағамызды сұңқарға теңейміз ұйқастырып. Мейлі, солай айтсақ та жарасады. Екеуі де шүберекке түйген шыбын жандарын елі үшін қиған, Алашымның айбары, айбаты, қазағымыздың ауыз толтырып айтатын аймаңдай азаматтары еді.

Қос қыранымызды қарғалар атып өлтірді. Сәкен өз қарғаларымыздың, Нұркен жау қарғаларының оғынан қаза тапты. Екеуі де тап-таза зеңгір көкті қиып, елі, жері, халқы үшін қара жерге төмендеді. Қазақ үшін, қызыл қарын жас баланың қамы үшін керегедей қанатын қағып жіберіп, көкке көтерілгенше қарғаларымыз азаптап, ақыры атып өлтірді Сәкенді.

Нұркен жалындаған небары 23 жасында неміс-фашист қарғалардың төбесінде жасындай ойнап, шүйіліп келе жатқанда қапияда снаряд тиіп, жауын жастықша жаншып, жан берді. Қаздауысты Қазыбек бабасының «Жеріміздің шетін жау баспасын…» деген өсиетін орындады. Қос қыран биікке көтеріле алмады қайыра.

Тәндері – жерде, рухтары – көкте. Қос қыранның көтерілген биігін аласартуға, шыққан шыңдарын аласартуға хақымыз жоқ. Ана ауылдыкі, мына аудандыкі, біздің облыстыкі деп тұлғаларымызды меншіктеп, көкпарға салсақ, аруақ кешпейді. Олар – Қазақ деген қайсар халықтың ұлдары.

Қарғалар әлі бар барқылдап жүрген. Бүгінгі ұрпақ осы қырандарымызға «болмаса да ұқсап бақса» (Абай), діттеген жерімізге жетеміз.

Мағауия СЕМБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Президенті сыйлығының иегері.