Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті автобустар мен арнайы техника шығаратын QazTehna компаниясымен ұзақмерзімді ынтымақтастық жөнінде уағдаласты.
Стратегиялық әріптестік ғылым, білім және өнеркәсіп байланысын күшейтуге бағытталған. Бұл өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал етуі тиіс. Осы мақсатта университет қызметкерлері зауытта болып, өндіріспен танысты.
– Келісім аясында «QazTehna» ЖШС зауытының базасында университет филиалын ашу жоспарлануда. Бөлімше ғылыми-практикалық жұмыстарды іске асыру, өндірістің техникалық тапсырмалары бойынша жобаларды орындау және инженер-конструкторлар мен инженер-технологтар сияқты жоғары білікті мамандарды даярлау алаңына айналады, – деді Қарағанды техникалық университетінің оқытушылары.
Мамандардың айтуынша, Қарағанды техникалық университеті бүгінде тек білім беру мекемесі ғана емес. Бұл өнеркәсіпті өзгертетін ғылыми инновациялар туатын, әлемді өзгертуге қабілетті жаңа инженерлік-техникалық шешімдер әзірленетін орталық. Оны аймақтың ғылыми жүрегі және инженерлік кадрларды даярлаудағы флагман деп атауға болады.
Ынтымақтастық бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша даярлықтың барлық деңгейлерін қамтиды. Студенттер мен оқытушылар пәнаралық жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Университетте сондай-ақ, студенттер мен магистранттардың қатысуымен жолаушылар автобусының прототипін жасау жобасы талқыланды. Үлгіні таңдай отырып, материалдарды іріктеуден, бөлшектерді құюдан бастап толық құрастыруға дейінгі барлық процестермен айналысатын команда анықталады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»