Біздің сұхбат

Виталий ТВАРИОНАС, «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Бірліктен асқан береке жоқ…»


Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмысы ұшан теңіз. Бұл ретте, өңіріміздегі бірлік пен тұрақтылықтың, ынтымақ пен келісімнің бірден-бір ұйытқысы – этномәдени һәм қоғамдық бірлестіктер деп айтуға болады. Ал, аймағымыздағы мұндай айтулы қоғамдық бірлестіктің бірі – «Lituanica». Сөйтіп, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында аталған бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консулы Виталий ТВАРИОНАС мырзамен сұхбат құрудың сәті түскен еді.

– Сөз бастамас бұрын, алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауға рұқсат етіңіз? Сіз үшін бұл мереке қаншалықты маңызды?
– Ынтымақтан асқан ырыс, бірліктен асқан береке жоқ. Алты құрлық алауыз болып жатқанда бейбітшіліктен артық бағалайтын несі қалды? Мен үшін ғана емес, күллі қазақстандықтар үшін маңызды деп ойлаймын бұл мереке. Сондықтан, қос жанарым қаншалықты маңызды болса, ұлт пен ұлтты, ұлыс пен ұлысты жақындастыра түскен бұл мейрамды да солай бағалаймын. Ел іргесі ең алдымен осы татулық пен бірлік негізінде қаланады ғой. Ендеше, осындай бейбіт мемлекетті қалыптастырып, азаматтарымызды айрандай ұйытып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін де ерекше атап өту қажет.

– Болашақ деп қалдыңыз? Өткенсіз болашақ жоқ демеуші ме еді? Тарихқа көз жүгіртіп, қазақ даласына литва азаматтары алғаш қай жылдары аяқ басқанын айта аласыз ба?
– Баз біреулер литва азаматтары Қазақстанға алғаш саяси қуғын-сүргін жылдары жер аударылып келді дейді. Мен олай демес едім. Тарихи Отанымыздан осы өлкеге табан тіреген бабаларымыз оған дейін де болған. Осы өлке деп отырғаным – күллі қазақ даласы. Маңғыстау, Қарағанды аймақтарында еңбек еткен геолог, жер қыртысын зерттеушілер аз болмады. Одан өзге салаларда да тер төккендер бар. Әрине, 1939 жылдан бастап жер аударылып келгендер де аз емес. Дегенмен, өз еркімен қоныс аударып, осында тұрақтаған, отбасын құрған ата-әжелеріміз де көп.

– Яғни, өңірімізде тұрып жатқан ұлты литва жерлестеріміз де жетерлік болғаны ғой?
– Дұрыс айтасың. Қазақстандағы ең көп литва қауымдастығы шоғырланған аймақ – Қарағанды облысы. Мұнда шамамен екі жарым мыңға жуық литва ұлтының өкілі бар. Бұл ретте, аралас отбасылар да аз кездеспейтінін айта кету керек. Діні мен тіліне, діліне қарамастан жұп құрап, некеге тұрып жатқан мұндай азаматтардың өзі ұлтаралық татулықты, бірлікті, ынтымақтастықты ту етері сөзсіз.

– Сол екі жарым мың азаматтың арасында аты озып, елге танылғаны, беделге ие болғаны да бар шығар?
– Әрине. Мемлекетіміздің қоғамдық өміріне немқұрайлы қарамайтын, белсенді азаматтар да баршылық. Дегенмен, анау атақты, мынау атақсыз деп атын атап, түрін түстеп жатудан аулақпын. Әркім қал-қадірінше Отанымыздың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Дегенмен, бірер азаматтың атын атамаса, тағы болмас. Мәселен, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Петр Кишкис, сонымен қатар, аралас жекпе-жек бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы Владимир Шмаргалев сынды азаматтарды атап өтуге болады.

– Аталған екі жарым мың азаматты ұйыстырар енді игі дүние – «Lituanica» қоғамдық бірлестігі болар? Бірлестік қызметіне тоқтала кетсеңіз?
– Бұл қоғамдық бірлестіктің іргесі 2003 жылы қаланып, ресми түрде тіркелді. Осы ретте, бірлестік қызметіне тоқталмас бұрын Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмысына алғысымды білдіре кеткім келеді. Себебі, елімізде этномәдени және қоғамдық бірлестіктерге барынша көңіл бөлінуде. Соның дәлелі ретінде қазір біз сұхбат құрып отырған осы «Достық үйін» айтар едім. Облыс орталығындағы қаншама бірлестік бүгінгі күні бір шаңырақ астында тұрақтап, тәжірибе алмасуға, дамуға, өркендеуге мүмкіндік алды. Түрлі мерекелер мен іс-шаралар өткіземіз. Тамаша мұражайымыз бен үнемі толықтырып отыруға тырысатын кітапханамыз да бар. Сөйтіп, құнды дүниелер, тарихи Отанымыздан жеткізілетін тәбәріктер бір арнаға тоғысып, бір шаңырақтан табылуда.

– Білуімізше, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясына облыс атынан аттанар делегация құрамындағы 42 адамның қатарында сіз де барсыз? Жауапкершіліктің жүгі ауыр ма?
– Сессия жұмысына осымен он бесінші мәрте қатынамақпын. Ал, кейбір делегат мүшелері алғашқы рет баруда. Тиісінше, солармен бірге мен де толқып тұрған жайым бар. Өйткені, Мемлекет басшысымен кездесу – қашан да ел азаматы өміріндегі ең айтулы оқиғалардың бірі һәм бірегейі болып қала бермек. Айта кету керек, өткен жылға сессия жұмысында Президентіміз алға қойған мақсатты абыроймен атқарып шықтық. Биыл да білек сыбана іске кірісеміз деген үміттемін.

– Ат-көлігіңіз аман барып қайтыңыз дей отырып, тағы бір мәрте алда келе жатқан мерекеңізбен құттықтаймыз. Сөз соңында ормандай оқырманымызға не тілер едіңіз?
– Аспанымыз – ашық, халқымыз – тату, болашағымыз – баянды болсын дегім келеді. Татулық атты шаттығымызды шайқап алмай, ұрпақтан ұрпаққа ұсына беруге жазсын. Бүгініміз қаншалықты бақытқа толы болса, ертеңгі күніміз де сол бақытты еселей түссін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button