Бас тақырыпБасты тақырыпКоронавирус

Вакцина орталықтары дайын

1 ақпан, дүйсенбіден бастап елде вакциналау басталады. Бұл күні облыс орталығында 4 вакциналау орталығы өз жұмысын бастайды. Біз барғаны – қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының Лободы 43 мекенжайы бойынша филиалында орналасқан. Бұдан бөлек, №1 және №3 емханада, №1 көпсалалы ауруханада арнайы жабдықталған вакциналау орталықтары алғашқы күннен ашылады. Кейін мамандар облыстың барлық өңірлерінде іске қосылатынын жеткізді. Облыста барлығы осындай 115 орталық ашылмақ. Және оларда облыс тұрғындарының 60%-ы вакцина алады деп жоспарланған.

Біз барған вакциналау орталығында вакцина салатын 3 кабинет, терапевт дәрігердің кабинеті, шұғыл көмек көрсету кабинеті мен вакцинадан кейінгі бақылау кабинеті бар.

– Вакцина салдырмас бұрын терапевтің қабылдауында болады. Ол адамның денсаулығы туралы кешенді медициналық ақпараттық жүйеде толық жазылған. Соның барлығы тексеріледі, – деді алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының директоры Татьяна Баширова.

Басшының айтуынша, вакцина алған адамға арнайы номер беріледі. Ол вакцинадан кейінгі бөлмеде жарты сағат отырып, сондағы мамандардың бақылауында болуы тиіс. Ал, одан кейін алты күн көлемінде жергілікті учаскелік дәрігердің қарамағында. Бұл шаралар вакцинадан кейін болуы мүмкін түрлі реакцияларды қадағалауға бағытталған.

– Кез келген вакцинаға реакция бірден немесе біраздан кейін байқалуы мүмкін. Жергілікті реакция екпе жасалған жердің ауырсынуы, қышу немес қызаруы сияқты көрініс береді. Дене қызуының көтерілуі, әлсіреу, бас ауру, қалтырау байқайлса – дәрігерге айту керек. Бұл белгілер үшінші күні толығымен жойылуы тиіс. Ал, шұғыл көмек қажет бола қалса, арнайы жабдықталған кабинеттер бар, – деді Т.Баширова.

Шұғыл көмек кабинетіндегі маман Шайзарат Нұрғалиев – жедел жәрдем фельдшері. Ол гипертермия, эпилепсия, анафилактикалық шок сияқты жағдайларда алғашқы көмек көрсетуге барлық мүмкіндік бар екенін айтты.

– Орталықта астмамен ауыратындарға ЭКГ аппараттары, реанимациялық негізгі құралдар бар. Тіпті, алып жүретін дефибриллятор да тұр. Барлық мамандар арнайы оқытылды, – деді ол.

Бұл ретте кабинеттерде бейнебақылау камераларының орнатылғанын бірден айта кеткен жөн. Ол бейнежазбалар «Қазақтелеком» АҚ-да жыл соңына дейін сақталатын болады.

Енді вакцинаға келейік. Бұл жолы ресейлік «Спутник-V» вакцинасы салынады. Ол Ресейден әкелінген. Кейінгі кезеңдерге Қазақстанда, нақтыласақ, Қарағанды фармацевтика орталығында өндірілген вакцина қолданылатын болады. Вакцина иыққа екі рет салынады. Екінші дозасын 21 күннен кейін салады. Оларды тасымалдау тәртібі де қатаң.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық қызметі басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, барлық вакцина бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС-дан таратылады.

– Оның республика бойынша 4 қоймасы бар. Солардан біздің облыстағы вакцина қоймасына әкелінеді. Ол бізде облыстық қан орталығында орналасқан. Қазір біз 1500 доза күтіп отырмыз. Олар облыстың ірі қалалары – Теміртау, Жезқазған, Балқашқа жіберіледі. Шалғай елдімекендерге жеткізу механизмі де бекітілген. Онымен айналысатын логистикалық компания бар, – деді Б.Төлегенова.

Вакцинамен қамтамасыз ету үшін облыс бойынша 99 медициналық мұздатқыш алыныпты. Сонымен қатар, вакцина тасымалдайтын арнайы 125 термоконтейнер бар. Олардағы логгерлер вакцинаның қандай температурада тұрғанын көрсетеді. Талап бойынша ол – 18 бен -23 аралығында болуы керек. Егер одан ауытқу байқалса, вакцинаның жарамсыз екендігін баса айтты дәрігерлер. Сондықтан, тасымалдау мен сақтау шарттарына талап күшті.

Бибігүл Төлегенова вирус антиденелеріне не болмаса ПТР-тестілеу жасалмайтынын жеткізді.

– Американың иммунология институты жүргізген зерттеулер нәтижесі коронавирус жұқтырған адамдарда антиденелер алты айға дейін болатынын көрсетті. Бізде ауру жаз кезінде шарықтап кетті. Сол уақытта халықтың көп бөлігі ауырды. Кейін, күзде вирустың таралуының саябырлағаны сол кезде қалыптасқан иммунитеттен болды деп есептейміз. Қазір, ол антиденелер адам бойынан жоғалған кезде ауру қайтадан өршіп барады. Сондықтан, коронавирустан құтылудың жолы вакцина ғана, – деді маман.

Бірінші кезекте дәрігерлер, оның ішінде, инфекциялық госпитальдар, жедел жәрдем қызметі мамандары егіледі.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button