Біздің сұхбат

Әулет өтілі – 260 жыл

    Біздің әулеттің ұстаздық қызмет өтілі – 260 жыл екен. Жер бетіндегі киелі кәсіптер қатарынан саналатын мұғалім мамандығын ең алғаш атамыз Айтан Айтбайұлы БАЛТАБЕКОВ жанына серік етіпті. Бүгінгі ұрпақ осынау игі істі ғасырдан ғасырға  алып келеді. Ата аманатына адалдық деген осы болар, сірә. Атамның өмір жолы бізді, артында қалған немере-шөберелерін үнемі қызықтырып келеді. Ыңғайы келгенде атамыздың ұлағатты ғұмыры туралы әкем Бекен АЙТАНҰЛЫМЕН кең отырып әңгімелесудің сәті түсті.

– Әке, мехнатын біле тұра біздің әулет неге мұғалім мамандығын таңдады?

– Балам, біз ұстаздықты емес, ұстаздық бізді таңдады десек те болады. Айтан атаң осы кәсіптің қиындығын да, қызығын да өткере жүріп, талай ұрпақты адаспас жолға бастады. Ақыл беріп, тағылым танытып, ұлағатты ұстаз атанды. «Өткеніңді ұмытсаң, өшкеніңнің белгісі, өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі» деген. Әкем туралы ойласам, күні кеше ғана жанымда жүргендей, басымнан сипап, қасымда тұрғандай көрінетіні рас. Әкем мен үшін мынау жарық дүниедегі ешбір адамзат баласы тең келмейтін, болмысы – бөлек, тұлғасы – биік, парасатты, ыждаһатты, кең пейілді, ақкөңіл, білікті де білімді, кез келген қиындықты қажырлы еңбегімен жеңе білген пәк жан еді. Өмірдің қамшының сабындай қысқалығын бағамдап, уақытын бекер өткізбеуге тырысатын. Үйдегі жетеуміздің де оқып, лайықты еңбекке араласуымызға әкем мен анам дәнекер болды.

Өмірінде дау-дамайға салынып, дүбірге еріп, бұлқынбады. Жүрегінің сөзін тыңдап, сол жүректің ақылына мойынсұнған жан. Әрдайым ақылын да айтып отыратын. Осындайда еске түседі… Бірде «Өмір деген асау тұлпар сияқты, кейде тулап, жалын ұстатпайды. Ұстатпады екен деп теріс айналуға тағы болмайды. Барлық құқайына төзе отырып, табандылықпен алыса жүріп, ерттей білуің керек. Сонда сенің жеңгенің», – деп, бетіме қарап, жымиып еді.

Төрт жасында ата-анасынан айырылып, көк жетім атанған әкемді өмір, қоғам шынықтырды. Өмірге деген құштарлық жанына серік болды. Ер жете асылдың қасиетін, жақсының өсиетін ойына жинақтай жүріп, жақсылықтың нарқын, сөздің парқын қас қабақтан түсіне отырып, тереңнен ойлап, алысты болжай білетін табиғи дарынымен ұлағатты ұстазға айналды. Парасаттылығымен алдындағы шәкіртінің бойына кез келген пендеде бола бермейтін адами болмысты, адами қасиетті дарыта білген аяулы да абзал жан, ұстаздардың ұстазы атанды.

– Атам – соғыс ардагері. Ұлы Отан соғысындағы әйгілі шайқас – «Курск доғасына» қатысқанын бірнеше мәрте газет беттерінде жарияладыңыз. Соғыстан кейінгі бейбіт заманда да ел игілігі үшін аянбай тер төкті…

– Әкемнің біліктілігі мен білімділігі өз алдына, қызметтегі ұйымдастыру қабілеті ерекше болғаны жас болсам да есімде ерекше сақталыпты. Мәселен, кісіні шама-шарқына қарай жұмсай білуіне замандастары тәнті болатын. Ғұмырында әкеміз елеулі еңбең жолынан өтті. Көкшетау педагогикалық училищесін тәмамдады. 1933 жылдан 1942 жылға дейін  Қарағанды кен училищесінде инструктор, Сарытерек колхозындағы жетіжылдық мектеп директоры, М.Горький атындағы мектеп директоры, аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарды. 1942-1945 жылдар аралығында көппен Ұлы Отан соғысына қатысты. Елге оралған соң 1945-1956 жылдары Сарытерек жетіжылдық мектебі мен Киров колхозындағы жетіжылдық мектеп директоры болды. Білімін жетілдіруді мақсат етіп, 1954 жылы Қарағандыдағы мұғалімдер институтын бітірді. Кейінгі жылдары Қарабұлақ ауыл советіне қарасты Сталин атындағы колхоздың жетіжылдық мектебі мен «Бірлестік» жетіжылдық мектебіне басшылық етті. Ал, 1965-1987 жылдары Сарытерек орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасады.

Ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмады. Бірнеше мәрте басшылық органдардың марапатына ие болды. Солардың арасында 1957 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігі тарапынан берілген «Оқу-ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін ерекше атап өтуге болады.

– 2018 жылы Ақтоғай ауданының құрылғанына – 90 жыл. Сарытерек ауылының ашылғанына да 90 жыл толмақ. Осы торқалы мерейтой қарсаңында атамның ауданға және Сарытерек ауылының өркендеуіне қосқан үлесін атап өтсеңіз…

– Әкемнің еңбек жолы туралы жоғарыда айтып өттім. Әкеміз Ақтоғай ауданы көлемінде оқу-ағарту саласын өркендетуде тынымсыз еңбек етіп, тер төккен азаматтардың бірегейі еді. Сол кездегі қоғам қай қиырға жіберсе де, қиядан көрініп, тереңге салса да, бойлап шыға білді. Кез келген істе табанды қайраттың, жалынды жігердің өнегесін танытып, биіктен көріне білді. Елдің бетінде, желдің өтінде жүріп, ерік күшін танытты. Аудандық партия комитетінің «Ауданымыздың экономикасын өркендетуге атсалысайық» деген үндеуіне орай, Сарытерек орта мектебін бітірушілері ауданымызда тұңғыш рет «Жалын», «Ұшқын», «Құрдастар» іріленген комсомол шопандар бригадаларын құруға қатысты. Осы істің басы-қасында әкем марқұм жүрді. Аудандық партия комитеті «Озат мұғалім», «Озат насихатшы» ретінде газетке басып, ауданға, облысқа іс-тәжірибесін таратты. Ұстаздық қызметін, көпжылдық еңбегін партия жоғары бағалап, 1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бұйрығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

– Атамның адамгершілігі, парасат пайымы да жоғары болғаны белгілі. Ұрпағына да әрдайым шексіз махаббатпен қарап өткенін білеміз… Атамның ғұмыры – бізге ғибрат…

– Әкем басымыз қосылғанда «Ешкімнің ала жібін аттама, кісі ақысын жеме, сыртынан даттама, досыңа кек сақтама, сүрінгенге тіреу бол, адасқанға жол көрсет, менмендіктен аулақ бол. Адалдық деген қасиетті мойныңа таққан тұмарыңдай бойыңа сіңіре біл, танымдылық белсенділігіңді, шығармашылық еңбегіңді, кәсіби деңгейіңді жылдан жылға шыңдай бер. Ізденуден бір сәт жалықпа. Өмірге деген құштарлықпен биікке қарай қалықта, артыңнан ерген бауырларыңа демеу, тіреу бол», – деп отыратын. Сол аманатына әлі күнге дейін адалдық танытуға тырысып келеміз.

– Әке, асқар Алатаудай болған атам туралы әңгімеңізге үлкен рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлмира АЙТБАЙ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button