АймақҚарағанды

Тоқсан жылдық толайым табыс

Тоқсан жылдық белесті еңсерген өңір нақты нәтижелермен, дәлелді деректермен және ең бастысы, жылдан-жылға еселеніп келе жатқан көрсеткіштерімен еңселене түскені даусыз.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Өңірді дамытудың соңғы бес жылдық жоспарының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің көлемі шамамен 4 триллион теңгеге жетіп, өсім 5,8 пайызды құрады. Тау-кен өндіру саласы бұдан да жоғары қарқын көрсетіп, 7,4 пайызға артты. Металлургия, машина жасау, химия және фармацевтика өнеркәсібі, сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіру салалары да тұрақты өсімге қол жеткізді.

– Өнеркәсіп өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Ең бастысы, даму жекелеген кәсіпорындар деңгейінде емес, облыстың бүкіл өндірістік құрылымын қамтып отыр, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірді дамыту жоспарының орындалуы турасында.

Өңір экономикасының негізгі тірегі бұрынғысынша жүйе құраушы кәсіпорындар – «Qarmet» металлургиялық компаниясы мен «Қазақмыс» корпорациясы болғанымен, облыс экономикасы бір ғана салаға тәуелділіктен біртіндеп арылып келеді.

Мысалы, былтыр өңірде 25 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның 17-сі өнеркәсіп саласына тиесілі. Атап айтқанда, Qaragandy Power Silicon кәсіпорнында екі жаңа пеш пайдалануға берілді, Tau-Ken Temir зауытында металлургиялық кремний өндірісі қайта жанданды, Қазақстандағы алғашқы ыстық мырыштау зауыты мен Саран индустриялық аймағындағы «ТЭМПО-Қазақстан» тік жікті құбырлар шығаратын кәсіпорны іске қосылды. Жылдың алғашқы он айында QazTehna зауытында екі мыңға жуық автобус пен арнайы техника құрастырылды. Tengri Tyres кәсіпорны жарты миллионға жуық автокөлік шинасын өндірсе, Silk Road Electronics зауыты 250 мың дана тұрмыстық техника шығарды.

Өңірдің өндірістік келбетін алып кәсіпорындар айқындағанымен, оның экономикалық тұрақтылығы бүгінде мыңдаған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің іскерлігіне сүйеніп келеді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде облыста 700-ге жуық бизнес-жоба субсидияланып, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 102 мыңға жетті.

Облыста қанатқақты режимде шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылуда. Бұл – ең алдымен, шағын кәсіпорындардың дамуына арналған икемді өндірістік инфрақұрылым десек, қателеспейміз. Саран қаласында тұрмыстық техникаға арналған бөлшектер шығаратын OptimTech өндірістік алаңы қалыптасып жатса, Қарағандыда Exim Star Kazakhstan және «Строй Сервис Қарағанды» кәсіпорындарының өндірістік нысандары салынуда. Мұнда металл өңдеу, резеңке-техникалық бұйымдар, тұрмыстық химия және құрылыс материалдарын өндіру жолға қойылады.

Дала дәулетінің әлеуетіне дүрбі салар болсақ, Сарыарқаның егіншілік пен мал шаруашылығына негізделген тарихы – өңір дамуының жарқын беттерінің бірі. Өткен жыл қорытындысында облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 531,9 миллиард теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайыздан астам өсім көрсетті. Биыл өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 63,6 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мал шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық берілуде. Бұл бағытқа 7 миллиард теңге бөлініп, мемлекеттік қолдау аясында асыл тұқымды мал басы көбейтілуде.

Өңір кәсіпорындарының табысты тәжірибесінің бірі – Saumal Biotech компаниясы. Кәсіпорын бие мен түйе сүтінен дайындалатын сублимацияланған қоспалар мен мал азығын өндіреді.

***
Тоқетерінде тоқсан жыл келешекке жаңа міндет айқындайтын белес деп батыл бағамдауға болады. Сарыарқаның сәмиян даласы адал еңбектенген жан атаулысына көл-көсір ырыс сыйлайтынын сан мәрте дәлелдеп келеді. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі алты пайызға жуық өсім көрсетіп, инвестициялық қоржын триллиондаған теңгемен өлшеніп, шағын және орта бизнес жыл сайын жаңа өндіріс орындары мен заманауи шаруашылықтарды іске қосып жатқан шақта, облыс болашаққа деген нық сеніммен қарсы алып отыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button