«Сарыарқа» жеңіске жетті
Қазақстан чемпионаты аясында Қарағандыда жергілікті «Сарыарқа» Өскеменнің «Торпедосын» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Кездесудің алғашқы екі кезеңінде командалар есеп аша алмады. Үшінші кезеңде ғана табло өзгерді. Матчтың 51-минутында қарағандылық Александр Борисевич қарсылас қақпасын дәл көздеп, «Сарыарқаны» алға шығарды.
Ойынның соңғы минуттарында «Торпедо» есепті теңестіруге тырысып, қақпашысын алаңнан шығарды. Алайда бұл шешім қонақтарға кері әсер етіп, «Сарыарқа» бос қақпаға екінші шайбасын енгізді. Қарағанды командасының сапынан Данила Карабань мергендік танытты.
Осылайша, «Сарыарқа» өз алаңында «Торпедоны» 2:0 есебімен жеңіп, чемпионаттағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Командалар арасындағы келесі кездесу 11 қыркүйекте Қарағандыда өтеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



