ЖаңалықтарАймақАйтылды – ОрындалдыПриозерск

Туризмді түлеткен шаһар

Приозерск қаласы бүгінде өзінің туристік әлеуетін тиімді пайдалануға бет бұрып, экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты ретінде туризм саласын дамытуға айрықша мән беріп отыр. Табиғи ерекшелігі, жағажай туризмін дамытуға қолайлы мүмкіндігі, ішкі туризмге сұраныстың артуы және кәсіпкерлік бастамалардың көбеюі қаланың туристік бағыттағы жаңа келбетін қалыптастыруда. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту, өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану, халықтың әл-ауқатын арттыру және туризм саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары бүгінде Приозерск қаласында нақты істермен сабақтасып отыр.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кәсіпкерлік – қаланың әлеуеті

Қаланың экономикалық тынысын кәсіпкерліксіз елестету мүмкін емес. Бүгінде Приозерск қаласында 817 кәсіпкер тіркелген. Бұл – тұрғындардың жеке бастамасына сүйеніп, өз ісін ашуға деген ұмтылысының бар екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қолдау тетіктері де кәсіпкерлікке серпін беруде. Соның ішінде «Өрлеу», «Іскер аймақ», «Ауыл аманаты» бағдарламалары жергілікті тұрғындардың кәсіп бастауына, жұмыс істеп тұрған кәсібін кеңейтуіне мүмкіндік беріп отыр.

Кәсіпкерліктің дамуы әсіресе туризм саласында айқын байқалады. Себебі, турист келген жерде оған қонақүй, тамақтану орны, көлік қызметі, демалыс пен ойын-сауық, сауда және басқа да қызметтер қажет. Демек, бір туристің келуі бірнеше кәсіпкерге жұмыс береді. Сондықтан, Приозерск үшін туризмді дамыту – көл жағасына демалушыларды көптеп тарту ғана емес, тұтас қаланың экономикалық белсенділігін арттырудың тетігі.

Осы бағытта биыл екі туристік нысан ашылды. Жаңа нысандардың іске қосылуы қаланың туристік картасын толықтырып, демалушыларға ұсынылатын қызмет түрлерін көбейте түсті.

Қаланың кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Серік Нахановтың айтуынша, кәсіпкерлік пен туризмді қатар дамыту – шағын қаланың экономикалық мүмкіндігін кеңейтудің маңызды жолы.

– Президент тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Туризм саласында жаңа нысандардың ашылуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асуы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, қала экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді», – дейді Серік Наханов.

Туристік инфрақұрылым қалыптасуда

Қалаға келген қонақтың ең алдымен іздейтіні – жайлы баспана. Бұл бағытта да Приозерскіде жағдай жыл сайын жақсарып келеді. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Алтаевтың мәлімдеуінше, қазір қала аумағында 11 қонақүй жұмыс істейді. Олардың жалпы нөмірлік қоры 161 бірлікті, ал, сыйымдылығы 438 төсек-орынды құрайды.

Қонақүйлермен бірге хостелдер мен шағын қонақүйлер де қызмет көрсетеді. Бұған қоса, тұрғын үйді жалға беру саласында еңбек етіп жүрген жеке кәсіпкерлер бар. Қаладағы жалға берілетін пәтерлердің жалпы саны 74 бірлікке жетеді. Олардың арасында бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлер бар.

Яғни, Приозерск бүгінгі таңда туристерді қабылдайтын инфрақұрылымын біртіндеп қалыптастырып үлгерді. Ал, алдағы жылдары жаңа қонақүй кешендері мен демалыс орындарының іске қосылуы бұл мүмкіндікті одан әрі кеңейтпек.

Туристік нысандардың қолжетімділігі де назардан тыс қалмаған. Оларға жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары арқылы жетуге болады. Автотұрақ аймағы туристік нысаннан 300 метр қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы автотұрақ орындары жабдықталған. Бұл – туристік инфрақұрылымның тек санын көбейту емес, оның қолжетімділігі мен қолайлылығына да мән беріліп отырғанын аңғартады.

«Шағала» жағажайы шақырады

Приозерскінің туризм десе, ойға бірінші оралатын нысанының бірі – «Шағала» коммуналдық жағажайы. Жаз келгенде көл жағасы жанданып, қала тұрғындары мен алыстан ат терлетіп келген демалушылардың қарасы көбейеді. Балқаштың мөлдір суы мен жағалаудың кең тынысы адамға ерекше әсер сыйлайды.

Сондықтан, жағажайдың жағдайы мен қауіпсіздігі қала үшін қашанда маңызды мәселе. Биыл жылдың басынан бастап, туристік нысандарды паспорттау жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде Приозерск қаласының «Шағала» коммуналдық жағажайының паспорты бекітілген үлгілік талаптарға толық сәйкес рәсімделген.

Жағажай аумағын күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстар мердігер ұйымға бекітілген. Жазғы туристік маусымға дайындық барысында жағажай аумағын кеңейту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мұндағы басты мақсат – көл жағасына келген әрбір демалушының уақытын жайлы әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау.

Абаттандыру кезінде көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылған. Жаяу жүргіншілер жолдарына брусчатка төселіп, автотұрақ аймағына асфальт-бетон жабыны жүргізілген. Жағалау бойына орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған. Балалардың көңілді уақыт өткізуіне, жастар мен ересектердің спортпен айналысуына мүмкіндік беретін спорттық және ойын алаңдары жабдықталған.

Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл өзгерістердің барлығы жағажайдың келбетін жаңартып, оны толыққанды демалыс орнына айналдыруға бағытталған.

Жайлы әрі қауіпсіз демалыс

Туризмнің сәнін келтіретін нысан көп болғанымен, қауіпсіздік қамтамасыз етілмейінше оның тартымдылығы толық болмайды. Осыны ескере отырып, «Шағала» жағажайында демалушыларға қажетті санитариялық-гигиеналық жағдай жасау бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған.

Атап айтқанда, 1 модульдік контейнер, 1 санитариялық-гигиеналық торап, 2 киім ауыстыратын кабина, 1 душ кабинасы және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 4 контейнер орнатылған.

Жағажай аумағында құтқарушылардың, медицина қызметкерлерінің және құқық қорғау органдары өкілдерінің кезекшілігін ұйымдастыру үшін арнайы модульдік контейнер орналастырылған. Және 1 маусымынан бастап, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Жауапты мамандар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Қандай да бір жағдай орын алған кезде жедел ден қою да жолға қойылған.

Жағажайда алғашқы медициналық көмек көрсету пункті жұмыс істейді. Ал, құтқару қызметтері қажетті жабдықтармен және арнайы құтқару құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Бұл шаралардың барлығы бір ғана мақсатқа – Балқаш жағалауындағы демалысты қауіпсіз әрі жайлы етуге бағытталған.

Кәсіпке – қолдау, туризмге – серпін

Туризм саласының дамуы кәсіпкерлердің белсенділігімен тікелей байланысты. Осыны ескерген қалада кәсіпкерлердің демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуіне жағдай жасалған. Бұл бағыттағы әрбір жаңа бастама қала үшін маңызды.

Себебі, демалыс орны көбейген сайын туристің қалада аялдау уақыты да ұлғаяды. Ал, туристің ұзақ аялдауы – қонақүйге, тамақтану орындарына, ойын-сауық пен басқа да қызметтерге деген сұраныстың артуы. Осылайша, туризм бір саланы ғана емес, кәсіпкерліктің бірнеше бағытын қатар дамытады.

Биылғы жылы Приозерск қаласының Бас жоспары бекітілген. Аталған құжатқа сәйкес, туристік саланы дамыту үшін 60,0 гектар аумақ қарастырылған. Бұл аумақ алдағы уақытта жаңа туристік нысандарды орналастыруға, демалыс аймақтарын қалыптастыруға және туристік инфрақұрылымды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Оларға өңірдің туристік мүмкіндіктері таныстырылып, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Жоспар ауқымды. 2026-2028 жылдарға туристік бағыттағы бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Олардың қатарында қонақүй кешендері, демалыс аймақтары және жол бойындағы сервистік нысандар бар.

Жаңа нысандар бой көтеруде

Қазірдің өзінде Приозерск аумағында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру басталған. Жеке кәсіпкер «Сагатов» қонақүй кешенінің құрылысын, жеке кәсіпкер «Григорьева» қонақүй құрылысын, ал, жеке кәсіпкер «Енсетбай» демалыс аймағының құрылысын жүргізуде.

Бұл нысандардың іске қосылуы туристерді орналастыру мүмкіндігін арттырып, қаладағы қызмет көрсету саласының дамуына жаңа серпін бермек.

Ал, «Қайсар» ЖШС автомобиль жолының бойында қонақүй құрылысын жүргізіп жатыр. Жол бойындағы мұндай сервистік нысандардың маңызы ерекше. Өйткені, қалаға келген немесе қала арқылы өтетін турист үшін жол бойындағы қонақүй, тамақтану және демалыс қызметтері қажет. Жоба іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік туады.

Тағы бір жоба – жеке кәсіпкер «Тажибаевтың» демалыс аймағын салу бастамасы. Жоба аясында «Тюльпан» жағажайы ауданында ауданы 2,0 гектар жер учаскесін бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жобалардың барлығы Приозерскінің туристік әлеуетін кезең-кезеңімен ашуға бағытталған.

– Қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Ағымдағы жылы қалалық жағажайды абаттандыру бойынша мемлекеттік сатып алулар конкурсы жарияланды. Жобаны іске асыру екі жылға есептелген.

Туристік нысандарды дамыту олардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстауды да талап етеді. Қарағанды облысының әкімі тапсырмасына сәйкес туризмді дамыту жөніндегі мобильді топ құрылды. Мобильді топтың міндеті ауқымды. Ол туристік инфрақұрылымның жай-күйіне мониторинг жүргізіп, санитариялық жағдайдың сақталуын, қоғамдық тәртіптің қамтамасыз етілуін бақылауға алады.

Сонымен қатар, өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету бағытында да жұмыс жүргізеді, – дейді Приозерск қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Серік Наханов.

Айта кетейік, Приозерск туризмді қаланың жаңа даму бағытына айналдырып келеді. Кәсіпкерлікке қолдау, жаңа жобалар мен жаңарған инфрақұрылым – соның айқын дәлелі. Басты мақсат – Балқаш жағасындағы қаланы тартымды туристік мекенге айналдыру.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button