Жаңалықтар

Мамандыққа махаббат керек

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің 95 жылдық тарихын фотосуретсіз елестету мүмкін емес. Басылымның әр жылындағы ел өмірі, өндіріс тынысы, кенші мен металлургінің еңбегі, ауыл тіршілігі, мәдениет пен білімдегі өзгерістер – бәрі де фототілшілердің объективі арқылы газет бетінде хатталды. Сол фотошежірені жасауға қырық жыл ғұмырын арнаған ардагер фототілші Жұмабек Иманәлиевпен сұхбаттасқан едік.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Жұмабек аға, фотоаппаратты алғаш қолыңызға алып, фототілшілікке келген жолыңыз қалай басталды? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Фотографияға қызығушылығым алтыншы сыныпта басталды. Ағамның досы Володя Сухинин деген жігіттің үйінде алғаш рет фотоаппарат көрдім. Оның «Смена-8» деген фотоаппараты болатын. Сол фотоаппараттың өзі маған ерекше әсер етті. Әсіресе, қабының иісі әлі есімде. Сол иістің өзі мені магниттей тартатын. Ол кезде фотоаппарат маған басқа бір әлемнің таңғажайып дүниесіндей көрінетін. Нысанды дәлдеп, диафрагманы реттеп, түсіру жылдамдығын белгілейсің де, түймені басып, нәтижесін күтесің. Сол процестің өзі мені тұтастай баурап алды. Фотографияны арнайы бір ұстаздан үйренген жоқпын. Өз бетімше іздендім. Ол уақытта пленка, фотоқағаз, анықтағыш, бекіткіш сияқты қажетті дүниелердің өзін табу оңай емес еді. Сол кездің өзінде фотографияның мен үшін жай әуестік емес екенін түсінген шығармын. Сәтті түсірілген сурет шыққанда қуанышымда шек болмайтын. Ал, сурет ойдағыдай шықпай қалса, қайтадан үйренуге кірісетінмін. Жалпы, мен суретпен өмір сүрдім десем болады.

Мектеп бітіргеннен кейін бір жыл теміржолда жұмыс істедім. Шпал ауыстырдым, қайла, күрек ұстадым. Еңбекке араласу керек болды. Бірақ, көп ұзамай бұл жұмыс маған тән емесін  түсіндім. Сол кезде Володя Сухинин маған Шымкенттегі фотографтар даярлайтын училищеге түсуге кеңес берді. Осылайша, 1969 жылы Шымкенттегі училищеге оқуға түстім. Бір жылдан кейін төртінші санатты фотограф атандым. Еңбек жолымды Түлкібас тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында бастадым. Кейін Жуалы аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында жұмыс істедім. Өмірімде тағы бір бұрылыс болды. Ауруханада рентген кабинетінің лаборанты болыпта қызмет істедім.

1974 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қарағанды облысына көшіп келдім. Мұнда 1 жыл жұмыс істеген соң ауылға қайтамын деп келгенмін. Қазір 52 жыл болды осында қызмет істеп жүргеніме. Осылайша Топар кентіндегі Мичурин аудандық «За коммунистический труд» газетіне бардым. Сол жерде менің фототілшілік жолым басталды.

– «Орталық Қазақстан» газетінде фототілші болып еңбек еткен жылдарыңыздың ішінде редакциядағы орта мен журналистиканың сол кездегі тынысы қандай еді?

– Топардағы аудандық газетке барған кезім әлі есімде. Газет редакторы Валентин Баландин еді. Ол маған алғашқы тапсырмамды беріп, Мичуринский совхоз-техникумына іссапарға жіберді. Ол кезде кез келген жерге барып, қалаған адамыңды бірден суретке түсіре алмайсың. Фототүсірілім жасау үшін алдымен кәсіподақ комитеті мен партия ұйымының хатшылығы арқылы келісім алу керек. Солардың рұқсатымен ғана қажетті адамдарды суретке түсіретінбіз. Сөйтіп, басында құлағы қайқайған қалпағы бар, сақал-мұрты өскен адамды суретке түсірдім. Редактор суретті көргенде «Бұрынғы тұтқынды қайдан тауып алдың?»  деп жұмысқа жаңа орналасқан маған сөгіс беріп, бір апта жұмыстан уақытша шеттетілдім. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Сол кезде кадрда тек оқиғаның мазмұны ғана емес, эстетика да маңызды екенін түсіндім. Объективтің алдына кез келген адамды қоя салу жеткіліксіз. Кейіпкер кадрға дайын болуы керек. Содан бері адамды суретке түсірмес бұрын алдымен дайындайтын болдым. Киіміне, сыртқы келбетіне қараймын. Кадрда лайықты көрінуіне мән беремін. Аудандық газетте фототілші болып жұмыс істеген үш жылым оңай болған жоқ. Бірақ, менің мінезім қайсар еді. Бір істі қолға алсам, соңына дейін жеткізуге тырысатынмын. Сол жылдары өзім де көп іздендім. Тәжірибелі әріптестердің жұмысын зерттедім. Беделді басылымдарды үзбей оқитынмын. «Труд», «Известия», «Правда» газеттерін, «Советское фото» журналын тұрақты қарайтынмын. Білмегенімді сұраудан ұялмадым. Әріптестерім Юрий Панов пен Артур Куаналиев те көп нәрсе үйретті. Олардан «Көп ойланып тұрудың қажеті жоқ, нақты фактіні түсір» деген кеңесті жиі еститінмін. 1977 жылдан бастап суреттерім облыстық «Индустриальная Караганда» және «Орталық Қазақстанға» жариялана бастады. Ал, 1979 жылы «Орталық Қазақстанға» келдім. Сол кездегі бас редактор Рамазан Сағымбеков болатын. Мені газетке Рымқұл Сүлейменов шақырды. Бір күні ол маған «Орталықта» жұмыс істейсің бе?» – деді. Мен «Істеймін», – дедім. Суреттерім «Орталық Қазақстанға» шыға бастаған соң редакцияда көзге түстім. Содан кейін мені редакторға апарды. Ол кезде редактор Рамазан Сағымбеков менімен сөйлесіп, қайдан келгенімді, қанша жыл жұмыс істегенімді сұрады. Сосын өтініш жаздырды. Мен оған «Қазір өтініш жазғаныммен, редакторым Михаил Сикордин мені жібермейді», – дедім. Ол болса, «Сен қазір өтінішіңді жазып кет», – деді. Сөйтіп, шілде айында өтініш жаздым. Бір ай міндетті өтуімді жасап, редакторыма кететінімді, мені «Орталық Қазақстанға» шақырғанын ескерттім. Бірақ, Михаил Сикордин «Жібермеймін!» – деп қарсы болды. Дегенмен,  өз шешімімнен қайтпадым. Осылайша мен «Орталық Қазақстанға» келіп, облыстық деңгейдегі оқиғалардың бел ортасына кірдім.

Мен үшін бұл редакция – үлкен мектеп. «Орталық Қазақстанда» Қағазбек Саденов, Орынбай Аймағамбетов, Амантай Сағындықов, Қайыркен Сұлтанов, Зарқын Тайшыбай секілді қаламгерлермен бірге еңбек еттім. 1980 жылдан бастап, «Индустриальная Караганда» газетімен де тығыз шығармашылық байланыста болдым. Ол редакцияда Владимир Коревко, Александр Горбенко, Евгений Мехаев, Серік Сатаев, Петр Жуковский, Дмитрий Зинчук сияқты білікті журналистер жұмыс істеді.

Фотожурналистика шеберлері Владимир Лунякин, Николай Сюрин, Валерий Петуховты да ерекше құрметпен еске аламын. Олар маған ракурсты, жарықты, қажетті сәтті дұрыс таңдауды үйретті. Владимир Лунякиннің «Ешқашан шетте тұрма, бастамашыл бол» деген сөзі өмір бойы есімде қалды.

– Сіз ондаған жыл бойы Қарағандының өндірісін, кеншілер мен металлургілердің еңбегін, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды таспаға түсірдіңіз. Сол кезеңнен оқырманға ең алдымен қандай көріністі көрсеткіңіз келеді?

– Фототілші – кабинетте отырып, жұмыс істейтін маман емес. Менің жұмысым жолда өтті. Автобусқа мінесің, жолай көлік тоқтатасың, шаң басқан ауыл жолдарымен жүресің. Сол арқылы Қарағанды облысының кең-байтақ аумағын араладым. Алғашқы іссапарым – Қарқаралы ауданындағы «Киргизия» совхозы. Егін орағын түсірдім. Әлі есімде. Кейін ауыл шаруашылығымен ғана шектелген жоқпын. Өнеркәсіпті, құрылысты, шахталарды, мәдениет пен білім беру саласын, медицинаны да түсірдім. Қарағандының өндірістік тынысын, еңбек адамдарының күнделікті тіршілігін объективім арқылы көрсетуге тырыстым. Фототілші үшін әр іссапар – жаңа оқиға. Бірде Қырғызстаннан келген белгілі хирургтың алғашқы жүрек операциясын жасауына куә болдым. Бізге небәрі бес минут уақыт берілді. Тез дайындалып, сол тарихи сәтті суретке түсіру керек болды. Әрине, қорқынышты болды. Бірақ бұл – менің жұмысым еді. Сол сәтте өзіңнің қобалжуыңды ұмытып, жауапкершілікті бірінші орынға қоясың.

– Объективіңізге елге белгілі талай тұлға түсті. Солардың ішінде адам ретінде ерекше әсер қалдырған немесе түсірген бір кадрыңыздың тарихы туралы айтып берсеңіз.

– Мен үшін әр адамның өз орны бар. Себебі фототілші ретінде сен белгілі бір адамның атағына емес, сол сәттің мағынасына қарайсың. Жұмыс барысында көптеген адамдармен кездестім. Өндіріс адамын да, ауыл еңбеккерін де, дәрігерді де, ұстазды да, мәдениет саласының өкілдерін де түсірдім. Солардың әрқайсысының өз мінезі, өз ортасы, өз тарихы бар. Кейде бір ғана кадр адамның сол кездегі көңіл күйін, қоғамдағы орнын, атқарып жүрген жұмысын жеткізе алады. Жоғарыда айтқан жүрек операциясы да сондай есте қалған сәттердің бірі. Осындай кезде фототілші дайын болуы керек. Жарықты, ракурсты, адамның орналасуын бірден бағдарлайсың. Ең бастысы – шешуші сәтті жіберіп алмау. Кейін фототілші ретінде тек сурет түсірумен шектелмей, фоторепортаждарға мәтін де дайындай бастадым. Орыс тілінде жазған материалдарым редакциядан көп жағдайда түзетусіз-ақ баспаға кететін. Суреттерім Нұра ауданы туралы фотоальбомдарға, тың игеру кезеңіне арналған кітаптарға енді.

– Фототілші үшін жақсы кадрды ұстап қалу ғана жеткілікті ме, әлде белгілі бір оқиғаны сезіну, адамның көңіл күйін тану қабілеті болуы керек пе?

– Әрине, тек фотоаппаратты ұстап, түймені басу жеткіліксіз. Фототілші оқиғаның ішіне кіруі керек. Айналада не болып жатқанын сезінуі қажет. Мен өз тәжірибемде бір нәрсені түсіндім кейде жақсы кадрды алдын ала көре білу керек. Кейде көріністі белгілі бір деңгейде дайындауға тура келеді. Адамды суретке түсіргенде оның киіміне, сыртқы келбетіне, кадрда қалай көрінетініне мән беремін. Бірақ, ең маңыздысы – табиғилық. Өйткені өмірдің өзінен алынған кадрдың орны бөлек. Фотографияда шыдам керек. Жақсы кадрға уақыт қажет. Күте білуің керек. Сәтті ұстай білуің керек. Кейде қажетті адамның, қажетті қимылдың, қажетті жарықтың келгенін күтуге тура келеді. Сондықтан, бүгінгі жастарға да айтарым осы. Олар заманауи техниканың мүмкіндігін өте жақсы меңгерген. Қазір бұрынғыдай пленка, анықтағыш, фотоқағаз іздеп жүрмейсің. Техника әлдеқайда жетілді. Бірақ композицияны біле бермейтіндері бар. Жастар қажетті жерге тез жетеді, тез түсіреді. Алайда, оларға кейде шыдам жетіспейді. Фотографияда сабыр керек, табандылық керек, ізденіс керек. Ең бастысы – мамандыққа деген махаббат қажет. Осылар болмаса, фотографияда жақсы нәтиже шығару қиын.

– Сіздің архивіңізде Қарағандының бірнеше онжылдығын қамтитын мыңдаған фотосурет бар. Бүгін сол суреттерге қайта қарағанда, өзіңіз куә болған дәуірдің қандай өзгерістерін көресіз?

– Жылдар өте келе, көп өзгерісті байқайсың. Ең алдымен, техниканың өзгеруі анық көрінеді. Бұрын пленка болды. Оны үнемдеп пайдаланатынбыз. Суретті түсіргеннен кейін оны шығару үшін арнайы жағдай қажет. Түнде отырып, қызыл шамның жарығымен фотозертханада жұмыс істейтінбіз. Қазір бәрі басқаша. Пленканың орнын цифр басты. Анықтағыш орнын компьютер. Бір кадрды түсіріп, нәтижесін сол мезетте көре аласың. Бірақ, техника өзгергенімен, фотографияның негізгі мәні өзгерген жоқ. Адамның өмірін, көңіл күйін, еңбегін, қоғамдағы өзгерісті дәл сол қалпында ұстап қалу – бұрын да негізгі міндет еді, қазір де солай. Менің түсірген суреттерімнің арасында Нұра ауданына, тың игеру кезеңіне қатысты кадрлар бар. Бірқатары фотоальбомдар мен кітаптарға енді. Кейін республикалық деңгейдегі басылымдарға да шықты. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері», «Ленинская смена», «Ленин кичи» корей тіліндегі, «Фройндиншафт» неміс тіліндегі басылымдарда жарияланды.

Осы суреттерге бүгін қайта қарағанда, мен өзім куә болған дәуірді көремін. Бір кездері қасымда жүрген адамдарды, еңбек ұжымдарын, өндіріс орындарын, ауылдарды, сол кездегі қаланы еске аламын.

– 76 жасқа келген шағыңызда жүріп өткен жолыңызға көз салсаңыз, фототілшілік сіздің өміріңізге не берді? «Орталық Қазақстанға» қалдырған ең үлкен мұраңыз деп нені айтар едіңіз?

– Фототілшілік маған, ең алдымен, өмірді көруге үйретті. Адамды сырттай ғана емес, оның еңбегімен, көңіл күйімен, тіршілігімен тануға мүмкіндік берді. Мен бұл мамандықта ондаған жыл еңбек еттім. 1974 жылы Қарағанды облысына келіп, Топардағы аудандық газетте жұмыс істедім. 1979 жылы «Орталық Қазақстанға» келіп, 35 жыл үздіксіз еңбек еттім. 2014 жылдың мамыр айында зейнетке шықтым. Еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Журналистер одағының грамоталары және дипломдарымен, алғыс хаттармен марапатталдым. 2006 жылдың маусым айында облыс әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығына ие болдым. 2010 жылы 60 жылдық мерейтойыма орай «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісі берілді. 2021 жылы «Орталық Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталдым. Мен үшін ең үлкен марапат – осы жылдардың өзінде сүйікті ісіммен айналысқаным. Егер өмірді қайта бастап, тағы мамандық таңдау керек болса, ойланбастай осы мамандығымды таңдар едім.

Ал, «Орталық Қазақстанға» қалдырған мұрам туралы айтсам, мыңдаған кадр қалдырдым. Оның ішінде Қарағандының, облыстың, еңбек адамдарының, ел өмірінің талай сәті бар. Меніңше, фототілшінің мұрасы – оның атағында немесе алған марапатында ғана емес. Ең үлкен мұрасы – уақыттың бір сәтін кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыруында.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

 

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button