Тіл жанашырларына құрмет

Тіл тағдырын – өз тағдыры деп білетін жұртымыз кешегі күні «Тіл жанашырын» анықтады. Дәстүрге айналған облыс әкімінің сыйлығына лайықтылардың арасында тілші қауымы мен өзге де сала мамандары бар. Еліміздің Тілдер күні қарсаңында аталып өтетін мереке салтанатына аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ арнайы қатысты. Марапаттау рәсімінде сөз алған облыс әкімі ана тілімізді асқақтатып, абыройын асыруға ат салысып жүрген барша қауымға жылы лебіз білдірді.

Өз сөзінде аймақ басшысы бүгінгі таңда тіліміздің мәртебесін арттыруда ауқымды шаралардың қолға алынғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, тек мемлекеттік тіл ғана емес, елімізді мекендейтін өзге де ұлт пен ұлыстардың ана тілдерін дамытуға да зор мүмкіндік жасалып отырғанын атап өтті.

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, облыс әкімі:

Еліміз Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде қазақстандық бірегейлікті қалыптастырушы, Қазақстан халқы­ның басын біріктіретін басты фактор ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, өрісін кеңейту бағытында біршама жұмыстар ат­қарылды. Бүгінде қазақ тілі бала­бақша, мектептерден бастап, қоғамның барлық салаларының басты қатынас тіліне айналды. Осының барлығы Темірғали Әбілдаұлы, Ісләм Ибрахимұлы, Мәуен Хамзаұлы, Рымбала Кенжебалақызы сынды ана тіліміздің нағыз тіл жанашырларының арқасында мүмкін болғанын айта кеткен жөн.

Мемлекеттік тілмен қатар, біздің елімізде барлық этнос тілдері мен мәдениеттерінің дамуына тең мүмкіндік берілген. Осылайша үйлесімді жүргізіліп отырған тіл саясаты қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтауға мүмкіндік беруде.

Елбасы – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дейтін даналықтың шындығына бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр»,– деген болатын. Бүгінде Елбасы айтқан тіл саясаты ұлттар достығын берік сақтауға арқау бола білді.

Сонымен қатар, тілге қатысты ойларын салтанатқа қатысушы бірқатар жастар, тіл мамандары, түрлі мәдени орталық мүшелері ортаға салды. Бүгінде мемлекеттік тілдің мерейі мен өздерінің ана тілін оқып, үйренуге жасалған мемлекеттің қамқорлығына ризашылық танытты. Айтылған тілектер мен лебіздер бір арнаға тоғысты. Ол арна – жүздеген ұлт пен ұлысты ынтымақ пен татулыққа жетелеген сарабдал тіл саясаты.

Сонымен, биылғы жылдың Тіл жанашырларымен таныс болыңыздар.

«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясының жеңімпазы – Қарағанды облыстық мәслихаты аппаратының бас инспекторы Амангелді Жүнісбек.

«Тіл жаршысы» – қазақ және орыс тіліндегі тілшілерге берілді. Қазақ тілді журналистер арасында үздік – «Приозерский вестник» газетінің тілшісі Нұрғали Қарабеков. Орыс тіліндегі басылымдарда тіл мәселесін көтеріп жүрген журналистер арасында жүйрік – облыстық «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнар Искакова.

«Үздік телехабар» номинациясында қара үзген облыстық «Қазақстан-Қарағанды» арнасының журналисі Ботабек Тілегенов және «5 арна» журналисі Айжан Иса.

«Тіл майталманы» – Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры Қойлыбай Асанов.

Өз тілшімізден.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.