Жаңалықтар

Тіл үйрену қиын ба?

Осыған дейін де сан мәрте айтылып, әбден жауыр болған тақырыптың бірі – тіл мәселесі. Иә, ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына отыз жыл болды. Әйтсе де, мәселенің өзектілігі жойылмады. Неге? Ел арасындағы «аңыздарға» сенсек, қазақ тілі тым күрделі, сондықтан, оны үйрену қиын-мыс. Расымен солай ма? Сауалымыздың жауабын білмекке қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерімен сөйлесіп көрдік. Сонымен…

Әлеуметтік желіде ұлты кәріс Владислав Тен есімді азамат бар. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Бірнеше тіл біледі. Соңғы кездері қазақ тіліне ден қойып, аз уақытта еркін меңгеріп алған. Полиглот азаматтың айтуынша, адамның қолынан келмейтін, мүмкін емес нәрсе жоқ. Егер зейін қойса, кез келген тілді аз уақыттың ішінде үйренуге болады. Осыған қарағанда, ел айтып жүретін күрделі, тым қиын деген уәждер жай ғана сылтау болса керек.

Владислав Теннің сөзін Қарағанды қаласындағы №101 мектептің оқушысы Джайсан Ким де қолдап отыр. Қазақ тілін еркін меңгерген жайсаң жігіттің айтуынша, мемлекеттік тілді ойнап жүріп үйренген. Иә, тура мағынасында. Ата-анасы жазғы демалыста үнемі ауылдағы туыстарына жібереді екен. Сол жақта ауыл балаларымен бірге ойнап, қазақ тілін жетік меңгеріп кеткен.

  • Қазақ тілін керемет білемін деп айта алмаймын. Мектептегі достарыммен, көшедегі адамдармен пікірлесіп, өз ойымды жеткізе аламын. Олардың не айтып жатқанын да еш қиындықсыз түсінемін. Әйтсе де, қызыл сөздің шебері емеспін, – дейді Джайсан Ким.

Қазақ тілін бала кезінен бастап үйренген азаматтың бірі – Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің түлегі Юрий Михулия. Ұлдарының келешегі жарқын болуын ойлаған атаанасы Юрийді қазақ мектебіне берген екен.

  • Басында қиын болғаны рас. Үйде орысша сөйлесетіндіктен, бірден қазақ тілді ортаға тап болғанда аздап қиналдым. Бірақ алғашқы ұстазым Маржан Қазыкенқызы қолыма қалам ұстатқан сәттен бастап мемлекеттік тілді меңгеруіме зор үлес қосты. Көршілеріммен, сыныптастарыммен қазақша сөйлесемін. Қазір жоғары оқу орнында, қазақ тобында білім алып жатырмын, – дейді Юрий Михулия.

Қазақ әдебиетінің классиктерін, оның ішінде Абай өлеңдерін сүйіп оқитын Юрий келешекте мемлекеттік қызметкер болуды армандайды екен. Қазір көңілі қалаған мамандық бойынша жоғары оқу орнында білім алуда.

Тіл мамандарының айтуынша, қазақ тілі – бай тіл. Бір ғана сөздің ондаған баламасын табуға болады. Сонысымен де қызықты әрі күрделі. Тіл білмейтін азаматтардың үрке қарайтыны да осыдан болса керек. Дей тұрғанмен, «қазақ тілі – қиын» деп шорт кесуге болмайды. Өйткені, аз уақыттың ішінде мемлекеттік тілді еркін меңгеріп алған азаматтар арамызда жүр. Олар жаратылысы бөлек, ерекше тұлғалар емес, қарапайым адам. Айырмашылығы, тіл үйренуге ниет қойып, бастаған ісін соңына дейін жеткізе білуінде.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button