Медицина

Терапевт жолдамасы қажет емес

Дүйсенбі, 1 сәуірден бастап, қазақстандықтар бірқатар бейінді мамандарға терапевтің жолдамасынсыз жазыла алады. Денсаулық сақтау министрлігінде мәлімдегендей, аталған шара науқастардың уақытын үнемдеуге бағытталған.

Сурет: babyplusmed.ru сайтынан

Бұған дейін бейінді мамандарға жазылу үшін әуелі терапевтке бару керек, одан кейін қажетті маманның қабылдауын күту керек еді. Бұған қатысты халықтың шағымы да көп болатын.

Енгізілген өзгеріс төтенше жағдайлар мен жарақаттар, соның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық жарақаттар кезінде, шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету кезінде қолданылады. Сонымен қатар, дерматовенерологиялық аурулар бойынша қаралу, акушер-гинеколог пен психологтың қабылдауы, онколог пен онкогематологтың қабылдауы үшін терапевтің жолдамасы керек емес. Диспансерлік есепте тұрған науқастар кардиологқа, эндокринологқа, офтальмолог, невропатолог пен хирургқа бару үшін сол мамандардың өзіне тікелей жазылады. Бұдан бөлек, жастар денсаулық орталықтарындағы мамандардың қабылдауы мен жылжымалы медициналық кешендердің қызметтері және басқа да жылжымалы қызметтер үшін терапевтің жолдамасы талап етілмейді.

Министрлік процестерді оңтайландыру нәтижесінде қолданыстағы анықтамалардың 27 түрін қысқарту көзделген, рәсімдердің негізсіз түрлерін алып тастау мақсатында диагностика және емдеу хаттамалары қайта қарастырып жатыр. Пациенттерге ыңғайлы болу үшін жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулардың тізбесі 42 зерттеуге қысқартылып, олардың қолданылу мерзімін 3 айға дейін ұлғайту жоспары бар.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button