Руханият

Тау ешқашан аласармайды

Ақаңның – Ақселеу Сейдімбековтің табиғи ғұмыры аяқталғанымен тарихи ғұмыры басталғанына он жылдан асты. Міне, осы уақыт аралығында оның тұлғалық қасиеті титімдей кемімей, керісінше асқақтай түскені ақиқат. Олай болатыны – таудың алыстаған сайын биіктей түсетінінен. Ақаң да заңғарлық қалпынан бір айнымай бүгінге жетсе, оның ертеңге де еңсе көтере асатынына біз кәмілміз. Өйткені ол өз халқының әдебиеті мен мәдениетін, тарихын таразылап қана қоймай, сонымен қатар оларды жетілдіруге, жауһарлар мен гауһарларының халық игілігіне айналуына ерекше атсалысқан азамат.

Ақаңның көп қырлы талант иесі екені әмбеге аян. Алғашында журналистік қабілетімен елге танылса, кейіннен жазушылық һәм тарихшылық ерекшелігімен жүректерді жаулай білді. Тарихшылық дегенде біз әдеби және мәдени тұрғыдағы сүбелі еңбектерін айтып отырмыз. Оған «Күңгір-күңгір күмбездер», «Қазақтың күй өнері» сияқты күрделі дүниелері жатады.

Сөйткенмен, өз басым Ақселеу Сейдімбековтің жазушылығын ерекше құрметтегенім сөзсіз. Басқа еңбектерін былай қойғанда «Күзеуде» повесінің өзі неге тұрады! Бұл туынды қазақ прозасының классикасына айналғанына ешкім шүбә келтірмес деп ойлаймын.

Міне, осындай атақ пен мансап иесінің ауылда жүрген маған назар аударуы алғашында таң қалдырғаны сөзсіз. Сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған бір әңгімеммен танысқан соң әлдекімдерден: «Төкен Алматыға ат ізін салса, міндетті түрде маған соғып кетсін», – деп сәлем жолдауы қатты толқытқан еді.

Ақыры соғудың сәті түсті. Жас жазушылардың республикалық кеңесіне қатысуға барғанымда «Білім және еңбек» журналының табалдырығын аттадым. Таныстым. Маңғаз азамат қуана қарсы алды. Сырты күміспен қапталған мүйіз шақшасындағы көк бұйра насыбайдан ата рахаттана отырып, әңгіме-дүкенге желі тартты. Ол алғашында менің әңгімемдегі жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды. Сонсын әдеби үрдістегі маған таныс та бейтаныс қалтарыстар мен қалқалардың жай-жапсарын ұзағынан толғады. Әріде:

– Жазылған дүниелерің көп пе? – деп сұрады.

– Екі жүз беттей болар, – деген едім, көзін әнтек көтеріп, жүзіме тіктеп қарай қалды. Ақсары өңіне қызыл жүгіріп өткені осы шамада.

– Елдің жігіттері енжарсыңдар, – деді әлден шамада басын шайқай отырып, – Бұл жағынан мына Оңтүстік өлкенің азаматтарынан үйренетіндерің әлі көп. Ондағы қалам ұстағандар үш өлең жазса, «кітап шығарамыз» деп Алматыға сабылады. Ал, сендер…

Қапаланғаны ма, жоқ, әлде ойланғаны ма, бірауық үнсіз қалды. Әндем шамада жүзін қайта бұрып:

– Сендердің «ұзын арқан, кең тұсаумен» жүретіндерің белгілі ғой. Одан да былай істейік: дайын дүниелеріңді мына мекенжайға поштамен салып жібер. Қалғанын өзім бірдеңе қылайын, – деп қолыма үйінің адресі жазылған қағазды ұстатты.

Елге оралғасын дәл солай істедім де. Әжептәуір қолжазбаның шып-шырғасын шығармай Ақаңа аттандырып жібердім.

Арада және бір ай шамасы өткенде ол кісіден хат келді.

«Қадірлі Төкен! – депті онда, – Сау-саламат боларсың? 

Қолжазбаңды алғанмын. Заявкасы мен аннотациясын жазып, бастырып, «Жалын» баспасына тіркеттім. 1986-1987 жылдың біріне деп белгілеттім. Себебі, 1986 жылдың жоспары жобаланып қойыпты. Әрине мүмкіндік болып жатса, сол жылға да ілігіп кетуі кәдік.

Қолжазбаң жастар редакциясы, проза бөлімінің меңгерушісі Мәткәрім Әкімқұловтың қолына тиді. Орайы келсе, Мәткәрімге жазғы демалысыңда келіп, қолжазба тағдырын есіне салып кетсең артық болмайды.

Басқа айтар аз, бір қалып тіршілік. Хат жазып тұр.

Сәлеммен ағаң Ақселеу.

10. 03. 84.»

Менің алғашқы жинағым Ақаңның демеуімен осылай жарық көрген еді.

Әрине, біз жиі араластық, көп әңгімелестік деп айта алмаймын, оған мүмкіндік келмеді. Ол кісі үлкен ортада, біз ауыл-аймақ маңайында жүрдік те бірлі-екілі хат алмасумен шектеліп қалдық. Тек, екі мыңыншы жылдардың бас кезеңінде және бір жолыққанымыз бар. Жезқазған қаласында республикалық айтыс өтіп, соның қазылар алқасы құрамында қатар отырғанымыз бар. Сонда Ақаң: «Жазғандарыңды «Жұлдыздан», «Қазақ әдебиетінен» оқып жүрмін. Көңілдегідей. Осы шабысыңнан танба», – деген-ді.

Дәл сол жолы таң қалдырған жағдай – ол кісінің көңілге алғанын ұмытпайтындығы. Арада жиырма жыл өтсе де санасынан өшірмей, менің шығармашылығыма назар аударып отырғаны таң қалдырып еді. Және бір үлгі аларлық тұс – аламанда топ бастаған екенмін деп дара шаппай, арттағы дүбірге ерген іні-қарындастарының қарым-қабілетін саралап, оған мән бере білуі, қажетті жерінде қамқорлық көрсетуі – бұл үлкен дарын иесі болуымен қатар, Ақаңның үлкен азамат болғанын байқататын.

Иә, тау ешқашан аласармайды.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button