Тарих пен тағылым ордасы

Тарихты тану – туған жеріңді зерттеп, зерделеуден басталса керек. Кез келген өңірдің тарихын, өткені мен бүгінін музейдегі жәдігерлерге қарап-ақ дөп топшылауға болады. Мәселен, Осакаров аудандық тарихи-өлкетану музейінде өлкенің сонау тас дәуірінен бергі тарихына қатысты жәдігерлер жинақталған екен. Олардың бәрі – бағалы. Өйткені, әр қайссында адам тағдыры, тұтас дәуірдің естелігі бар.

Тарихи-өлкетану музейі 1985 жылы аудандық Пионерлер үйінің директоры Н.Ворониннің бастамасымен ашылған. Музей қорында 3 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың қатарында археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар, қуғын-сүргін құрбандарының және тың игерушілердің тұрмыстық заттары, соғыс ардагерлерінің ордендері мен медальдары, сирек кездесетін монеталар, фотосуреттер, майдан хаттары, ауданның тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар беретін құжаттар бар.

  • Біз негізінен жинақтау, сақтау, көрсету және ағарту бағытында жұмыс істейміз. Қазір жеке адамдардың қолындағы жәдігерлер азайып кетті. Көпшілігі үйінде тұрған көне бұйымның тарихи құндылығын білмейді. Дұрыс күтіліп, сақталмағандықтан, олардың көпшілігі жойылып барады. Музей жәдігерлерді сатып ала алмайды. Қаражат қарастырылмаған. Сондықтан да, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі акциялар ұйымдастырып тұрамыз. Бұл іске мектеп оқушылары да айтарлықтай көмек көрсетуде, – дейді музей қызметкері Евгений Монжосов.

Музейде бес зал бар. Алғашқысы – «Этнография» залы. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер, минералдар, қуғын-сүргін жылдарында осы өлкені паналаған халықтардың қолөнер бұйымдары, Бұйратау паркінің фотосуреттері және аң-құстардың тұлыптары орналастырылған.

Археологиялық жәдігерлердің дені Батпақ тұрағынан табылған. Аудандық музейге мамонттың тісі қойылыпты. Әрине, түпнұсқа емес, көшірмесі. Түпнұсқа облыстық музейде тұр екен. Евгений Монжосовтың айтуынша, бұл жерден алғашқы адамдардың қару-жарақтары, тұрмыстық бұйымдары, ежелгі жылқылардың және мамонттардың сүйектері табылған.

  • Бұл жер – ашық аспан астындағы музей. Өкінішке қарай, қазіргі таңда мұнда кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Археологтердің назары қола және ерте темір дәуіріне қарай ауып кетті. Өйткені, онда алтын бар. Ал, тас ешкімге қызықсыз болып қалды. Десек те, Батпақ қонысына қызығушылық білдіріп отырған ғалымдар да көп. Бұл – жоғары полиеолиттің ең танымал тұрағы. Ол туралы Ресейдің, Германияның, Американың, Францияның ғалымдары жазған. Осында арнайы экскурсиямен келгендері де бар, – дейді Евгений Монжосов.

Оның айтуынша, Осакаров аудандық музейіне келген қонақтардың барлығы Батпақ тұрағына ерекше қызығушылық танытады. Аудан орталығына тиіп тұрған мекенге арнайы ат басын бұратындардың да қарасы қалың екен.

Екінші зал ауданның танымал тұлғаларына арналыпты. Залдың дәл ортасында Нияз батырдың мүсіні тұр. Сонымен қатар, мұнда аудан ашылған сәттен бастап осы өңірде еңбек еткен бірінші басшылардың ғұмырбаяндары мен фотосуреттері, танымал тұлғалар туралы ақпараттар орналастырылған. Үшінші зал «ХХ ғасырдың бас кезі» деп аталады. Сонау, ақ патша кезеңінде ішкі Ресейден қоныс аударған шаруалардан бастап, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, тыл еңбеккерлері, тың игеру жылдарына қатысты құнды жәдігерлердің дені осы залда жинақталған.

Төртінші залда тәуелсіздік алған күннен бергі ауданның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Ауданның экономикалық жетістіктері, нарықта сұранысқа ие өнімдері туралы толыққанды ақпараттар да осы залда топтастырылған.

Музей қызметкерлерінің жұмысы тарихи жәдігерлерді жинақтап, сақтаумен ғана шектеліп қалмайды. Олар өскелең ұрпақты патриотизмге, туған жерді қадірлеуге тәрбиелеп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауларын, мемлекеттік стратегиялық бағдарламаларды насихаттау бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізуде.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»