Руханият

Тарих пен тағылым ордасы

Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен Қызылорда тарихи-өлкетану музейі Арқа жеріне атбасын бұрды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрмеде жылдар бойы сақталып, сыны мен сырын жоғалтпаған тарих көмбесіне куә болдық.

Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толуына арнайы ұйымдастырылған көрмені Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясының басшысы Түлкібай Төлеуов және Қызылорда тарихи-өлкетану музейінің басшысы Сапар Көзейбаев құттықтау сөзбен ашты.

– Сыр өңірінің тарихы өте тереңде. Төрт мыңжылдық тарихы бар сақтардың астанасы болған Шірік-Рабат қаласының, ортағасырдағы Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент қаласының және Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қаласының тарихынан шежірелі сыр шертетін археологиялық құнды жәдігерлерді әкеп отырмыз. 1925-1929 жылдар аралығында қазақ елінің астанасы болған Ақмешіттің де тарихи фото-құжаттары бар. Жалпы, Сыр өңірінің әдебиетін, мәдениетін көрсететін зергерлік бұйымдарды, ақын-жыршы, жазушыларымыздың қолжазбаларын да көрермендер назарына ұсынып отырмыз, – дей келе, Сапар Көзейбаев Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан музей директоры Ержан Нұрланұлына Алғыс хат табыстады.

Түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт бабаның, от ауызды, орақ тілді Әйтеке бидің, ұлтын сүйген, ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың, елінің қамын жеген Жүргеновтей асыл ердің, сатираның саңлағы Асқар Тоқмағанбетовтің, «Қан мен терді» сөйлеткен қаламгер Әбдіжәміл Нүрпейсовтің, ақын Әбділда Тәжібаевтың отаны, бес мыңжылдық тарихы бар Сыр елі Арқа жеріне қадым заманнан жеткен жәдігерлер көмбесімен келген екен.

Көрмеде – қазақ елінің алғаш астанасы болған Шірік-Рабат қалашығынан табылған алтын жапсырмалар, айтұмар, қызғалдақ, цилиндрлі тұмарлар, және Жанкент қаласындағы қазба жұмыстары кезінде табылған керамикалық дастархан, саптыаяқ, құмыра, шырағдан, Сығанақ қалашығынан табылған алтын моншақ, сырға, түйме, бойтұмар, табақ-тегене, жол қазан, қаптама көрме көрермендерінің қызығушылығын тудырды. Жоңғар дулығасы, 1902 жылы Қазан баспасынан жарық көрген араб тілінде жазылған «Мұхтасарлы уахайы» атты ислам заңдары, 1900-ші жылғы Құлболды ишанның шежіре кітабы, 1894 жылы Санкт-Петербург қаласынан араб тілінде жарық көрген Қалжан ахун пайдаланған «Туһфатулмулук» кітабы, Т.Ізтілеуұлының «Шахнама» қолжазбасы және тағы да басқа діни кітаптармен атақты болыстардың күміс мөрлері көрме төрінен орын алған. Сонымен қатар, әртүрлі қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан «Роза Бағланова», «Қазақ әйелі», «Қазақ қызы», «Қалыңдық», «Наурыз» секілді картиналар да көздің жауын алады. Қазақ АКСР-нің құжаттары да көрме тарихының мазмұнын тереңдете түсті.

– Бұл тұрғыда музей – тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі. Сол себепті, көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтайтын осынау мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Мәселен, бір Қармақшының өзінен 100 жырау шыққан. Сыр өңірінің тарихы қазақ халқымен бірге жасасып келеді, – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурциялық көпшілік бөлімінің басшысы Эльзира Советжанова.

Студенттер мен ұстаздар тамашалаған көрмеде екі облыстың музей басшылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, ел мен жер, музей тарихы туралы жазылған бағалы кітаптарды сыйға тартты.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button