Басты тақырыпТарих

«Талды бейiт» тамындағы тарих

Әлихандай асыл ер есімі әлем тарихшыларының жадында сақталып, өмір жолы, саяси сахнадағы тынымсыз іс-әрекеті, ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеліп оң бағасын алып, шығармалары жинақ болып баспалардан шығарылуда. Әлекеңнің 150 жылдық мерейтойын атап өту дүние жүзінің жүз елуден астам мемлекеті мүше болған, халықаралық ұйым ЮНЕСКО-ның көлемінде қолдау тауып отырғаны белгілі. Мұндай қолдау кез келген мәдениет пен саясат өкілінің пешенесіне жазыла бермейтіні анық.

ЮНЕСКО-ның Әлекеңді қолдауы – ол Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қолдау деп, зор мақтанышпен айтуға болады.

Әлқисса

Әрқилы мәдени шаралар аясында танымдық мақсатпен алыс-жақыннан келген қонақтар Әлекеңнің кіндік қаны тамған киелі өлке Ақтоғай өңіріне ат басын тірері сөзсіз. Атамекенін көріп, бабаларының, бауырларының мәңгілік тыным тапқан жері әулет қорымы «Талды бейітке» соқпай кетулері мүмкін емес. Қорымда өмірден озған әулет ұрпақтарына арналып белгі тастар орнатылған. Араб әріптерінің емлесін білмейтіндер мәтінін оқи алмайды. Болашақта керегі болар деген оймен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, Әлекеңнің туған інісі Смахан Нұрмұхамедұлының ұрпақтары – анамыз Нұрсәуле Смаханқызы, нағашы апамыз Айсәуле Смаханқызы, нағашы ағамыз Балабаршын Смаханұлы, Смаханқызы Нұрсәуле ұлы Болатбек Секербайұлы және Шабанбай ауылы имамы Айдаржан Балтабай қорым басына арнайы барып, діни рәсім жасап, аруақтарға дұға бағыштаған болатынбыз. Имам Айдаржан ағамыз арабша оқып, жазып және аудара біледі екен. Біздің сұрауымыз бойынша белгі тастардағы арнау сөздерді арабша емледен, кирилица әріптеріне ауыстырып қағаз бетіне түсіріп берген болатын. Сол жазбаны қорым басына ат басып тіреген ағайындарға керегі болар деген ниетпен баспа бетінде жариялауды жөн көріп отырмыз.

Белгітастар реті.

Бірінші белгітас жазулары

1901-1902 жж.

Бас жағы оқуға келмеді. Бүлінген, өшкен Шыңғысхан әулеті Бөкейхан рухы сұлтан Нұрмұхамбет Мырзатайұлы 1838 жылы дүниеге келді. 1901 жыл 1 апрельде және хижрда 1318 Зульхаджа Шазшөр 25-і жексенбі күні 62 жасында бұл дүниеден, ол дүниеге сапар қылды. Тас жаздырған Әлихан, Смахан.

Екінші белгітас жазулары

1905-1906 жж.

Шыңғыс хан, Жошы хан, Тоқайтемір, Өзтемір Қожа, Әз Жәнібек хан, Қасым хан, Сығай хан, Ондан хан, Қайнар-Көшек, Бөкей, Құдайменде, Тұрсын, Қырықсан Барақ хан, Бөкей хан, Батыр, Мырзатай, Нұрмұхамедұлы Тәтіхан 1905 жылы 25 фвральда 25 жасында опат болды.

Шыңғыс хан – Жошы хан нәсілінен, өмір сүрген жері – Арқа, Қарқаралы уезі, бабасы – Бөкейхан. Жұрты – Қаракесек. Туған жері – Тоқырауын, Желтау. Бұл тас Жіңішке өзені, Тоқырауын тарауында анасы Бегім ханымнан, туыстары Ғалихан, Әзіхан, Фазылхан, тас қоюда бас болған Смахан.

Үшінші белгітас жазулары

1913-1914 жж.

Шыңғыс хан, Жошы хан, Тоқайтемір, Қожа, Орыс хан, Құйыршық хан, Барақ хан, Әз Жәнібек хан, Қасым хан, Сығай хан, Оңдан хан, Қайнар-Көшек, Бөкей, Құдайменде, Тұрсын, Қырықсан Барақ, Бөкейхан, Батыр баласы Мырзатай сұлтан 1913 жылы 12 мартта 93 жасында опат болды.қорым1

Шыңғыс хан, Жошы хан нәсілінен. Ғұмыр сүрген жері – Сарыарқа, уезі – Қарқаралы. Бабасы – Бөкейхан. Жұрты – Қаракесек. Бұл тасты қойған жер Жіңішке өзені Тоқырауын тарауы.

Тас жаздырған немересі – Ғалихан, Әзіхан, Фазылхан, Қасымхан, Мәнерхан, Әділхан, Мәтхан, Смахан. Нұрмұхамбет балалары.

Төртінші белгітас жазулары

1918-1919 жж.

Тобықты Мамай батыр ұрпағы. Бөкейхан – тұқымы Нұрмұхамбет ханымы – Бегім. 1918 жылы 27 сентябрьде дүниеден өтті.

Жетім менен жесірді,

Жел жағында панасы,

Ық жағында қаласы.

Тоңғанда болған тон,

Жүрегінде болған өң.

Шөлдегенде болған сусын,

Жылағанның анасы.

Жығылғанның сүйеніші,

Сүйіскеннің сәулесі,

Бегжекем тасы осы жерде,

Тау Желтау, өзен Жіңішке.

Тасты жаздырған,

Баласы Смахан.

Бесінші белгітас жазулары

1926-1927 жж.

Өзтемір, Қожа, Орыс хан, Құйыршық хан, Қасым хан, Сығай хан, Оңдан хан, Қайнар-Көшек, Бөкей, Құдайменде, Тұрсын, Қырықсан Барақ хан, Бөкей, Батыр, Мырзатай – Әбдіхан.

1926 жылы март 22 рамазан шариф сегізі дүйсенбі күні 84 жасында дүниеден өтті. Хәм немересі Қасым хан баласы Өсмұрат 17 рамазан шариф үшінші сәрсенбі күні 7 жасында опат болды. Ғұмыр сүрген жері – Сарыарқа, Қарқаралы уезі, жұрты – Қаракесек. Туған жері – Тоқырауын, Желтау. Бұл тасты қойған жері Жіңішке өзені Тоқырауын тарауы. Тас жаздырған: Зейнеш, Нұржамал, Зада, ШаҺида, Серік, Қасымхан.

Белгі тастарды Семей қаласында шеберлерге арнайы қашатып, шаптырады екен. Әр тас үшін бірнеше ірі қара малды ақысына беретін болған. Өгіз арбамен Семейден Тоқырауын бойына дейін, апталап жүріп жеткізген. Тастардың ұзындығы үш метрден асып, ені 80 сантиметр болған.

Бұл тастардан басқа әулет қорымында Әлекеңнің інісі – Әзіхан Нұрмұхамедұлына арналған белгітас қойылған.

1960 жылдар ортасында.

Ырымдап Әлекеңнің құлақшынын (бас киімін) жерлеп, төте және бүгінгі жазумен өмірбаянын жаздырып бауыры Смахан Нұрмұхамбетұлы, өткен ғасырдың елуінші жылдар аяғында белгітас орнатқан.

Смахан Нұрмұхамбетұлы Балқаш қаласында 1967 жылы 25 қаңтарда қайтыс болған. Әулет қорымында жерленген. Белгітас қойылған.

Смахан төре зайыбы Нұршықызы Мария Шоңбай ұрпағы. 1979 жылы 27 желтоқсанда 84 жасында өмірден озды. Әулет қорымында жерленіп, белгі тас қойылған. Смахан Нұрмұхамбетұлы аталас туысы Борымхан ақсақал да осы қорымға жерленіп, белгі тас қойылған.

Қиыншылық жылдары әулет мүшелерінің келісімімен Руы – Қаракесек, Сарымұлы Жансары ұрпағы Баймағамбет ақсақал да осы Талдыбейітке жерленген. Өткен ғасырдың аяғында немересі Елубай Қабыкейұлы басына белгітас орнатып, туыстық парызын өтеген болатын.

Жіңішке өзені бойында орналасқан «Талды бейіттің» ғасырлар қойнауынан жеткізген азғантай мөлтек сыры осы дегіміз келеді.

Болатбек МҰХАМЕДИЕВ,

Смахан төре жиені.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button