Ел тілеуі еленеріне сенеміз немесе октябрь елесінен арылайық
Отаршылдық топонимдер – халықтың елді мекен, жер атауларының антиподы ретінде пайда болатын өмірдегі саяси-әлеуметтік, басқыншылық пен зорлық-зомбылықтың көрінісі. Ұланбайтақ қазақ жеріндегі елдімекен, жер атауларының өзгерістерге ұшырау себептерінің тарихи шындығын ономастика ғылымы өз дәрежесінде ашып бере алмай келеді. Өйткені, топонимика саясатпен тікелей байланыста жататын өзіндік ерекшелігі бар құбылыс. Сол себепті ондағы әрбір өзгерістің түптөркіні саяси-әлеуметтік жағдайлармен бірлікте алынып қаралу керек. Өкінішке орай, көп жағдайда ономастика ғылымы жер атауларында орын алған келеңсіздіктерді ашудың орнына үнсіз қалу жиі кездеседі.
Кеңестік дәуірде қазақ жерінде жүздеген атаулар пайда болғаны тарихтан белгілі. Бұл кеңестік жүйенің әр кезеңінде жаңа леппен елді мекендерге берілді. Әлі де болса халық арасында сол өткен дәуірді аңсайтындар да бар екені мәлім. Сол мақтанышпен еске алатын «Октябрь шұғыласы» қазақ жеріне қандай кесепат әкелді. Тарихи кезеңдерге шегініс жасап көрсек. 1929-19З0 жылдары Қазақстанның біраз жерлеріне егін шықпай қалды. Осыған қарамастан, үстеме салық зобалаңы басталып кетті. Республика бойынша 1928-1929 жылдардағы астық дайындау науқанында елдегі ауыр жағдай есепке алынбай, жоспар 5 млн. тонна болып бекітілді.
1931-1932 жылғы ұлы зұлмат жылдарында Орталық Қазақстанда халықтың басым бөлігі аштан қырылды. Қазақстан территориясындағы 1931-1933 жылдары болған ашаршылық обьективті себептерден тумаған, қолдан жасалған саясат болды және сол кезде қалыптасқан режимнің озбырлығынан, әкімшіләміршілдік жүйенің үстемдігі зардабынан туды. Қазақ ауылдарында халықтың едәуір бөлігі аштыққа ұшырады. Көптеген қазақ аудандарында 1929 жылмен салыстырғанда халықтың жартысы да қалмаған. Аштық болып жатқан аудандардағы адам шығынын ГПУ есептеп отырған: «Жергілікті халық басқа жаққа қоныс аударуына байланысты, балаларын тастап кеткен, ондағы ойлары – балаларын басқа біреулер алар деген үміт. Қыркүйек айының басында аудан орталығында 350 бала жинақталған. Біздің келгенімізде, бұлардың 300-і аштан өлген. Үшінші ауылда 350 шаңырақтан – 17, бесінші ауылда 500 шаруашылықтан – 27, тоғызыншы ауылда 343 шаруашылықтан – небары 49 шаруашылық қалған. Бұл ауылдарда адам етін жеу де кездесіп отырады». Тіршілігінің мәнін де, сәнін де құраған өздерінің дәстүрлі шаруашылығынан айырылған халық құралақан қалды. Балық аулау, жылу жинау, аңға шығу көп өнім беріп жарытпады. Аштық жайлаған апат аймағынан тек әлділер ғана кете алды.
Зобалаңмен қатар 1931 жылы Қарағанды аймағында КарЛаг құрылды. XX ғасырдың алғашқы жартысында бұрынғы Кеңес Одағында етек алған жаппай саяси қуғын-сүргін адамзат тарихына билік жүйесінің өз халқына қарсы жасаған қылмыстарының символы ретінде енді. Осы сұрқия, қандықол саясаттың көрінісі КарЛаг құрылуымен көрінді. Қарағандының еңбекпен түзеу лагері КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1930 жылғы мамырдағы қаулысы арқылы ашылды. Келесі жылы Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылдың 19 желтоқсанында қайта құрылды, лагердің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосы болды, оған 120 мың гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді.
Сонау зұлмат жылдарда Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазықсыз «халық жауы» атанып, соның 25 мыңнан астамы нақақтан-нақақ атылып кете барды. Жүзінен қан тамған қызыл империяның қылышы 1938 жылдың көктем айында, небары 2 аптаның ішінде «елім», «жерім» дейтін Қазақ елінің бүкіл саяси бас көтерерлерін қырқып түсірді. Одан қалаберді, айналдырған бір айдың ішінде билік тұтқасын ұстап отырған 650-ден астам адамды оққа байлады. 1937-1938 жылдары Қарағанды облысы бойынша 1495 адам атылыпты. Барлығы 6228 адам қамалған. Қазақстан бойынша қуғын-сүргінге ұшырағаны – 103 мың адам, атылғаны – 25 мың адам.
1954 жылдан бастап тың игеру эпопеясы басталды. ХХ ғасыр Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың тарихында, оның ішінде Қазақстанда бетбұрыс кезеңі болды. Соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстанның алдында халық шаруашылығын дамыту мәселесі тұрды. Бұл кезеңде республикада көмір өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыды. Азық-түлікке деген сұраныс жыл өткен сайын арта берді. Астық өндіру мәселесін шешу үшін елдің шығыс жағындағы ұлан-байтақ жерді жыртуға бағытталған ерекше жол таңдалып, «Бәрі тың жерлерді игеру үшін!» деген ұран пайда болды. 1955 жылы жоспарланған Тың көтеруге байланысты әлеуметтік тұрғыдан бірқатар жағымсыз жағдайлар орын алды. Тың және тыңайған жерлерді игеру үшін одақтың басқа аймақтарынан еңбек қорлары тартылды. Іс жүзінде бақылаусыз көші-қон қозғалысы туды. Жергілікті тұрғындар ондағы мектептердің, орталық ұжымшарлар мен кеңшарлардың жабылып қалуына байланысты туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, республикадағы жергілікті тұрғындар саны 30%-ға азайды. Қазақтың ұлт ретінде дамуына, тілі мен дініне қатер төнді. Жергілікті жерлердегі ұлт мектептері жабылып, қазақ балалары мектеп-интернаттарда оқытыла бастады.
Кеңестік дәуірде Қарағанды облысы социалистік идеологияға қатысты бірнеше мәрте әкімшілік- аумақтық өзгерістерге ұшырады. Елдімекен, жер-су атаулары кеңестік идеологияға тән сипат алды. Аудан аттары кеңестік тарихи тұлға аттарымен аталды. Нәтижесінде 1931 жылы құрылған Тельман ауданы, 1938 жылы Ворошилов ауданы, 1961 жылы Ульянов ауданы болып қайта аталғаны белгілі. Қарағанды қаласы да осы кереғар атаудан кенде қалған жоқ. Қаланың Майқұдық және Пришахтинск елді мекендеріне Октябрь ауданы берілді. Бұл аудан өзі қалыптасқан кезеңнен бастап қаланың индустриялық аймағы болып саналады. Аудан көлемінде бірнеше ірі кәсіпорындар орналасқан. Мұрағат құжаттарында Қарағанды облаткомының 1965 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен Тельман ауданының құрамына Майөзек селолық кеңесі мен Нұра бекеті берілді.
Қарағанды қалалық кеңесінің құрамында Железнодорожный, Ленин, Киров және Октябрь аудандары болды. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1969 жылғы 14 мамырдағы жарлығымен Қарағанды қаласының құрамында ірілендірілген Ленин және Киров аудандарының негізінде Совет ауданы құрылды. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1988 жылғы 9 шілдедегі жарлығымен Железнодорожный ауданы таратылып, оның аумағы Октябрь ауданының құрамына берілді.
ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1990 жылы 13 қыркүйектегі жарлығымен ірілендірілген Октябрь ауданының негізінде Железнодорожный ауданы бұрынғы шекарасында қайта қалпына келтірілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігі мерейтойына байланысты 5 қаңтарда жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», – деп нақты атап көрсетті. Халықтың ойы, арманы осы қаламыздың индустриалды Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру екені баршаға аян. Ендеше, ел тілеуі еленер күн жақын деп сенеміз.
Темірғали АРШАБЕКОВ,
облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.