Тәуелсіздік мектебінің мінезі

Тегінде «тағдыр жазған» жолымен қалтақтап келе жатқан қазақ елі Россия революциясы толқынының екпінімен кете барып, қанша ұтты, қанша ұтылды, бұл істері жұмбақ, анық шешуін тарих берер. Қазіргі күнде екпіндеп бара жатқанымызда өзімізге өзіміз есеп беруге қол тимейтін түрі бар. Бірақ, мектеп ісімізге аз ба, көп пе есеп беруге болады. Мектебіміз белгілі берік бір негізге құрыла алмады. Біздің дағдарып тұрған мектебімізді бастап алып кететін талассыз даңғыл жоқ. «Мақаланың мақсаты – ескерту», – депті Мағжан ЖҰМАБАЕВ қазақ мектептеріне оқу құралдарын даярлау туралы үкіметтің қаулысына қатысты жазбасында.

 Шынында да, ХХ ғасырда қазақ баласы небір төңкерістен төңкеріске, соғыстан соғысқа, қуғын-сүргін, аштық-азаптан өтіп жатты да, толқыннан толқын толассыз қағып, ақыры қолымыз Тәуелсіздікке де жетті. Қазіргі уақытта біз де, Мағжан сияқты, болашақта жазылатын оқу құралдары таза ұлттық мінез негізінде құрылған мектептерге арналуы тиіс деп санаймыз. Ертеңдері ел ісінің иесі болатын азаматтарды шығаратын мектептерге жаңа басшыларды іздеп табуымыз қажет, тапқанда, «төре» болмақ пәлен-түгендерді емес, қазаққа пайдалысын, халыққа адалын табуымыз қажет. Біздің санамызға ғасырлар бойы сіңіп кеткен соқыр еліктеу ауруынан түпкілікті арылатын уақыт келді.

Мағжанның мектеп мінезіне аса көңіл бөлуінің ғылыми сыры – «мектеп» терминінің құқықтық мән-мағынасында. Адамзаттың қазіргі қолданысында жүрген барша сөз-терминнің түпкі, алғы мән-мағынасы әбден көмескіленгені соншалықты, әуел басында бір жаратылыстан шығып, өсе-өне келе небір ұлт-ұлысқа бөлініп, дербес кеткен тұста, әрбір дыбыстың баршаға ортақ бір мағынасы (құқығы, ұғымы) болғандығын мүлдем ұмыттық. Бұл қоғамдық құбылысты қарапайым заң тілі арқылы түсіндіріп берелік. Мысалы, мына әлемдегі жерді мекен еткен әркімнің өмір сүруге құқығы барлығы белгілі. Бірақ, осы бір құқық әр елде, әр заманда барлық пен байлықтың қабылдаған заңдары арқылы бірде толып, бірде солып, әрқилы деңгейде жүзеге асып, тасып жатады. Заң мінін, қызметінің кемшілігін көрген қоғам, әркім биліктің адам құқығын реттеуші заңнамада, тиісті жүйеде реформа жүргізуін қаласа, іле билік те қоғамнан қалыспай небір реформаларды қолға алып жатады. Бірақ, реформа жасамақты жақтаушы қоғам да, билік те осы терминнің негізгі мән-мағынасынан үркіп, тіпті үрейі ұшып деуге келер, адам көңіліне алаң әкеліп қондырмай ма деп те, қорқады. Өйткені, әр терминге тән табиғи төл мән-мағына – сол сөздің, терминнің құқығы. Әркімнің өмір сүруге құқығының бір ғана мағынасы бар, ол – адам болу! Құдай берген құқығы да, атқаруға міндетті қызметі де – әркімнің өз бойындағы адамдық қасиетін қорғап, сақтап қалу!

Міне, тек, сонда ғана әркімнің өмір сүруге құқығы мына жалғанда нақты жүзеге асар ғадаләт ісіне айналмақ. Ал, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімді, ғылымды сақтайтын сауыты – мінез. Сол себепті, адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ескерткіш қалдырған Абай һакім қазіргі ғылымда адам құқығын зерттеушісі ретінде заңды түрде танылады.

Ең алдымен, Абай – адам, оқушы, үйренуші, зерттеуші. Ақындығы – туынды іс, өлеңі – құқыққа қызмет етуші құрал. Әркімнің зерттеушілік қызметін Абай «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деп анықтап кеткен. Әрине, бұл жалғыз Абайдың ғана ойы емес, зерттеушілік – жалпы адам баласына тән ғылыми мектеп. Біздің «мектеп» деп атап жүрген білім беру ұйымының негізгі қызметі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің: «Араб сөздері сөздікте қазақ, орыс тілдеріндегідей бастапқы әріпке емес, сөз түбірінің алғашқы әрпіне байланысты орналастырылады. Сол себепті, сөз түбірін білмей, сөздіктен оны табу қиын. Мысалы, жалпыға таныс «Мадраса» деген сөзді алайық. Аталған сөздің түбірі «дараса» етістігі. Ол «оқу», «зерттеу» деген мағына береді. Осы етістіктен енді «дарс» – сабақ; «муддарис» – оқытушы; «мадраса» – мектеп іспеттес бірнеше зат есім туындайды» деген сөзінен айқын көрінеді. Ғалымның түсіндірмесі бізге Абайдың зерттеушілік қасиет- қабілеті қалыптасқан, шыңдалған алғашқы қазақы мектебін анықтауға себепші болайын деп тұр.

Абай – қазақтың Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай, Кеңгірбай атты заңғар заңгер билерінің құқықтық мектебінің оқушысы, түлегі. Балалық шағынан далалық, даналық билер мектебінен оқып, үйренген Абай, өзі де билікке араласқан кезеңінен бастап, адам мінезін зерттеуші болып өніп-өсті. Абайдың «қара сөздері» таза құқықтық білімі негізінде жүргізілген ғылыми зерттеулердің қағаз бетіне түскен нәтижесі. Ғалым В.Радловтың пікірінше, қазақтың «қара сөзін» ислам дінінің ықпалына ұшырамаған, қазақтың таза ұлттық ақыл-ойлары мен өлеңдерінің ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан ауызша жинағы деген. Қара сөз – құқықтық кодекс. Абайдың «Қазақта қара сөзде дес бермедім» деуінің астарында қазақтың дінсіз таза ақыл-ойынан құралған мектеп жатыр. Жаңағы В.Радловтың жазба мұрасының ішінде Кеңгірбайға арналған жоқтау табылған. Біздің пайымдауымызша, Радловтың қолына жоқтауды жеткізген Құнанбайдың ұлы Халиолла болар. Абайдың бұл інісі де ғылыми зерттеу ісімен айналысқаны белгілі, бұл факт Абайдың арғы аталары да өз заманында қазақ құқығын зерттеушілер, жинаушылар, насихаттаушылар болғаны мен қоса кең далада қазақтың еркін құқықтық мектебінің өмір сүргенін айғақтайды.

Отыз жылдық Тәуелсіздік мектебі мемлекет мінезін қазақтың құқықтық қара сөзімен түзетуді қажет етіп отыр. Ғалым Құдайберген Жұбановтың 1935 жылы «Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі» атты мақаласында айтылған ойлары орыс ғалымы В.Радловтың қазақтың «қара сөзі» ислам дінінің ықпалынан таза саф күйінде сақталған құқықтық тілі, үлгі-өнегесі, заңнамалық мектебі деген ойын бекіте түседі. Қ.Жұбанов Ресей империясының кесірінен қазақтың құқықтық заңының бірлігі бірте-бірте сөгіле бастаған кезде ақ патша қазақ тілін одан сайын тоздыру мақсатында дін тарату арқылы араб-парсы сөздерін ел ішіне жүз жыл бұрындары зорлап, қасақана ендіре бастағанын баян еткен. Жұбанов пікірінің растығын Абай «Жиырма бесінші» қара сөзінде «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап (соғыс, қауіпті, бүлінген, соғыс майданы) мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек» деп мықты дәлелдейді. Шынын айтсақ, біздің ғылымда һакім Абайдың сөзін, ісін дұрыс ұққан, таза түсіндірген жалғыз Жұбанов шығар. Қашан болмасын алып империялар ұлттық мүдделерін желеу етіп тәуелсіздікке қолы жеткен елдерді өзі өзін дұрыс билетіп қоюға жол бермеу жолында күш қолдануға баратыны әлімсақтан белгілі. Сол қауіпті, қатерлі империялық қарулы күштің ең бірегейі, біліктісі, білімдісі – Тіл. Бірақ, ол қара күшке қарсы тұрар, қамал болар, қазақтың ұлттық мүддесін қорғай алар, тең түсер күш те – Тіл. Қазақ тілі!

Бізді төніп келе жатқан қауіп-қатер түнектен құтқаратын нәрсе – адалдық. Абайдың, Әуезовтің, Мағжанның, Қасымның аманат еткен дүниесі – Адалдық. Абайдың «Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік» деген сөзінің күші жойылған жоқ. Адал мінезбен өмір сүруге үйрену күн тәртібінен әсте түспейді. Қазір де бізге керегі – адаспас, азбас, азғырылмас адалдық. Қазақ сөзін, қазақ тілін өзіңнің жеке бас пайдаң үшін жат жұрттық сайтанға сатпау, сайқал саудаға салмау. Тәуелсіздік мектебі – заман мінезін түзету, Тәңір ием сыйлаған адал, намысты адамдық мінезге оралу!

Марат АЗБАНБАЕВ.