«Тәуассул» – адасқанға айғақ

Кешегі қоңыраттың Байбөрісі бір перзентке зар болып, аруақ кезіп кетпеп пе еді?! Темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей болғанда баба түкті Шашты Әзіз аянымен Алпамыс ұлға Қарлығаш қызды қосты ғой Жаратушы.

Жыр жеткізгендей бұл жерде балаға зар болған ата-ананың қасіреті ерекше беріледі. Мұндай кезде адам жаны қай дауа болмасын сынап көруді қалап тұратындығы, құны құлынды бие болса да, барын баласының жолына тәрк ететіндігі, еш кедергіні көрместей көр соқыр болатыны бар. Енді, бертін келе, осы бір ескіден ескерілген үрдісті кей діндар қауым жоққа шығарып – бұл істің Аллаға серік қосу екенін айтып «ширк» деп жүр.

Қазақтың ескі салтындағы көп дүние дінге қарсы. Дінді ұстанған адам дінге толық бас июі шарт. Дін ұлтқа бөлінбейді. Ислам діні егер қажет болса, жан алып, жан беретін дін. Сондықтан, оны бөтен басқа салтпен шұбарлауға хақымыз жоқ, – дейді Саид Ахметов есімді дін ұстанушы.

Расында, ислам діні ұлтқа бөлінбейді. Десек те, салт қазақтың санасына сіңген ұғым. Ол жоқ болса, қазақтың құндылығы қайда қалмақ?!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев діннің өте терең зерттелер ғылым екенін және оны түрлі ағымдар қару етіп пайдаланатынын Нұр-Сұлтандағы Әзірет-Сұлтан мешітінде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесу барысында айтқан болатын.

Қазіргі уақытта дүние жүзінде әртүрлі жат үрдістер пайда болып жатыр. Халықты татулыққа, пәтуаға, бірлікке шақыру керек. Ал, түрлі жат діни ағымдарға тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз. Осы бағытта дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ел мүддесіне қызмет ету қажет.

Қай діндардың байламы дұрыс, ал, қайсынікі бұрыс осыны ұға алмай көп дерекке көз жүгірткенімізде мынаған тоқтадық.

Хәкім Мұстадрақ Омар радыяллаху ханхудің Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисін жеткізгенде былай депті:

Адам ата жұмақта жасаған күнәсі үшін, жерге түсіріліп, Алладан кешірім сұрап жалбарынғанда:

Я, Раббым! Мені Мұхаммедтің құрметіне кешір, – деген екен.

Сонда Раббымыз оған:

– Ей, Адам! Сен Мұхаммедті қайдан білесің? Мен оны әлі жаратқан жоқпын ғой дегенде:

– Я, Жаратушы Ием, Сен мені жаратып, маған жан бергеніңде, мен басымды көтеріп, Арш-әл тағының (исламда барлық нәрсені қамтитын және оның үстінде орналасқан ең жоғары орын) тіреуішінде жазылған сөзді көрдім. Онда: «Лә иләһә иллә алла, мухаммадур-расулуллаһ», – деп жазылған. Мен сенің тағыңа жазылған есімнің иесі сенің сүйікті құлың екеніне сенімім кәміл болды.

– Ей, Адам! Сенің айтқаның дұрыс. Расында, Мұхаммед менің ең сүйікті құлым болмақ. Мен сенің «Мұхаммедтің құрметі үшін» деп оның есімі арқылы кешірім сұрағаныңды қабылдаймын. Саған кешірім бердім, – деді.

Бұл жерде Құрани кәрімде бар таным «тәуассулдың» жайы айтылады. «Тәуассул» шариғат бойынша белгілі бір мүмін құлдың (танымал, атақ-абыройы адал жолмен келген әулие адамның) аруағы арқылы Алладан медет сұрау түсінігі. Бұл хақында Мекке мүфтиінің бірі атақты исламтанушы Ахмад ибн Ас-Сейид Зейни Дахлянның «Уахабиттердің адасу» атты еңбегінде кеңінен айтылған.

– Жалпы, кейінгі 10 жылдықта түрлі діни ағым белең алды. Оның ішінде мұсылманға ала бөтен түсініксіз ағымдар да бар. Міне, осы ағымдар көп дін ұстанушыларды тура жолдан тайдырды. Олар Құран аяттарын кері түсінді. Біз тоқталғалы отырған «тәуассулдың» түрі көп және бұл қасиетті Құранда көрсетілген ұғым. Оның ішіне аруақтың басына барып, Алладан бала сұрау, науқасқа дауа сұрау, жауын сұрау, қайғы-қасіретке тоқтау сұрау кіреді. Осы ұғымды «адасқандар» уахабиттер Аллаға серік қосу, яғни, «ширк» деп ұқты. «Ширк» – ол ислам дініне томпақ дүние қарапайым тілмен алғанда. Ал, шынайы Аллаға серік қосу ол – басқаны Құдай деп тану. Тағы соған табынып, оған рүкуғ пен сәжде қылу. Мен өз басым қанша жылдан бері осындай бауырлармен (уахабиттермен) үнемі сөзге келіп қалатынмын. Бірақ, әуелі Алла, содан соң бәрін шынайы дәлелмен, таза бұрмалаусыз діни фактілермен жеңдім. Ол кітаптар, дінтанушылардың туындылары. Қайрат Жолдыбайдың «Дін және діл» еңбегінде біршама адасудың алдын алар бағыт бар. Негізінде, қазақтың бар салты сонау Қараханит дәуірінен ислам дінімен тығыз байланысты. Біздің ата-бабамыз таза Хақ жолымен жүрген. Оған күмән келтірушілер – ол адасқандар, – деді Бала қажы мешітінің наиб имамы Нұржан Балмағамбетов.

Асылында, ата-бабадан келе жатқан нанымның барлығы дерлік дінге толығымен саяды. Салтымыздағы ананы сыйлау, ата-ананың үмітін ақтау секілді тәрбиенің өзі діннің тікелей арнасы. Ораза Айттағы құрбандықтың өзі Алла разылығы үшін қайтыс болған аруақтар құрметіне шалынатындығы. Құрбандық шалғанда оны біз аруақ үшін емес «Аса мейірімді, ерекше рахымды Алланың атымен, Алла ұлық» деп шаламыз. Мінекей, аталған дүниенің барлығы діннің салт пен ғылымның қайнар көзі іспеттес екенінің бірден-бір дәлелі.

«Дін – ғылымның атасы» деп жырлаған Мұқағали да бұл діни танымды танығанға ұқсайды…

Біз көп жерде бір ұшты пікірге иланып, кейде ауытқудың аз алдында қаламыз.

Кезінде Мекке Мәдинаға қажылыққа барған мүміндер ол жердің аптап ыстығына төзе алмай Алла елшісі Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне Алладан жауын сұрайды. Сонда Меккеге жауын жауып, сусаған құрма талдары мен аңызақ желден аңқасы кепкен адамдар Аллаға сансыз шүкіршілік айтқан. Осыдан «тасаттық» беру, яғни, аруақтарға құрбан шалып, ас беріп, Алладан жауын сұрау ұғымы пайда болған.

Ал, әулие аруақтың басына Құран бағыштап, Жаратқаннан бала сұрауға келер болсақ, жалғыз жәрдем Құранға сүйенейік. Құран Кәрімдегі әрбір қисса, әңгіме кейінгі мұсылманға ғибрат әрі үлгі екендігі белгілі. Раббысынан әули басына барып перзент тілеушілердің болғанын айғақтайтын мына дұғаларды мысалға алсақ:

«Рабби һәб ли минас-саалихин». Мағынасы: «Раббым, маған ізгі ұрпақ сыйла!» (Саффат сүресі, 100 аят). Немесе «Рабби ләә тәзәрни фәрдән уа әнтә хайрул-уаарисин».

Мағынасы: «Раббым! Мені жалғыз қалдырма! Расында Сен мирасқорлардың ең қайырлысысың» (Әнбия сүресі, 89 аят).

Осынау дұға тілектің мән-мағынасына жетіп, талай мұсылман Мәшһүр Жүсіп әулиенің де басына барып Алладан медет сұраған. Тірі дәлел тек атақты Мәшекеңнің басына түнеп, Құдайдың қалауымен бала сүйгендер емес. Қарағандыдан 400 шақырымда орналасқан Тама Итемгенұлы Қылыш әулиенің де басына сонау қиырдан кеп перзент сұрай қонғандарды көз көріп, құлақ естігені бар. Солардың бірі – Айтқали Асанов.

2009 жылы үлкен қариялардан Қылыш әулие жайлы естідік. Сонау Лугавойдан ат арытып, жолсерік алып бардық сол әулие жатқан ауылға. Келіншегім бала көтере алмай ұзақ қиналды. Бұған дейін біршама амалдарын қылдық. Ақыры Қылыш әулиенің басына екі күн түнегенде түсімде бір үлкен қарт келіп, күміс мылтықты қолыма ұстатып кетті. Аллаға шүкір одан кейін көп ұзамай ұлды болдым. Қазір Аллаға сансыз разымын, отбасымда 5 балам бар. Сол бір әулие кісінің басына Алла разылығы үшін түнеп, тілегіміз қабыл болды, – дейді Айтқали Асанов. 

Осы бір оқиғадан соң көптің көңілін күпті еткен күдік сейілгендей. Біз бүгінде естігенге емес, көргенге сенсек, құлақтың құрышын қандырған құр мақтауға емес, ауызбен айтылған ащы шындыққа илансақ, адами құндылықтың ауылына түсетініміз хақ. «Әлхәмду лилләһи раббил ъаләмиин» (Фатиха сүресінен). «Расында, мақтау, мадақтау, ұлылық тек Аллаға ғана тән» екендігін естен шығармаған абзал. Себебі, біз Оның қасынан келіп, түбінде Оған қайтады екенбіз…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.