Бас тақырыпКөзқарас

Барыс жылы табыс жылы бола ма?

Күн мен түн теңелер сәтке, барыс жылының кіруіне санаулы күн қалды. Жақындаған жаңа жыл мінезін танытып та үлгерді. Қаңтарда күнтізбе ауысты, халық күтпеген жерден қасіретпен қауышты. Жылдың қабағындағы қатып келе жатқан мұздан оңбай құлап, омақаса жаздадық. Қазақтың дархан пейілі мен асқақ рухы, бекем бірлігі мен ізгі ниеті, аңсар-арманы бұл сыннан да аман алып шықты. Көп ұзамай бұлт астынан күн көрінді. Еліміз табаны амалға тиісімен жақсы жаңалыққа қарық болды да қалды. Қаңтарда бауырын көтерген жылан алдамапты. Мәшекең шынымен әулие екен… Сөнуге шақ қалған үміт оты қайта тұтана бастады. Осылайша, Тәуелсіздік алғалы бергі төртінші онжылдық алапат өзгерістермен басталды. Түңіле бастаған көңілдің өмір сүруге құлшынысы артты. Жаман ниет ат басын кілт тартты. Ізгілік қазаққа күліп бақты. Ал, қазақстандықтарды жыл бойы басқа нендей жаңалық күтіп тұр. Барыс жылының өткеніне мойын бұрып, алдағы күннің терезесін қағып көрелік.

Барыс жылы – Орталық Азия халықтарының күнтізбесінде қолданылады. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Барыс жылын Жолбарыс жылы деп те атайды екен. Барыс жылы XX ғасыр басталғалы 1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010 жылдарға сәйкес келген. Осы жылдарға қарап отырып, бірқатар тарихи оқиғалар барыс жылында орын алғанын байқаймыз. Деректерге сүйенсек, бұл жылдарда соғыс та басталған, халықтың өмір сүру деңгейі де артқан. Тәуелсіздік алған жылдары елеулі оқиғалар да болған.

1914 жылы басталған бірінші Дүниежүзілік соғысты, 1938 жылғы қасіретті, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын ел біледі. Ал, Тәуелсіздік алғалы 1998 жылдары Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұрған мемлекет ретінде танылған. Осы жылы елордамыз Сарыарқаның төріне көшті. Одан кейінгі 2010 барыс жылында Қазақстан әлемге таныла бастады. ТМД мемлекеттері ішінде алғаш болып, Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуге төрағалық етті. – Барыс – еліміздің таулы аймақта

рында өмір сүреді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысының ғалымдар қазір Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Алтай сілемдерінде 110-130 шамасында ғана барыс қалды деп қорытынды жасапты. Ол адамның көзіне көп көріне бермейтін аса сақ жануар. Қазақтың дүниетанымында епті, салқынқанды, қайсар, ақылды жануар. Бұрыннан халық барыс жылында қоғамда үлкен өзгерістер болады деп күткен. Ата-бабаларымыз барысты ерекше құрметтеген. Есіктен табылған Алтын адамның белдігінде, өн бойында барыс бейнеленген құйма өте көп. Темір дәуірінің ескерткіштерінде де барыс бейнесі жиі кездеседі екен. Бұл бабалар үшін барыстың қасиетті символ болғанын дәлелдейді. Ортағасырлық тиындарда барыстың жоғары қарай ұмтылып бара жатқан, секіргелі тұрған бейнелері бар. Монетадағы барыс бейнесі оның билік атрибуты болғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі есігінің қоладан құйылған тұтқасында үш барыс бейнеленіпті. Сондықтан, барыс жылы қазақ халқы үшін берекелі болуы тиіс, – дейді ҚарУ-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов.

Барыс – сақтардың ұғымында қасиетті аң болған. Қазақ халқының жорамалдарында Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп саналыпты. Нумеролог Айсара Өмірзаққызының болжауынша, Қоян жылынан бұрын келетін барыс жылы күрделі өзгерістердің алдындағы тыныш жыл болмақ. – Барыс – адамдарға өзгеріс әкелетін жыл. Бұл жылы қиындық пен қуаныш қатар жүреді. Барыс – шапшаң, көздегенін алмай қоймайтын аң. Үлкен жобалардыжүзеге асыруға қолайлы жыл болады. Ата-бабаларымыз барысты қасиетті, киелі аң санаған. Тарихқа көз жүгіртсек, барыс жылы жайлы болған. Ірі оқиғалар барыс жылынан кейін болған, яғни 2022 жыл үлкен бетбұрыстардың алдындағы тыныш жыл болмақ, – дейді нумеролог.

Қазір еліміздегі орын алып жатқан оң өзгерістерге қарап, нумерологтың болжамына сенгің келеді. Өйткені, кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген мәселелер жанымызды толқытты. Үлкен өзгерістер бір жылда орын алмасы анық. Сондықтан, өзгеріс алдындағы жыл деген болжам көңілге қонымды. «Қазақстан – 2030 барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында:

«2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшiн үлгi болады деп сенемiн. Тауларымызда тiршiлiк ететiн қар барысы дүниежүзiлiк қоғамдастыққа онша таныс емес. Бұл – өзiне тән тектiлiгiмен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды бiлмейтiн тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ. Ол ешкiмге бiрiншi болып шабуыл жасамайды әрi тiкелей соқтығыстардан бойын тартатын болады. Бiрақ, егер өзiнiң еркiндігi мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады. Ендеше, қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздiк деңгейiне үстелген Батыстың талғампаздығы да, Шығыстың кемеңгерлiгi мен төзiмдiлiгi де тән болуға тиiс» деген жолдар бар. Бұл жолдардан да жақсылықтың иісі аңқиды. Жанымыз сонда да тынышталмай мемлекеттік қызмет ардагері Ниқанбай Омарханов ағамызға хабарластық.

– Жаңа келген батыл, азулы, өр мінезді Барыс жылы еліміз үшін жақсы болады деп сенеміз. Ырымшыл халықпыз, Барыс жылы өзіне тән ер мінезімен өмірімізге еркін кірді, жаңа жыл басында басына бұғау түсірмейтін, тар қапасқа көнбейтін мінезін де көрсетіп, елдің көзін ашып, рухын көтерді. 30 жылғы тоқырауды сілкіп тастап, Жаңа Қазақстан – жаңару , жаңғыру жолына сескенбей бет бұрдық. Оған дәлел елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды саяси реформалардың басталуы, таяу күндері Президенттің халыққа батыл айтылған саяси реформалар туралы Жолдауынан үміт көп, сенім бар! Президент ұсынған түбегейлі саяси реформалар іске асса, ал оның іске асуына күмән жоқ, Қазақ елінің өз дамуында тау барысындай шыңға шығуы алыс емес. Бұл тарихи Жолдау және оның мән-мағынасы, маңызы мен нәтижесі әлі тарих оқулықтарына да кірері сөзсіз. Ләйім солай болсын, – дейді Ниқанбай ағамыз.

Ал, Сұрыптау елді мекеніндегі Ақыт қажы мешітінің имамы Жанарбек Мамбар жылдың қалай болуы ниетке байланысты екенін айтады.

– Ислам дінінде жылдың, айдың, күннің жаманы жоқ. Адамның ниеті мен пейілі, ой-арманы қалай болса, өмірі солай болады. Ал, қазақ халқы қашанда «Жақсы ниет – жарым ырыс» қағидатын ұстанған. Сондықтан, жамандық шақырмай, жақсылықтан үмітті үзбей, еңсені нық, бойды тік ұстап, адал еңбекпен алға баса беру керек, – дейді ол.

Мамандардың сөзінен қорытынды шығарсақ, Барыс жылы табыс жылы болуы тиіс. Ендеше, жақсы ниет қылайық. Ізгіліктен үміт үзбейік!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button