Ауыл атасыз болмас деген елміз. Ол – билік. Жер-жердегі билік өкілі біздің заманда – әкім. Тоқтаусыз ауысып та жатады. Іс тындырары да бар, қазақта «суша судырап» деген сөз де бар, судырап кететіні де жеткілікті.
Иә, тіршіліктің көзі – су.
Әлем ауыз судың шешілмес проблемаға айналып бара жатқанын мойындағалы қашан?! Газеттер мына көрші Қытайдың өткен жылы 500 млн. адамы тұщы судан таршылық көрді деген дерек келтірді. Селт етпей жүрген біз сияқтымыз. «Оян, қазақ!» деп Міржақып аттандап кетіп еді. Әлі ұйқысыраған жағдай. Су көзін таза сақтайық деген естен шыққандай. Судың есі барын, жақсыға мерейленіп, жаманды жатырқап, түсі (кристалы)бұзылып, қошқылданып шыға келетінін ғалымдар дәлелдеген. Әлде біз соны оқымаймыз ба? Оқымайтын шығармыз. Осы биыл малы бір қора бір азаматтың соңғы жиырма жылда газет-журнал ұстап көрмегенін естігенде, жаным түршікті. Сонда оның анау жүгіріп жүрген балалары не болды? Қой төрт аяқты, бұлар екі аяқты жаратылыс болып қалғаны ма? Еліміздің болашақ азаматтарының кейпі осы болса, енді не болдық?
Өткенде Жаңаарқаға барған едім. Жұрттың ішіп отырған суы кермектеніп кетті деп 40 шақырым жерден жаңа су құбырын тартып жатыр екен. Ал, осы біздің аудан орталығының халқының пайдаланып отырған суы жыл өткен сайын ащыланып бара жатқанын жұрттың бәрі айтады. Оның ақыры неше түрлі ауруға әкелетіні тағы белгілі. Үндемей жүрген жоқпыз. Мына Аюлының етегіндегі тұщы судың мол қорынан қосымша резервуарға су қосайық деген пікір сан жиналыста айтылды. Арасы 40 км емес, 300 метр. Ел соңғы әкімнің де, сонан бұрынғысының да құлағына құйып баққан. Кешегі үлкендер айтушы еді «көкейінде жоққа кеудесіне күміс құйсаң да оңбайды» деп.
Ең бір сорақысы сол тұщы судың мол қорын таза сақтайық деген ниеттің жоқтығы. Тура сол тұщы су қорының үстіне жылда апарып біреуді жерлеп жатады. Өліктің ағзасы жүз жыл бойы ағып, суға қосылады екен. Сонда біз болашақ ұрпақтық ішер суын лайлап жатырмыз. Кешегі Қ.Медиев әкім болып тұрған уақытта сол жерге адамды жерлеуге тыйым салдырған едік, кейін әкім болғандарға таза судың керегі болмай қалыпты. Әлде бәрінің орнына Қ.Медиевті қайта әкеліп отырғызу керек пе еді. Өкініш, өткен қайтып оралмайды.
Аудан басындағы бұлақтың да, құдықтардың да суы таза деп айту қиын. Жалғыз бұлақтың жан-жағын моншамен бітедік. Әр үйдің жаны септик. Құдықтан жиырма-отыз метр жерде қалқиып дәретхана тұр. Жер асты суы жалғасып жататынын ескерсек қай құдықтан су ішкендейсің.
Қайран Нұра жылап ағып жатыр. Суының кемшіндігінен емес. Суының тазалығын сыйлап, қасиетін түсінбегеніне жылаған Нұра. Тал түсте Нұраның жағасына барсаң кір-қожалақ машинасын шомылдырып, ыспалап жуып, судың бетінде қара-қошқыл боп аққан майға мәз боп қарап тұрған пәтшағарды көресің. Ешкімнің онда жұмысы жоқ. Өйткені, ол … Ол! Әркім өзін дүниенің тірегі санаған надандық. Сол Нұраның жағасына әлдекімдер неше түрлі дәріні шашып кетіп те жатады. Өткен жылы белгілі Қаштай ақсақалдың немересі ойнап жүріп сол дәрілерден уланып, пәленбай күн ессіз жатты. Осы біздің ауданда осындайларға жауап беретін СЭС деген мекеме болушы еді, сол қайда десті. Ол басқа жақта. Ескі қоныста көше алмай қалып қойыпты. Түйесі жүк көтере алмайтын арық екен. Әлде иесі басқа жаққа көшкісі келе ме? Әйтеуір бір берекесіздік. Аты бар, заты жоқ СЭС-ті жауып тастаса қайтеді? Аудан Ақсу-Аюлыда, ал СЭС деген… Қайда екенін құмалақшы білетін шығар.
Әлдебір ауданды еске алғанда, оның сәні мен қасиет тұтатын орындары еске түседі. Ұлытау десек оның көкті сүйген шыңдары ғана емес, әдемі шәһәрі, Жаңаарқа дегенде далиып жатқан кең даласы ғана емес, сәнді көшелерінің бейнесі елестейді. Шет дегенде де сондай жүректі лүп еткізер, қасиет тұтар орындар көп болса екен деп тілейсің. Барды ұқсата алмай жүрген жай жеткілікті. Бір ғана мысал, өткен жылы ойланбастан ауданның көне орталығына далитып тағы бір тойхана салып тастады. Сол жерде, алақандай жүзде-жүз жерде, үш тойхана тіресіп тұр. Бұл кімге керек? Сол жерге аудан тарихын, мәдениетін бейнелейтін символдық бейне болса екен деген сөз құлаққа кірмеді. Жер беріліп, өңкейіп, салтанаттан аулақ, бірдеңе тұрғанын бір-ақ көрдік.
Тағы бір әкімнің қолынан келгені, 48311 қазағынан 5021 адам тірі қалған азалы орынға ескерткіш деп бес қаңылтырдың басын қосқан күрке. Онысын 5 млн. теңгеге жасатыпты. Ең болмаса, темір шарбағын да жаңартпаған. Сол шарбақтың бес-алтауын өзіміз үйден сүйреп апарып 1992 жылы қоршау жасағанбыз. Солар әлі тұр. Ескі шарбақтар да 5 млн. ішіне кіріп, құлқынға еніп кеткен шығар. Қаңылтыр күркеде не бір жазу жоқ, неге қойылғаны да белгісіз. Кезінде осы қаңылтырдың біріне «Түтіні тұман болған қайран елім, бір үйден қыстау басы қалмады ғой» деген сөз жазылсын деген едік. Құлаққа кірмепті. Келесі әкім «мұның маған қажеті жоқ» дегенді айтты. Сол күркені өткен күзде дауыл ұшырып әкеткен еді. Сірә, табиғат өзі шешкен екен мәселені. Міне, биыл елді басқаруға келген жаңа әкім, Марат Жандәулетов жаңа жоба жасатып, істі қолға алғанына ризасың.
Төбенің артындағы сонау 1932 жылдан бері жалғасып келе жатқан көне зираттың тап ортасында бір шұңқырға жерленген 400-ден аса адамның мүрдесі бар. Ол да ескерусіз. Тағы сол 1992 жылы Аюлының шың биігінен кісі бойы жіңішке тасты тағы біз әкеліп қадағанбыз. Соны барып көрген әкім жоқ. Аштан қырылған осы жандардың жатқан жерін қоршау керектігі сан айтылды. Мәселе, соған қаржы жоққа тіреледі. Өткен жылы паркті жаңа темір шетенмен қоршады. Соның бұрынғы қоршауының жиырма-отыз метрі сол жерді қоршауға бұйырмағанына не айтасың. Ескі қоршаудың пәленбай жүз метрінің қайда кеткенін жұрт біле алмай дал.
Орталықтың бас көшесі Шортанбай жырау атындағы даңғылы мақтануға лайық көше. Қазақтың кең пейіліндей керіліп, шаһарды, қақ бөле созылып жатыр. Көне Сейфуллин атындағы көше де соңғы кезде тәп-тәуір түзеліп қалды. Бірақ, осы басты екі көшеден бір-біріне өтетін жалғыз соқпақ өзі тар, Әбікен атындағы шолақ көше. Жаяу да, сапырылысқан машиналар да сонда. Болашақта жүргінші де, машина-көліктер де көбейе түсері даусыз. Тағы бір көлденең көше салу туралы сан ұсыныс түскен. Әзірге шешімін күтеміз.
Ұрпақ көнеден келе жатқан мұрамен мақтанады. Сол мұраның көзі отызыншы жылдардың соңында салынған аудан бойынша жалғыз орта мектеп еді. Сол мектепті салу жұмысындағы ерен еңбегі үшін мектеп басшысы Х.Сәрінжіпов «Ленин» орденін алған. Ес кеткен 90 жылдары сол мектепті қиратып тыңды. Ендігі қалған көне мұра 1931 жылы салынған жеті жылдық мектеп. Бұл мектеп – детдом да болған. 50 жылдардан Потребсоюз мекендеді, соны Салық комитеті біраз жыл орын тепкен. Қазір қараусыздықтың салдарынан белін жаза алмайтын қарттай, бүкірейіп-шойырылып тұр. Аудандағы алғашқы оқу орнының да (Бүкіл ұстаздары мен шәкірттерінің тізімі қолда), пәленше бала қырылған да, өгіз арба мен халыққа астық тасыған сауда орнының да тарихы жатқан ғимараттың бүгінгі халі осы. «Жанашыр бар ма?» деп өзі дауыстап тұр.
Көңілде жүрген түйткілдердің бірі – интернат жағдайы. Жаз болса, суға малшынып, қыс болса үш шақырым жерден суыққа тоңып балалар бүрсеңдеп келе жатады. Оқу түгілі баланың басы қайғы. 90 жылдары амал жоқ шыдадық. Кейін бұл мәселені қолға алғанбыз. Облыс әкімі Н.Нығматулин көтерілген мәселені құп көріп, өзі келіп танысып, тура мектеп жанынан интернат салу керек екенін және балалар интернаттан далаға шықпай мектепке дәліз арқылы бару керектігін айтып, тапсырыс берген-тін. Келесі әкім С.Ахметов та мәселеге оң көзқарасын білдірді. Амал не, біздің оралымсыз басшылар облыс құп көрген істі әрмен қарай жалғастырып әкете алмады.
Интернат – Пришкольный (мектепке іргелес) деп аталады. Мектепке іргелес интернатқа әр пәннің мұғалімі жеке-жеке барып, қосымша сабақ та жүргізеді. Үш шақырым жердегі интернатқа қыстың боранында, сақылдаған сары аязда қай мұғалім барады. Оқушының қараусыздығы осыдан туындайды. Мына, тентектер көбейіп тұрған заманда, сол оқушының аман-сау барып қайтуын ойламаған басшыларға айтар сөз жоқ.
Өткен жылы сол интернат-сымаққа 50 млн. теңгеге ремонт жасалыпты. Бітірген ісіне назар салдым. Есіктің алдында шәйнектей-шәйнектей тастар жатыр. Бала жататын бөлмелердің есігі босағасымен бірге теңселіп тұр. Еденіне аяғым кіріп кете жаздады.
Ал, сол 50 млн. теңгеге Ағадырда екі этажды үй салынды. Сол қаржыға аудан басына тап сондай интернат та салуға болатын еді-ау. Жанашыр қайда?
Кәмел Жүністегі,
жазушы.
«Құрмет» орденінің иегері.