Халық Конституциясы

Тұрақтылық тұғырының темірқазығы

Хәкім Абай 1886 жылы бағзыдан бергі билер мен қазылар іске асырып келген «Жеті жарғы» Заңына өзгеріс енгізіп қайрат қылғаны тарихтан мәлім. Заманы жаңарған кездің Халық Конституциясы да азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, әділ сот төрелігінің қосымша кепілдіктерін бекітеді, цифрлық ортадағы адам құқықтарын ескереді және білім, ғылым мен инновацияны дамытуға басымдық береді.

Сурет Ақордадан

Конституциялық Сот жаңа Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етіп, конституциялық бақылауды жалғастыра береді. Иә, бұрнағы заманда заңға өзгеріс енгізуге ұмтылған ұлы ойшылдың мақсаты ел ішіндегі әділетті орнықтыру болса, бүгінгі конституциялық жаңғырудың да алтын арқауы – адам мен қоғам мүддесін үйлестіру. Тарихтың әр кезеңі өз талабын алға тартқанымен, әділдікке деген мұрат өзгермейді. Өйткені, заңның қадірі оның қаталдығымен емес, ақиқатты қорғап, адам құқығына қалқан бола алуымен өлшенсе керек.

Сарабдал саясаттанушылар жаңа Конституцияны елдегі саяси институттардың қызметін жаңғыртып, билік тармақтарының өкілеттігі мен жауапкершілігін айқындай түсетін реформалық негіз ретінде қарастырады. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұсынған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты мемлекеттік басқарудың өзегіне айналады. Қазіргі халықаралық ахуал мемлекеттердің қауіпсіздігі тек сыртқы шекараның беріктігімен өлшенбейтінін көрсетіп отыр. Геосаяси текетірестер мен қарулы қақтығыстар күшейген тұста ішкі саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім және мемлекеттік институттардың орнықтылығы айрықша мәнге ие болады. Сондықтан, Қазақстан үшін ел ішіндегі бірлікті сақтау – сыртқы сын-қатерлерге төтеп берудің және ұлттық даму бағдарын табанды жалғастырудың стратегиялық негізі.

Төрткіл дүниеге әйгі болған Халық Конституциясының алтын арқауы ел жүрегінің шамын жағу. Зәредей қателігі жоқ, жаза баспаған, кем түспеген бұқараның ұятын күзеткен құны кетпес бас құжатымыз арлы іске жетелейді. Таразы басын тең ұстайды. Салқар тарихтың қай белесін алсақ та, елдіктің ең биік тұғыры – әділдік пен ақиқат болған. Хәкім Абай армандаған кемел заң мен бүгінгі Халық Конституциясының тоғысар тоғызы да – осы тұс. Адам қадірін асқақтату. Уақыт керуені алға жылжыған сайын Ата Заңымыз ел бірлігін бекемдеп, әрбір азаматтың сенімді қалқанына айнала берері хақ. Конституцияның шынайы қуаты – оның әрбір бабының халық жүрегінен орын алып, іс жүзінде орындалуында. Адам құқығы ардақталған, азаматтық қоғам үні естілген және Заң үстемдік құрған елде ғана өркениеттің өрісі кеңеймек. Жаңарған Ата Заң – Қазақстанның жаңа дәуірдегі парасатты саясаты мен жарқын болашағының айқын кепілі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕК
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button