Ауыл спортын дамыту – тең мүмкіндік
Күрес кілемі, доп үні, бапкердің қысқа бұйрығы. Жасөпірімнің спорт залындағы жаттығуы келе-келе оны арманының сапарына бекіндіретіндей. Тек сол жас қыранын қанат қақтырар спорт нысандары бұқараға толық қолжетімді ме? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында әлеуметтік нысан барлық өңірге тән болмағы қаузалды. Мемлекет басшысы азаматтардың толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуын тұрмыс сапасын көтерудің басты шарты деп атады.

– Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз. Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек, – деп түйді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол мәндес міндет «Халықтық құрылыс» ұғымы болып жиынтықталды сәл сосын. Алдымен аңдағанымыздай алғы кезекте өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Перзентхана, аурухана, жедел жәрдем стансасы, балаларды оңалту орталығы және бар баланың сұранысына сай спортзал сол тізімнің сап басында тұр. Соңғы бес жылда спорт саласына 616 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Кейінгі жеті жылда елде 500-ден астам спорт нысаны салынды. 536 нысан бой көтерген. Былтыр пайдалануға берілген 147 нысанның 107-сі қыр халқының еншісіне тиесілі. Биыл межеленген 121 нысанның 98-і тағы да ауылдық жерде бой көтермек. Зер салсақ, спорт нысандарының басым үлесі қала орталықтарында емес, ауыл аңғарына қарай жылжып баратыны көз қуантады. 2029 жылға қарай халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылуын 65 пайызға жеткізу межесі қойылған. Азырақ жұрты бар ауылға жеңіл кешен лайық. Бәріне өз кесіміндегі мүмкіндік жаратылмағы абзал іс.
Кең мүмкіндік. Тең мүмкіндік. Инклюзия осы қатардың шетінде қалмайтыны баса белгіленді. Жолдау жолдарында ерекше балаға арналған спортзал мен оңалту орталығы бірінші кезектегі құрылыс болары мәлім-ді. Кешен мүмкіндігі шектеулі азаматқа да бейімделеді. Аймақ осы бағытты өз картасында сынап көруде. Өңірде 1 384 спорт нысаны бар. Оның 300-ден астамы ауылдық жерде. Былтыр 85 жаңа спорт нысаны ашылып, сонша жасанды жабынды алаң орнатылды да, бес көпфункционалды хоккей корты салынды. Биылдың өзінде Шет пен Ақтоғай аудандарында, Ақтас кентінде және Қарқаралының Көктас ауылында жаңа кешендер ел игілігіне берілді. Қаңтарда Приозерск шаһарында ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешені де осы беталыстың басы еді. 210 орындық нысанға облыстық бюджеттен 874 миллион теңге жұмсалды. Футбол, волейбол, самбо, дзюдо, қазақ күресі, ауыр атлетика және бокс үйірмелері балаға тегін негізде ұсынылды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент тапсырмасының мәнін былайша тарқатты.
– Біз спорт инфрақұрылымын дамыту, қарағандылықтарды спортқа барынша көп тарту және спортшыларымызға халықаралық жарысқа дайындалу үшін қажетті жағдай жасау бағытында көп жұмыс істеп жатырмыз. Қарағанды облысы қашанда бай спорттық дәстүрімен және талай мықты спортшысымен мақтана алады. Біздің міндетіміз дарынды спортшыларға қолдау білдіріп, олардың шеберлігін шыңдау, жаңа белестерді бағындыруына қажетті жағдай жасау, – деді.
Аудандарлы аралай өтсек, Шет ауданының Нұра ауылында 200 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылғандығын тілге тиек етер едік. Мұнда футзал, волейбол, қазақ күресі, бокс, тренажер залдары бар. Былайша үймерет қалалық деңгейден бір кем түспейді. Нысанды Sary-Arka Copper Processing компаниясы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, кәсіпорын жұмыс істейтін елдімекеннің әлеуметтік және спорт инфрақұрылымын дамыту негізінде салды. Нұра ауданындағы сурет сәл-пәл өзгерек. Өлкеде бір ғимарат түгілі, тұтас желі бар. Аудан орталығында ауа тіректі кешен, Нұра кенті мен Шахтёрское ауылында жабық хоккей корттары, Ахмет ауылында бокс, жекпе-жек және қазақ күресіне арналған клуб жұмыс істейді. Ақтас кентінің кешені ұлттық спорттың ауылдағы тынысын меңзегендей. Қазақ күресі, джиу-джитсу, каратэ, тоғызқұмалақ, асық ату, бесасық, садақ алаңдары менмұндалайды. Балалар тегін секцияда жаттығады, оларды жеті бапкер дайындайды. Қарқаралы ауданының Көктас ауылындағы спорт кешеннің аумағы 542 шаршы метр. Ауылдың келбетіне шақ нысан. Ауылдың жас спортшысы Әмір Қаппас қазақ күресімен үш жылдан бері айналысады.
– Әлем чемпионы болғым келеді. Мұнда жаңадан зал ашып жатыр. Мен шалғайдан шығар болашақ чемпионмын! Мемлекет басшысының бізге жасаған жағдайына риясыз қуанамыз, – деп қысқа қайырды Әмір сөзін.
Облыстағы жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылық лауазымдарына биыл конкурс жариялануы да кадр сұранысының бар екенін көзайым етеді. Жыл соңына дейін облыста 500-ге жуық дене шынықтыру мұғалімі бейімделген ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуге оқытылады. Осакаров және Бұқар жырау аудандарында биыл бейінді жеңіл атлетика секциясы ашылды. Ардагер бапкер Саржан Жақсыбеков осы тұрғыда бір тосын ой білдірді.
– Кезінде балалар спортқа өздері келетін. Қазіргі заманда бәрі керісінше. Келгенінен бөлек бапкерлердің өздері болашағынан үміт күттіретін таланттарды іздеп, спортқа тартпағы өмірлік мәнге ие. Қыз балалардың жөні тіптен бөлек. Оларға ер балаға қарағанда көбірек көңіл бөлініп, жағдай жасалса екен. Әсілі, бір нәрсе ойдағыдай болмай қалса, мойымау керек. Жеңіс бірден келе қоймайды. Спортпен шұғылдану адамның өмірін мәнді де жарқын етіп қана қоймай, жаңа дос табуға, өзіңді өзің жеңіп, мүмкіндігіңді кеңейтуге көмектеседі, – дейді кәнігі бапкер.
Сарабдал көзқарас танытқан болсақ, ауылдағы кешен өз алдына жеткіліксіз болып көрінетіндей. Ол балаға алғашқы баспалдақ ісретті. Келесі тепкіш – жоғары шеберлік ордасы. Қарағандыдағы спорт кластері аясында Freedom Holding Corp пен облыс әкімдігінің меморандумы аясында енді бір нысан құрылмақ. Құрамында әмбебап спорт залдары және мұз ареналары, жеңіл атлетика манежі, Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің мектеп-интернат-колледжі, 15 мың көрерменге арналған төртінші санатты стадион, футбол академиясы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Әмбебап аренаның жобасында ұзындығы 50 метр, сегіз жолақты, трибуналы жүзу бассейні қоса қарастырылған.
Бағзыда ауыл баласының бар байлығы – кең дала, көкжиек һәм қиял болатын. Қияндағы ертегідей қиялдың соңынан ерген талай өрен ел таныған азаматқа айналды бүгінде. Ал, қазір ше? Қазірде мүмкіндік молырақ. Ауылда спорт кешені бой көтеріп, күрес кілемі төселіп, жаттығу залдарының шамы жағылуда. Шыңдағы шынардың биіктігі тамырының тереңдігімен өлшенсе, жас спортшының соқпағы алғашқы жаттығуынан бастау алмағы аян. Ауылдағы естияр жастардың алғашқы атқан адымына жол ашу – келешекке жасалған теңдессіз қамқорлық дерлік игі ойға қаламыз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



