Спорт нысаны кімге қолжетімді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берді. Мемлекет басшысы барлық аймақта спорт кешендері, шығармашылық үйлері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу қажеттігін атап өтті. Келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бастама спорт инфрақұрылымын дамытуға, әсіресе ауылдар мен шағын қалалардағы тұрғындар үшін спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейтуге жаңа серпін беруге тиіс.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы спорт нысандарын салумен ғана шектелмей, олардың халық үшін нақты қолжетімді болуын қамтамасыз ету міндетін алға шығарады. Өйткені, спорт кешенінің болуы мен тұрғындардың сол нысанды тұрақты пайдалана алуы – екі бөлек мәселе.
Өңірлік көрсеткіштер де бұл бағыттағы жұмыстың ауқымын аңғартады. Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында өңірде 1 381 спорт нысаны жұмыс істеп, 460 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде айналысқан. Бір жыл ішінде 95 жаңа спорт нысаны пайдалануға беріліп, Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин кентінде, Ақтоғай ауданының Сарышаған ауылында және Приозерск қаласында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Ал 2026 жылы жарияланған ресми мәліметке сәйкес, облыстағы спорт нысандарының саны 1 384-ке жеткен. Биыл төрт нысан пайдалануға беріліп, тағы сегізінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қарағанды қаласында құны 14 миллиард теңге болатын футбол академиясы да салынып жатыр.
2026 жылғы сәуірде жарияланған мәліметке сәйкес, Саран қаласында тәулігіне 700 адамға дейін қабылдай алатын спорт кешені салынып жатыр. Сонымен бірге, «Күнгей» шағынауданында да жаңа спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар қала тұрғындарына жыл бойы спортпен айналысуға мүмкіндік беруді көздейді. Жаңа ғимараттардың пайдалануға берілуімен жұмыс аяқталмайды. Олардың қызмет көрсету құны, тұрғындарға қолайлылығы, балалар мен жастарға арналған секциялардың саны және ауылдық жерлердегі қамту деңгейі де назарда болуы қажет.
Спорт инфрақұрылымының дамуын тек салынған ғимараттар мен ашылған алаңдардың санымен бағалау жеткіліксіз. Ең басты көрсеткіш – сол нысандарға тұрғындардың еркін барып, қалтасына салмақ салмай, тұрақты түрде жаттығу мүмкіндігіне ие болуы. Спорт нысаны халыққа жақын болғанда ғана бұқаралық спорттың шынайы мәдениеті қалыптасады.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



