Облыс әкімі

Тұрғындар мәселесі – назарда

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуге келген облыс тұрғындары аймақ басшысына әлеуметтік, бизнес пен денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді жеткізді.

 

Ғалымжан Тәукелов Жеңіс Қасымбекке қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысатын бастамашыл топтың атынан жүгінді. Табиғат қорғау саласындағы көптеген мәселелер қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін анықталды.

 – Қарағанды облысы арқылы киік өтеді. Шын мәнінде, жануарлар тек өтіп кетпей, кейінгі уақытта осы аймақты мекендеп жүр. Сондықтан біз бастамашы топ ретінде осы аумаққа қорықша мәртебесін беруді ұсынамыз. Себебі, бұл аумақ қорықшылармен ресми түрде қорғалады, – деді Ғалымжан Тәукелов.

Жеңіс Қасымбек бұл идеяны қолдады. Экология министрлігіне тиісті хат жолдауға уәде берді.

Жезқазған қаласының тұрғыны Галина Блашкевич аймақ басшысынан көп жылғы мәселені шешуге көмектесуді сұрады. Ол тұрып жатқан көпқабатты үйде орналасқан дүкенде түнгі уақытта спирттік ішімдіктерді заңсыз сатады. Сатып алушылар үй ауласында жиі алкогольдік сусындар ішіп алып, соңыра өзара жанжал шығарады. Галина Блашкевич бірнеше рет құқық қорғау органдарына өтініш жасаған. Сауда нүктесін алкоголь сату лицензиясынан айырған. Алайда, осыдан кейін дүкенде жаңа қожайын пайда болып, баяғы іс қайталана бастаған.

 Жеңіс Қасымбек бұл жағдайды шешуге барынша күш салуды, Жезқазған полицейлеріне заңның сақталуын мұқият қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ, әкімнің жеке қабылдауына келгендер тарапынан мүмкіндігі шектеулі адамдарға санаториялық емдеу ұйымдастыру, коммуналдық мәселелерді реттеу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің жұмыс технологиясын түсіндіру туралы мәселелер көтерілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button