Төл өнеріміз төрге шықты

Қазақтың төл өнері – омыртқа мен қабырға сияқты. Мұны әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырған дәстүрлі «Мен – қазақпын» халықаралық мегажобасы екінші мәрте айғақтады. Жуырда ұйымдастырушылар әнімізді әспеттеп, термемізді дәріптеп, күйімізді мұқым қазақтың құлағына сіңіріп, ұлттық құндылығымызды ұлықтауға сүбелі үлес қосатын жобаның жоспары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ой бөлісті.

Айта кетейік, айтулы жобаны өткізуге «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясы, облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстың ішкі саясат басқармасы мұрындық болды.

Көп ішінен іріктеліп алынған үздіктер республикалық бәсекеге дайындықтарын бастап кетіпті. «Терме номинациясы бойынша жезқазғандық Сағынбай Мәлібеков, «Дәстүрлі ән» номинациясында Шет ауданының дүлдүлі Еркебұлан Ахметов ел намысын қорғаса, күй сайысынан қарағандылық Айдар Омарбеков бақ сынайды. Бұл жөнінде «Saryarqa» телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек Садықанов тереңірек тоқталды.

– Өткен жылы бұл ауқымды жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп, облыстық іріктеуге 700-дей адам қатысқан болатын. Ал, облысымызда өрбіген додада 118 өнерпаз аудандарда бағын сынап, оның 30 қатысушысы облыстық іріктеуге жолдама алды. Қарағандыда өткен телевизиялық жобада сыннан сүрінбеген 30 өнерпаз сайысып, өнерлерін ортаға салды. Алдағы уақытта телевизиялық байқауда әнші, күйші, термешілердің үздігін анықтауға қазылар алқасымен бірге, көрермендер де дауыс беру арқылы атсалысады. Сонымен қатар, Президент Қаулысына сәйкес, әр шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Келер жылы бұл байқауды осы айтулы күннің аясында өткізуді жоспарлап отырмыз. Қарағандылықтарды топтан суырылып шыққан үш өнерпазды қолдауға шақырамын, – деді Жәнібек Садықанов.

Сондай-ақ, атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттауды көздеген жобада қазылық жасаған белгілі журналист Әли Тойжігітов кіл мықтылардың теке-тіресі болғандығын атап өтті. Ал, жоба жеңімпаздарына жүлде тағайындаған облыстық мәслихат депутаты, меценат Бекзат Алтынбеков мәдени дәстүрлер қашанда әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келетіндігін сөз етті.

– Додаға қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеуші өнерпаздар қатысып жатқанда қолдау көрсетуді жөн көрдім. Менің ойымша, қазақтың болмысы домбыраны және халық әнін тыңдаған адам әдемі иірімдерді, ұлттық музыканы көңіл пернелерінде жазып алары анық. Мұндай жобалар бір кездері керексіз көрінген дәстүрлі өнерді дәріптеп, еңсесін тік көтеріп алары сөзсіз, – дейді Бекзат Алтынбеков.

Байқау шарты бойынша, өнерпаз жеребеде көрсетілген кез келген жыртермені орындауы тиіс. Арқа өнерін паш етуге үкілеп қосқан Еркебұлан Ахметов ән қоржынында бірнеше әннің барлығын да айтып қалды. Жезқазған қалалық филармониясының әншiсi, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Ғалым Мұхамединнің шәкірті ел сенімін ақтауға күш салатындығын жеткізді.

 

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.