Төл өнерге төр бұйырмай келеді
Қарағандының өнерпаздары мен өнер сүйер жұрты 1000 көрермен сыятын концерттік зал қажеттігін айтып, зар қақсағалы қашан?! Талай жыл. Бұл мәселе біздің «Орталықта» да сан мәрте көтерілген. Мәселен, газеттің осы жылғы 21 қаңтардағы №8 (23 184) санында белгілі қоғам қайраткері, ғалым, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков те өзінің «Рухымыз асқақ болсын десек…» атты мақаласында өткір көтерген болатын. Автордың «Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі қалалық цирктегі аңдармен қоңсы қонып отыр. Осы дәйектемелердің өзі-ақ Қарағандыдағы мәдениет саласының кенжелеп қалғанының айқын көрінісі» деген пікірін бүгін қайта жаңғыртып отырмыз.
Кеншілер шаһарында 1000 көрермен сиятын зал жоқ. Құрамында 400-ден астам өнерпазы бар Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік жат үйде жәутеңдеген баланың күйін кешіп келеді. 30 жыл бұрын цирк ғимараты басы бүтін берілді. Бірақ, ол шешім емес. Хайуанаттардың өнерін тамашалайтын орынды өнерпаздар ордасы деуге әсте келмейді.
Бірақ, цирк қайда, бекзада ұлттық өнер қайда? Екеуінің арасы жер мен көктей. Өнер жұлдыздарының басым көпшілігі осында ән айтқысы келмейді. Әнші түгілі рухани азық іздеген мәдениеті жоғары көрермен де, зиялы қауым да жан-жануарлардың нәжісінің иісі сіңген жерде отырғысы жоқ. Мұны концерттік бірлестіктің басшысы Талғат Ыдырысов та айтып отыр.
– Бізге көршілес елдерден цирктер келеді. Олар мұнда апталап жатады. Бірнеше күн өнер көрсетеді. Жануарлардың түрлі иісі сіңіп қалады. Басқасын айтпағанда, тіпті, дәлізде жүру мүмкін емес. Әсіресе, арыстанның нәжісі ерекше жағымсыз. Жыртқыштарға жемтікке әкелінген ет те иістенеді. Тиісінше сақталмайды. Ел алдында өнерімен жарқылдап жүрген таланттарға хайуанаттар сайран салған сахнаға шық деуге қалай дәтіңіз барады?
Астана мен Алматыны былай қойғанда, Қарағанды секілді барлық қалада жеке концерттік зал бар. Жақын күндері өзім Қызылордаға жол жүрейін деп отырмын. Сол жақта да биыл концерттік зал бой көтеріп, салтанатты түрде ашылмақшы. Құрметтеп, шақырды. Бізде неге жоқ? Арқаның жұрты өнерге шөлдеп жүр, – деді Талғат Ыдырысов.
Бұл мәселені облыстық мәслихаттың депутаты Меруеш Башай да ұдайы көтеріп келеді. Депутаттың сөзінше, Қарағандыда концерттік зал салуға облыстық бюджеттің шамасы жетпейді.
– Қарағанды – Қазақстандағы үлкен облыс. Қали Байжанов атындағы концерттің бірлестікте заманауи зал жоқ. 500-ге жуық адам өнер көрсететін 85 жылдық тарихы бар өнер ұжымына бір зал қажет-ақ. Өзге облыстарда танымал тарихи тұлғалардың атымен аталған мың жарым көрерменге арналған концерттік залдар бар. Өзім осы өнер ұжымында жүрген соң, проблеманы жақсы білемін. Заман бір қалыпта тұрмайды. Қарағандының өнер сүйер қауымы осы мәдениет ошағының көрермендері болатынына сенімім зор.
Биыл маусым айында Астанада өткен «Amanat» партиясының депутаттарының өткен республикалық алғашқы форумында Мәжіліс депутаттары мен Мәдениет министрінің алдында республикалық бюджеттен ақша бөліп, қолдау көрсетуді ұсындым. Зал салу мәселесін бұрын да көтерген. Тіпті, сметалық жоба да жасалған екен. Өкінішке қарай, қолдау болмады. Айтылған сөз желге кеткен секілді.
Үлкен залдың құрылысын облыстық бюджет көтермейді. Бұған республикалық бюджеттен ақша бөлу қажет, – деді Меруеш Башай.
Қарағандыда үлкен концерттер «Кеншілер мәдениет сарайында», Сәкен театрында және «Шалқымада» өтеді. Ешбіріне де 1000 көрермен симайды. Орындар саны 500 бен 600-дің айналасында. Тіпті, «Шалқыма» әуел баста кинотеатр болып ашылған. Мұны көбі білмейді. Халық сүйген республикалық деңгейдегі өнер жұлдыздары бұл шаһарға ат басын бұра бермейді. Бірен-сараны ғана келеді. Өйткені, сатылған билеттен жиналған қаржы жолдарын да ақтамайды. Ал, ақтау үшін билет құнын қымбаттатуға мәжбүр. Қымбаттата да алмайды. Халық сөзсіз наразы болады.
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік «Кеншілер мәдениет сарайында», Сәкен театрына емін-еркін концерт өткізе алмайды екен. Себебі, оған рұқсат алу қажет. Қаншама қағаз жұмыстары бар. Уақыт шығындалады. Концертке дайындала ма, әлде, рұқсат алу үшін сенделе ме? Міне, мәселе осында. Берілген күннің өзінде 2-3 күнге ғана. Бір күні, әлбетте сахнаны декарациялауға кетсе, оның сыртында – мәдениет ошақтарының өз жоспары тағы бар. Өздеріне қатысы жоқ бірлестік үшін бастан асып жатқан шаруаларын кім ысырады?!
Елордадан, шетелден аса қадірлі меймандар келгенде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікті бетке ұстаймыз. Мақтанышымыз. Бұл – бүтін бір ұлттың өнерін аспандатқан біртуар дарындардың мұрасын сақтап, қазақ мәдениетінің кемесін батырмай жүрген өнер ұжымдарының бірі де бірегейі. Ал, жаһандану дәуірінің дауылы – қатты, толқыны – асау. Бетке ұстар бірлестігімізді сайқымазақ сайран салып, орман мақұлығы ойнақтаған, нәжісінің иісі сіңген циркке отырғызып қойғанымыз «досқа – күлкі, дұшпанға – таба» қылатын секілді.
Қарағандыны «ел экономикасының жүрегі, қара алтынның отаны» дейміз. Солай екені – ақиқат. Бірақ, Күләш Бәйсейітова мен Манарбек Ержанов тербеткен қазақ әнінің, Тәттімбет тербеткен шертпе күйінің алтын бесігі екенін де ұмытпаған абзал. Еліміздің түпкір-түпкіріндегі небір дүлділдер Арқадан жеткен асқақ дауысқа елеңдейтініне талай куә болғанбыз. Бізде Қайрат Байбосынов, Жақсыкелді Кемалов, Мейірхан Адамбековтер қалыптастырып кеткен алтын буын бар. Тізе берсеңіз, көп.
Қазақстанда концерттік залы жоқ жалғыз қала – Қарағанды. Өнерпаздарды өгейсітіп, цирк жағалатқан да Қарағанды болып тұр.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz