Бас тақырып

Рухымыз асқақ болсын десек…

Әр елдің ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дүниесі қоғамның жетілуі мен адамзаттың дамуының ең басты бағыттарының бірі. Рухани байлық адамның өмірін қоршаған орта, тіршілік аясымен тұтастыратын және оның мақсат-мүддесін игі істермен ұштастыратын басты құндылық.

Рухани байлық жеке адамның ішкі қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, жалпы адамзатты үнемі игілік пен ізгілікке жетелейтін, гуманистік идеялардың қозғаушы күші.

Халық мұрасы ретінде рухани асыл қазыналар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сабақтасады. Халқы үшін еңбек еткен адамдардың өмірі де, ұлт қалыптастырған мәдени жәдігерлер де – адам баласына қажетті рухани байлық.

Сарыарқа ежелден даңқы шыққан шежірелі өлке. Бұл өңір еліміздің материалдық байлығының көзі ғана емес, сонымен қатар өнердің, мәдениеттің және тарихтың кеніші.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуінде: «Қарағанды табиғи байлығымен қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтық тарихи, рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер. Сондай-ақ, Тәттімбет күй толғап, Мәди ән салған қазақ өнерінің киелі бесігі. Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов сынды әдебиетіміздің алыптары да осы қастерлі топырақтан шыққан. Облыс аумағында тамаша табиғатымен көз тартатын жерлер көп. Қарқаралы мен Шайтанкөл, Бектау ата және Бұғылы-Тағылы таулары қашанда қазақтың құтты мекені саналған. Жерінің үсті мәдени жәдігерге, асты қазба байлыққа толы өлкенің еліміз үшін айрықша орны бар», – деп айтқан болатын.

Ата-бабамыз қалдырып кеткен осы орасан мәдени құндылықтарды келешек ұрпақтың игілігіне айналдыру, оларды жан-жақты насихаттау әрі қоғамның дамуында дұрыс пайдалану тұрғысында қордаланып қалған мәселелер жеткілікті. Әсіресе, ол облысымыздағы мәдениет пен өнер саласында жиі кездеседі. Солардың бірқатарына тоқталуды жөн санадым.

Бірінші мәселе. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің құрылғанына былтыр 70 жыл толды. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ Тәттімбет өнер ордасынан белгілі композитор, КСРО Халық әртісі Александра Пахмутова, бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Баспақова сынды т.б. өнер-мәдениет майталмандары түлеп ұшты.

Көшпеген ғимараты, тоздырмаған табалдырығы жоқ өнер колледжінің іргесі 1952 жылы қаланған. Бай тәжірибесі мен қалыптасқан дәстүрі бар аталмыш колледж – кеншілер қаласының кәсіби өнер мамандарын оқытатын жалғыз оқу орны. Күні бүгінге дейін облыстың мәдениет және білім мекемелеріне кәсіби мамандарды даярлап келеді.

Аталған өнер ордасы сол кездегі аймақ басшылығының шешімімен облыстық сотқа берілді, бұл шешімнің қате екенін уақыт көрсетті. Бұқар жырау даңғылының бойында орналасқан кең сарайдай керемет ғимаратынан айырылған колледж сол кездегі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Гоголь көшесіндегі оқу ғимаратына, одан кейін Фармацевтика институты мен қан орталығы болған ғимараттарына қоныс аударды.

Табан тоздырған тоқтаусыз қоныс аудару мәселесі осыдан бес жыл бұрын шешімін тапқандай болды. Сол кезде Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты деген мандатымды пайдаланып, бұл мәселені депутаттық сауал арқылы биік мінберлерде көтеріп, колледждің ұжымы мен өнерлі жастардың жан айқайын билікке жеткіздім. Сол кезеңдегі шешім бойынша Сәбит Мұқанов көшесінде орналасқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқу корпусы берілді.

Ол уақытта Бөкетов университетінде тоғыз мыңдай студент білім алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 14 мыңға жетті. Университеттің қазіргі контингентін дәрісханалармен қамту үшін колледжге берілген ғимараттың қажет екені жасырын емес.

Қазіргі таңда университет Тәттімбет атындағы өнер колледжімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады. Алайда, Тәттімбет өнер колледжін бітірген түлектер мамандықтары бойынша жоғары білім алу үшін басқа қалаларға кетуге мәжбүр.

Сондықтан да, Бөкетов университеті келесі оқу жылында ғылыми-педагогикалық, кәсіби тәжірибеге негізделген қызметті жүзеге асыру үшін іргелі және қолданбалы білімі, зерттеу дағдылары бар жоғары білікті, бәсекеге қабілетті педагогті даярлау мақсатында жаңа мамандықтар ашу жөнінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсыныс берді. Олар: қосымша білім беру педагогі (білім беру ұйымдары жанындағы секциялар мен үйірмелердің педагогі), педагог-ұйымдастырушы, қосымша білім беру ұйымының/оқу-әдістемелік орталықтың әдіскері, жаттықтырушы, тьютор, репетитор, фасилитатор, аниматор, арт-менеджер, мәдени ұйымдастырушы (білім беру ұйымдарында), педагог-кәсіптік бағдар беруші.

Тәттімбет өнер колледжіне «Жоғарғы колледж» немесе «Өнер академиясы» деген атақ берілсе және заманауи концерттік залы бар ғимарат салынса, мәртебесі артар еді.

Екінші мәселе. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі қалалық цирктегі аңдармен қоңсы қонып отыр. Осы дәйектемелердің өзі-ақ Қарағандыдағы мәдениет саласының кенжелеп қалғанының айқын көрінісі.

Облысқа келген Қазақстан мен жақын және алыс шетел жұлдыздарының концерттері сыйымдылығы жағынан ең үлкен Цирк ғимаратында өтуі ұят екені айтпасада түсінікті. Үлкен концерттік зал салынып, оның ғимаратына Қарағанды облысының филармониясы орналасса құба-құп болар еді. Қаламыздағы Кеншілер мәдениет сарайының сыйымдылығы небәрі 700 орын. Бұл ғимаратта облыстық Мәдениет басқармасының отыруы мәдени ошақтың шығармашылық процесін. тежейтінін айтпаса да ұғынықты.

«Мәдениеттің мәйегі – кітап» деп Шерхан Мұртаза ағамыз кітапқа өзінің шынайы бағасын берген екен.

Үшінші мәселе. Мәдениет саласының маңызды бөлігін кітапхана қызметі құрайды. Еліміздегі кітапханалар әрқашан ағарту, біліми және бос уақытты өткізетін мәдени ошақ болып есептеледі.

Бүгінде облыс кітапханалары өз жұмыстарында барлық тұрғындарға ұлттық және халықаралық заманауи ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өз жұмыстарында жаңа технологияларды қолданады.

Дегенмен, кітапханалық қызметтің дамып, алға жылжуына кедергі болатын бірқатар мәселе бар.

Тұрғындардың өмір сапасын арттыру жағдайында кітапхананың ішкі ортасы мен дәстүрлі технологиялары пайдаланушылардың көңілінен шықпайды. Оқырмандар заманауи ғимаратқа келіп, ыңғайлы, жабдықталған жерде жұмыс істеп, демалып қайтқылары келеді. Ал, бүгінгі күні қаламыздың бас кітапханасы – Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Сән үйі» ретінде жобаланып салынған ғимаратта 1969 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Ғимараттың аумағы кітапханаларға ақпараттық, біліми және мәдени орталық ретінде қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Осыған орай, Қарағанды облысында жаңа үлгідегі заманауи кітапхана ғимаратын салу өте маңызды. Жаңа кітапхана ғимараты барлық заманауи талаптарға сай бола отырып, көпсалалы зияткерлік орталық ретінде қызмет көрсетіп, көрме және оқу залдарымен, лингафондық және дәріс кабинеттерімен, интернет аудиториялармен, құжаттарды қалпына. келтіретін шеберханалармен, арнайы жастар мен балалар бөлімдерімен жасақталуы тиіс. Осылардың арқасында оқырмандарға жайлы жағдай жасауға мүмкіндік болар еді. Бұл ғимарат «Ғылым ғибадатханасы» деп аталса құба-құп.

ЮНЕСКО-ның заманауи кітапханаларының дамуы туралы тұжырымдамасына сәйкес әр 10 жыл сайын кітапхана қорлары 10-20%-ға өсіп отырады.

Бұқар жырау ауданының орталық кітапханасы екі бөлек ғимаратта орналасқан, бұл жағдай негізгі. құрылымдардың жұмысының үйлесімділігін қиындатады.

Абай, Шет аудандары мен Саран қаласының орталық кітапханаларының қорлары мен бөлімдері аумағы өте тар ғимараттарда орналасқан. Бос орындардың жоқтығы жаңа шығармашылық алаңдарды ашуға бөгет болады.

Абай атындағы балалар мен Мұхтар Әуезов атындағы қалалық кітапханалары тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан.

Кітапхана қорының өсу қарқынын және кітапхананың облыстағы ірі әлеуметтік-мәдени мекемесі ретіндегі ролін ескере отырып, архитектуралық әрі кітапханалық стандарттарға сай жаңа кітапхана ғимаратын жобалау және салу мәселесін шешу қажет.

Ең бастысы, жаңа үлгідегі заманауи кітапхана облыс пен қаланың зияткерлік және мәдени ортасын қалыптастыратын көпсалалы орталығы болып, Қарағанды облысының мәдени әлеуетінің көтерілуіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

Төртінші мәселе Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы бойынша. Қарағанды облысындағы жалғыз көркемсурет мұражайы 1988 жылы ашылды. Бұл мұражайда 10 мыңға жуық коллекция жиналған. Мұражайдың Алтын қорында 40-тан астам еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің және Қазақстан мен ТМД елдерінің, 30 Халық суретшілерінің туындылары бар. Олардың қатарын қарағандылық шеберлер сыйға тартқан туындылар толықтырып тұр. Сондай-ақ, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері М.Әбілқасов, В.Крылов, суретшілер П.Антоненко, П.Реченский, Р. Есиркеев, В.Шамшин, П.Андреюктің туындылары бар.

Осы құнды дүниелерді келер ұрпаққа жеткізу басты мақсат болып қалуы керек. Бірақ, бұл мақсатқа жету қиынға соғып тұр. Бұл мекеметұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқандықтан, су басып қалу қаупі күшейіп, құнды дүниелерге өз зардабын тигізуі әбден мүмкін. Демек, облыстағы жалғыз бейнелеу өнері мұражайына да жеке ғимарат керек.

Бесінші мәселе архивке қатысты. Архивтен елдің дамуына қатысты мол тарихи мәлімет алуға болады. Бірақ аталған деректердің қауіпсіздігі, уақыт өте келе тозып, жарамсыз күйге түспеуі үнемі күтім, желдету, қажетті температураны сақтау, өрт қауіпсіздігі сияқты шаралар қажет.

Архивтердегі құжаттарға сараптама жүргізіп, оларды ғылыми айналымға енгізу бойынша нақты қадамдар жасалуы тиіс. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы 2018 жылы 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде жасаған үндеуінде. «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы» деген болатын. Ал, бұл комиссияның толыққанды жұмыс істеуі үшін аталған архив құжаттарының маман-зерттеушілер үшін ашық болғаны жөн.

Қарағанды облысының архив мекемесіне жаңа ғимарат керек. Жаңа ғимаратта ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік беретін жағдай жасалуы қажет. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, кеншілер астанасының рухани саласындағы кейбір түйткілді мәселелерді жіпке тіздік. Асылы, бұл проблемалардың шешім табуына жалғыз облыс басшылығы ғана емес, жалпы қоғам, оның ішінде белді компаниялар мен белгілі кәсіпкерлер және белсенді азаматтар да аса мүдделі болуы керек деп санаймын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де дәл осындай жауапты кезеңде бой көрсетуі керек. «Жұмыла көтерсе, жүк жеңіл» деп қазақ тегін айтпаған.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

Ұлттық құрылтайдың мүшесі,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button