Сәкен театры маусымды әсерлі қойылыммен аяқтайды
Қазақстандағы театр өнері кейінгі жылдары көрерменін қайта тауып, жаңа тыныс ала бастады. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 74 театр бар. Оның 79,7 пайызы мемлекет меншігінде. Театрлар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мегаполисте 22 театр жұмыс істейді. Ал, Астанада – 10, Шымкентте 6 театр бар. 2024 жылы еліміздегі спектакльдерді 3 млн көрермен тамашалап, бір жыл ішінде 2553 қойылым сахналанған. Бұл – театрдың бүгінгі қоғамдағы орны әлі де салмақты екенін көрсететін дерек. Дегенмен, әр өңірдің өз сахнасы, өз мектебі, өз көрермені бар. Сарыарқаның мәдени кеңістігінде сондай қара шаңырақтың бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры.

Тарихы 1932 жылдан басталатын бұл өнер ордасы алғашқыда жұмысшы жастар театры – ТРАМ деп аталған драма үйірмесінің негізінде құрылған. Театрдың қалыптасуына кәсіби білімі болмаса да, өнерге құштар жастар ұйытқы болды. Кейін Мәскеуде режиссерлік курсты тәмамдаған Сейфолла Телғараев келіп, шығармашылық ұжымның кәсіби бағыт алуына ықпал етті. Театр шымылдығы Атығай Шаниннің «Зәуре» пьесасы бойынша қойылған спектакльмен ашылған еді. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтіп, Сәкен театры Сарыарқа жұртының рухани ошағына айналып үлгерді.
Бүгінде театр репертуары жыл сайын жаңа қойылымдармен толығып, классикалық туындыларды заманауи сахналық шешіммен ұсынуға ден қойып келеді. Соның бір айғағы – әлем әдебиетінің жауһары, Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы.
Ғасырлар өтсе де өзектілігін жоғалтпаған бұл шығарма Веронадағы екі жастың махаббат хикаясын ғана баяндамайды. Онда өшпенділік пен сезім, отбасы тартысы мен жеке таңдау, қоғам қағидасы мен адам еркіндігі арасындағы қайшылық қатар өріледі. Сондықтан «Ромео мен Джульетта» қай дәуірде сахналанса да, жаңа көрерменмен жаңаша тілдесетін шығарма.
Сәкен театры 94-маусымын осы қойылыммен түйіндеуді жоспарлап отыр. Спектакль Әбіш Кекілбаев пен Нығмет Баймұхаметов аударған нұсқа негізінде сахналанған. Қойылымның шығармашылық құрамына Мәскеудегі ГИТИС мектебінің өкілдері де атсалысты. Режиссер – Александр Недомолкин, продюсер – Альберт Горбачев, композитор – Иван Дерендяев, қоюшы суретші – Микеля Шмаевич, хореограф – Александра Кульбарисова, музыкалық жетекші – Серікжан Айтқали.

Қойылымның ерекшелігі – оның саунд-драма үлгісінде ұсынылуы. Бұл бағытта музыка дайын фон немесе қосымша көркемдеу құралы ғана емес, сахналық әрекеттің өзегіне айналады. Дыбыс, ырғақ, қимыл, актер тынысы, кеңістік пен декорация бір бүтін көркем жүйе ретінде қызмет етеді.
Маусым басында қойылымның дайындық барысы туралы режиссер Александр Недомолкинмен сөйлескен едік. Оның айтуынша, қазақ сахнасында Шекспирді қазақ тілінде қою – шығармашылық топ үшін де, актерлер үшін де бөлек тәжірибе.
– Ең қызығы, қоюшы команда Ресейден келді, ал театр – қазақ ортасы, қойылым да қазақ тілінде өтеді. Бұл – біз үшін ерекше шығармашылық байланыс. Шекспирдің қазақ тілінде сахналануы мен үшін де тың тәжірибе. Құрамдағы актерлердің көбі жас. Сонымен бірге қойылымға әртүрлі буын өкілдері қатысады. Саунд-драма әдісі әлемдік театр кеңістігінде жиырма жылға жуық қолданылып келе жатқанымен, әр театр үшін ол жаңа ізденіс, жаңа тәжірибе. Бұл жанр көрерменді де бейжай қалдырмайды деп ойлаймын, – дейді режиссер.
Шығарма мәтініне үлкен өзгеріс енгізілмеген. Дегенмен, сахна заңдылығына сай кей тұстар ықшамдалып, кей эпизодтардың орны ауысқан. Режиссер мұны классикалық көлемді шығармаларды сахналаудағы табиғи үдеріс деп түсіндіреді.

– Негізгі мәтін сақталды деуге болады. Әрине, сахнада кейбір қысқартулар, орын ауыстырулар болады. Бұл – үлкен шығармаларды қою барысында жиі кездесетін қалыпты жағдай. Бастысы, туындының ішкі өзегі, драмалық қуаты сақталуы керек, – дейді Александр Недомолкин.
Режиссер үшін бұл шығармадағы басты ұғым – шартсыз махаббат. Ромео мен Джульетта бір-біріне қас екі әулеттің өкілі бола тұра, аз уақыт ішінде тұтас ғұмырға татитын сезімді бастан кешіреді. Олар бес күннің ішінде ғашық болады, айырылысудың азабын көреді, жақынын жоғалтады, ақырында сол сезім жолында құрбан болады.
– Ромео мен Джульеттаның тарихы – махаббатқа ессіз берілген екі жастың тарихы. Бір адамның бүкіл өмірінде бастан кешіре бермейтін оқиғасын олар санаулы күнде өткереді. Бір-біріне жау әулеттен шықса да, ғашық болады. Бірі жақынынан, бірі досынан айырылады. Соңында екеуі де көз жұмады. Мен бұл тарихты шартсыз махаббат деп бағалар едім, – дейді режиссер.
Сахналық шешімде ортағасырлық Верона нақты тарихи көшірме ретінде емес, символдық кеңістік ретінде ұсынылады. Декорацияда металл материалының қолданылуы да кездейсоқ емес. Ол бірде қамал, бірде сарай, бірде қатаң қоғамның суық қабырғасы секілді әсер береді. Металл дыбысы, қоңырау үні, сахнадағы ырғақ – бәрі де көрерменді сол дәуірдің қатал атмосферасына жетелейді.

– Декорация бір қарағанда үлкен сарай ма, әлде қамал ма – нақты анықтала бермейді. Оның ерекшелігі де осында. Біз ортағасырлық кеңістіктің символы ретінде металды пайдаландық. Металл дыбысы, қоңырау, сахнадағы ырғақ – бәрі сол заманға көпір іспетті. Бұл қойылымда актерлер мен музыканттардың бірлескен жұмысы өте маңызды, – дейді Александр Недомолкин.
Саунд-драма актерден тек мәтін айту шеберлігін ғана талап етпейді. Мұнда актер – әрі орындаушы, әрі ырғақты сезінуші, әрі сахналық атмосфераны жасаушы тұлға. Режиссердің айтуынша, дайындық барысында музыкалық құрылым кейде аяқ астынан туындап, актерлердің ішкі сезімімен сабақтасып отырған.
– Саунд-драма – бірінші кезекте актердің жан-жақты мүмкіндігін ашатын репетициялық әдіс. Актер сахнада тек рөл орындаушы ғана емес, ол музыкант та, режиссер де, сценограф та, композитор да бола алады. Біз дайындық кезінде қалыптастырған атмосфера, музыкалық палитра көрерменге әсер етеді деп сенемін. Бұл қойылым – бүкіл команданың бір-бірімен тығыз байланысының нәтижесі, – дейді режиссер.
Шығармашылық топ үшін басты сынақтардың бірі тілдік кедергі болған. Дегенмен, режиссер бұл қиындықты кемшілік емес, жаңа мүмкіндіктің көзі ретінде қабылдағанын айтады. Өйткені сахнада сөзбен қатар қимыл, ым, эмоция, ырғақ та сөйлейді.

– Әрине, тілдік барьер болды. Оны жасырудың қажеті жоқ. Бірақ дәл осы жағдай бізге бір-бірімізді ыммен түсінуге, қимылмен жеткізуге, эмоция арқылы сезіндіруге жол ашты. Егер біз бұл жұмысқа қаншалықты берілсек, ол соншалықты жемісін береді. Көрерменді мықты қойылым күтіп тұр деп ойлаймын, – дейді Александр Недомолкин.
«Ромео мен Джульетта» десе, көрерменнің ойына бірден әйгілі қылтима сахнасы оралады. Режиссер бұл көріністің де қойылымда өз шешімін табатынын жеткізді. Классикалық үлгідегі балкон дәл қайталанбағанымен, декорация арқылы оның поэтикалық әсері беріледі.
Маусым бойы театр көрермендері бұл қойылымға ерекше ықылас танытты. Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads пен Instagram кеңістігінде спектакль туралы жылы пікірлер жиі жазылды. Көрерменді баурағаны – жас актерлердің еркіндігі, музыкалық шешім, сахналық жарық, пластика және классикалық мәтіннің бүгінгі көрерменге жақын тілмен жетуі.
Шекспир трагедиясындағы:
«Дұшпаныма ғашық боп, өз сорыма,
Кер тағдырдың түстім ақыр торына.
Енді қайдан ашылады маңдайым,
Бал орнына у аңсаса таңдайым…», – деген жолдар екі әулеттің өшпенділігі арасындағы қос ғашықтың тағдырын тереңдете түседі. Бұл – жай ғана махаббат оқиғасы емес, қатыгездікке қарсы сезімнің, өшпенділікке қарсы адалдықтың, қоғам қыспағына қарсы адам жүрегінің трагедиясы.

Маусымның жабылуы – театр үшін есепті кезеңнің аяқталуы ғана емес, көрерменмен тағы бір рухани жүздесу. Ал Сәкен театрының бұл маусымды «Ромео мен Джульеттамен» түйіндеуі – шығармашылық ұжымның классикаға жаңа көзқараспен қарауға ұмтылғанын көрсетеді.
27 маусым күні Бұқар жырау даңғылы, 25/1 мекенжайында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында маусым жабылуы өтеді. Көрерменді әлемдік классика, қазақ тіліндегі Шекспир, саунд-драма үлгісіндегі жаңа сахналық ізденіс және махаббаттың мәңгілік сұрағы күтіп тұр…
Алтынай ТОБЫЛҒИЕВА
ҚарҰЗУ ІІІ курс студенті



